Сейсенбі, 27 Шілде 2021 15:07

Бір орынға үш үміткер: Арыста лицейге құжат қабылдау жалғасуда

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков пен Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының "Абай атындағы «Білім-инновация» ер балалар лицей интернатының директоры Еркін Тұрлыбековті қабылдады.

Кездесуде білім мекемесінің алдағы оқу жылындағы жұмыс-жоспары талқыланды. Сонымен қатар, балалардың интернатта жатып, жан-жақты білім алуына қатысты мейлінше жағдай жасаудың жай-күйі айтылды.

«Білім ордасының қайта құрылымдаудан өтіп, лицей интернат ретінде іске қосылуы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің арнайы қаулысы негізінде жүзеге асты. Оның үстіне балаларға төрт тілде білім берілетіндіктен, оқу ордасына облыстың ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ата-аналардың қызығушылы артып отыр. Сондықтан да бұл мектептің даму деңгейі жоғары болуы тиіс. Ал біз жергілікті атқарушы орган ретінде қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Сондай-ақ, Арыс қаласы мен қала маңында тұратын балалардың да аталған оқу орнында білім алуына мейлінше жағдай жасағанымыз жөн», – деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.

Айта кетейік, бүгінгі "Абай атындағы «Білім-инновация» ер балалар лицей интернатында оқуға үміткерлерден өтінім қабылдау жүріп жатыр. 7-8 сыныпқа құжат қабылдау 10 тамызға дейін жалғасады. Оқу орнында қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінде білім беріледі.

Қазірге дейін республикамыздың барлық қаласынан лицей-интернатқа түсу үшін 452 үміткер-оқушы тіркелді. Ал қабылданатын бала саны – 150. 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 546 рет