Баспасөз мәжілісінде департамент басшысы білім беру ұйымдары педагогтарының құқықтарын қорғау және педагогикалық әдеп мәселелері жөнінде сөз қозғады.
– Елімізде алғаш рет 2019 жылы «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Ал 2020 жылы осы заңды іске асыру бойынша 36 нормативтік акті қолданысқа енді. Яғни, аталған заң аясында мұғалім құқығына нұқсан келтірген жауапты тұлғаларға қатысты нақты шаралар қабылданып отыр. Сонымен қатар биыл департамент жанынан «Білім беру ұйымдары педагогтарының құқықтарын қорғау және педагогтік әдеп мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органы» құрылды. Бұл алқалы кеңес мұғалімдердің педагогикалық әдеп сақтау мәселелерін қарайды, – деді Н.Шамшиева.
Спикердің сөзінше, педагогтардың құқықтарын бұзу, оларға тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүктеу, кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту және ақпарат немесе есеп талап ету фактілері болған жағдайда лауазымды тұлғаға ескерту түрінде шара қолданылады. Егер бір жыл ішінде қайталанса, 20–120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Одан бөлек, мұғалімдердің шамадан тыс есеп беру мәселесін түбегейлі шешу мақсатында педагогтар жүргізетін міндетті құжаттардың тізбесі бекітілген. Сондай-ақ, тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагогтарға қойылатын талаптар негізінде ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымша ақы төленеді.
Брифинг барысында Нұргүл Ақылбекқызы департамент жанынан құрылған Кеңес мүшелері жоспарға сай жұмыс атқарып отырғанын тілге тиек етті. Осы орайда алдағы уақытта білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтіліп, «Педагог мәртебесі» туралы заң аясында кеңес жұмыстары жанданатынын жеткізді.
Айта кетейік, кеңес қызметі ҚР «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» заңдарына, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады. Яғни объективтілік, әділдік және әдептілік қағидаттарын басшылыққа алады.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат