Сәрсенбі, 04 Тамыз 2021 11:28

Түлкібас: Жаңа оқу жылында екі мектептің қосымша ғимараты пайдалануға беріледі

Аудан әкімі Н.Байғұт және мәслихат хатшысы С.Сейсенбаев аудан аумағындағы іске асып жатқан құрылыс нысандарын аралап, сапасын бақылады.

Бірінші кезекте аудан басшысы аудан орталығында бастау алған 300 орындық Майлыкент мектебінің құрылыс алаңында болды.

Заманауи типтік мектептің құрылысы ағымдағы жылдың шілде айында бастау алған. Іргетасын дайындау мақсатында жер қазу жұмыстары жүзеге асуда. Нысан келесі жылға өтпелі.

Келесі кезекте аудан әкімі мен мәслихат хатшысы Балықты ауылына табан тіреп, жаңадан соғылған Балықты-Абай бағытындағы көпірдің сапасын бақылады.

Ағымдағы жылдың мамыр айында бастау алған нысан құрылысы бүгінгі таңда 100 пайызға аяқталып отыр. Бұл көпір екі жақ шетінде орналасқан қос елді мекен тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселесі еді. Сонымен қатар, көпірді пайдаланушы тұрғындар өтінішіне сәйкес, нысанның қыр жақ беткейіне су ағатын науалар қойылып, көлік жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін қауіпті аймақтарға арнайы қоршаулар орнатылды (колесоотбойный брус).

Содан соң, аудан әкімі Абай ауылындағы Алтынсарин мектебінде болып, бұл жердегі 150 орындық қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстарын бақылады. Өткен жылдан өтпелі болып іске асып жатқан нысан құрылысы биылғы жаңа оқу жылына аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Нысанды толық аралап шыққан аудан әкімі құрылыс жұмыстар сапасын сынға алып, жауапты мердігерге кемшілік тұстарын ретке келтіруді жүктеді.

Бұдан соң аудан әкімі жұмыс сапарын Машат ауылына қарасты Еңбекші ауылында жалғастырды. Бұл жерде аудан басшысы елді мекен орталығынан бой көтеріп жатқан 150 орындық Тұрсынбеков мектебінің құрылыс жұмыстарын бақылады.

Жоғарыда аталып өткен 300 орындық Майлыкент және Тұрсынбеков мектебінің құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі. Биыл білім мекемелерінің қабырғалары көтеріліп, шатырын жабу жұмыстары жоспарланған.

Аудан басшысы қос мектептің құрылысының сапасы мен бекітілген кестеге сай жүзеге асуын, аудандық құрылыс бөлімінің басшысына тапсырды. Құрылыс заттарын тасымалдау барысы елді мекен көшелеріне залалын тигізбеу керектігін айтып, тасымалдау жұмыстарын ауыл сыртындағы тас жолдармен ұйымдастыруды тапсырды.

Аудан әкімі жұмыс сапарын аудан орталығынан шалғай жатқан Сеславино ауылында аяқтады. Елді мекен атау берілген мектептің құрылыс жұмыстарын бақылап, кемшілік тұстарын реттеуді ескертті. Өткен жылдан өтпелі болып іске асып жатқан мектепті қайта құрылымдау және қосымша 150 орындық ғимарат құрылысы бүгінгі таңда 90 пайызға жетіп отыр. Нысан жаңа оқу жылында беріледі деп күтілуде. Нұрлан Мархабатұлы мектеп аумағына қатысты біршама кемшіліктер айтып, жауапты мердігерге ретке келтіруді тапсырды.

Құрылыс және адами әлеуетті дамыту бөлімі тарапынан нысан құрылысы бекітілген мерзімге сай жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі қадағаланатын болды. 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 485 рет