Сәрсенбі, 19 Мамыр 2021 15:03

Шымкент: Республикалық олимпиада жүлдегерлері марапатталды

Шымкентте «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың төртінші (қорытынды) кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Ел аумағында бір мезетте ұйымдастырылған марапаттау рәсіміне zoom бағдарламасы арқылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы қатысып, дарынды оқушыларды құттықтады.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті базасында өткен жиынға арнайы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан сөз алып, дарынды жастарға сәттілік тіледі.

- Бүгін біз қала мектептерін республика көлемінде танытуда өз үлестерін қосып жүрген білімді де дарынды, өнерлі де талантты шәкірттерімізді мақтан ете отырып марапаттау үшін жиналып отырмыз. Атап айтар болсақ, 2021 жылғы өткен республикалық олимпиадада Шымкент қаласының 31 шәкірті жүлделі орындарға ие болды. Қаламызда 6 мектеп еліміздегі ең үздік 100 мектептің қатарына енуде. Бұл біздің оқушыларымыздың жеңіс тұғырынан көріне білуі. Дарынды жас елдің болашағы, баға жетпес қазынасы. Болашақта егеменді еліміздің тарихын арқалап, болашағын айқындайтын дарынды жастар мына сіздер. Сіздердің қаламыздың абыройын асқақтатып, қаламызға қосқан үлестеріңізбен мақтанамыз! - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Марапаттау рәсіміне арналған жиында қалалық білім басқармасы басшысы Жанат Тәжиева, М. Әуезов атындағы ОҚУ КеАҚ басқарма төраға-ректоры Дария Қожамжарова, педагогика ғылымдарының кандидаты, қалалық Дарын орталығының директоры Раушан Джеренова

білім бәйгесінде оза шапқан шымкенттік өрендерге сәттілік тіледі.

Олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өткізілді. Онда үшінші мегаполистің намысын қорғап, қала атынан 100 оқушы сайыста бақ сынады. Нәтижесінде қатысушылардың 31-і жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде, 2 алтын, 11 күміс, 18 қола медаль бар.

Сондай-ақ, аталған республикалық олимпиаданың нәтижелері бойынша үшінші мегаполистің бес мектебі Қазақстанның 100 үздік мектептебіне енді. Атап айтсақ, Шымкент “Білім-Инновация” ер балалар лицей-интернаты,

химия-биология және физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері, Абай атындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп гимназиясы , М.Х. ДУЛАТИ атындағы №8 мектеп гимназиясы топ жарып, үздік атанды.

Білім додасы пандемия жағдайын ескере отырып, "бір оқушы - бір компьютер - бір камера" қағидасы бойынша ұйымдастырылды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 450 рет