Дүйсенбі, 14 Маусым 2021 22:11

Мақтаарал: Құрылысы аяқталған С.Датұлы мектебі жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек

Түркістан облысының БАҚ өкілдері Мақтаарал ауданына пресс-турмен келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты.

Тілшілер қосынының ең бірінші барған нысаны - Жаңажол ауылдық округіне қарасты Арайлы ауылындағы құрылысы аяқталған С.Датұлы мектебі. Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков бұған дейін ыңғайластырылған ескі ғимаратта 3 ауысыммен оқыған Арайлы ауылының балалары ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап 200 орындық жаңа білім беру ұясынан табалдырық аттайтынын қуанышпен мәлімдеді.

Ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысымен мердігер "КазМедеоГранд" ЖШС тарапынан құрылысы жүрген нысанының жалпы конкурстық құны 533 миллион теңгені құрады. Жаңа мектептің аумағы 1,6 гектарды, жалпы ғимараттың ауданы 2341,91 м2-ты құрады.

Мектепте физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, мектептің спорт залы, тігін шеберханасы, асханасы да заманауи үлгіде жабдықталған. Жаңа ғимараттың арқасында ауыл оқушылары түрлі спорттық, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамыта алады.

Мектептің ішін аралап көрген тілшілер құрылыстың сапасына мән беріп, базалық-техникалық жабдықталуына жоғары баға берді. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Б.Төребековпен және ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Б.Анарбековпен сұхбаттасып, сұрақтарына жауап алды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Мақтаарал ауданында 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл - аудан тарихының құрылыс саласындағы рекордтық көрсеткіші. Тіпті, іріленген Мақтаарал ауданы кезінде де бір уақытта мұншалықты көп мектептің құрылысы жүргізілмеген. Cалынып жатқан мектептердің барлығы пайдалануға берілсе, аудандағы ыңғайластырылған мектептердің мәселесі толығымен шешілмек.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 445 рет