Мектеп бітіруші түлектерге білім туралы құжатты салтанатты түрде табыстауға арналған жиынға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, түлектерге ізгі тілегін арнады.
"Сіздер жаңа өмірге қадам жасай отырып, білім шыңын бағындырудағы келесі кезеңдерде табандылық танытуларыңыз керек. Жаңа заманға лайықты білім алып, елімізге, жерімізге пайдасы тиетін мықты маман болып қалыптасу жолында ешқашан берілмеңіздер. Сонда ғана біздің бірден бір Отанымыз - Кең байтақ Қазақстанымыздың Тәуелсіздігі мәңгілік сақталады!" - деді Бақыт Насырханұлы.
Мұнан соң аудан басшысы бірнеше үздік түлекке қызыл аттестат пен "Алтын белгі" төсбелгісін табыстап, көзінен ұшқын жалындаған әрбір жасқа үмітпен қарап қолын алды. "Мақтаарал" мектеп гимназиясында өткен іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Жалпы Мақтаарал ауданының білім ұяларының қатысуымен "Қайырымдылық істер күні", "Пайдалы іс-өзіңе ырыс", "Аялайық табиғатты бәріміз!", "Ағаш отырғызу" акциялары өтті.
Айта кетейік, биылғы оқу жылының қорытындысымен Мақтаарал ауданынан 97 алтын белгі, 108 үздік аттестат шықты.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат