«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының IV маусымы қорытындыланды. 3 мыңға жуық қатысушының арасынан Шымкент қаласы М. Х. Дулати атындағы үш тілде оқытатын ✓8 мамандандырылған мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Керимбекова Роза Аршабайқызы үздіктер қатарынан көрінді.
Жеңімпаздарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, өз дарынымен көпшілікті мойындата білген, мемлекетімізді өркендетуге айрықша үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Президент терең білімін озық тәжірибемен ұштастыра білген отандастарымыздың еңбегін ерекше атап өтті. Тәуелсіздік кезеңінде өсіп жетілген буынның қарым-қабілетін жоғары бағалады.
«Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса маңызды мемлекеттік міндет. Еліміздің болашағы дарынды, отаншыл жастардың қолында болуы керек. Солай боларына кәміл сенемін. Осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі реформаларды міндетті түрде жалғастырамыз», – деді Мемлекет басшысы.
2017 жылдан бері «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына 7,5 мың адам қатысып, талай талантты, талапты қазақстандықтардың есімін таныдық.
«Жүз жаңа есім» жобасы қазақстандық арманның анық іске асқанын көрсетеді. Әрбір талантты, еңбекқор, мақсатшыл адам осы заманның батыры және ұлт мақтанышы бола алады. Сіздер сияқты табысты азаматтар неғұрлым көп болса, еліміздің бәсекеге қабілеті соғұрлым арта түседі. Халқымыздың мерейі де үстем болады. «Жүз жаңа есім» жобасының мақсаты да – осы. Қазіргі заман – білім мен ғылымның дәуірі. Санасы сергек, ойы ұшқыр жастарды ел үшін аянбай еңбек етуге шақырамын. Бұл сіздердің қолдарыңыздан келеді. Мен Қазақ елінің жастарына сенемін!» – деді Қ. К. Тоқаев.
Биылғы маусым жеңімпазы, төрге шыққан шымкенттік ұстаз Роза Аршабайқызы талай республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарын дайындаған білікті маман.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат
.