Жылдағы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңында өткен Түркістан облысының педагог қызметкерлерінің тамыз кеңесінде атқарылған жұмыстарға талдау жасалынып, алдағы жаңа оқу жылына қойған мақсат-міндеттер сараланды. Кеңеске онлайн режимде өңірдің барлық ұстаздары және БАҚ өкілдері қатысты. Тамыз кеңесін ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов түркістандықтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, алдағы жоспарларға тоқталды.
«Бүгінгі күні – білім беру мазмұнына, оқушы тұлғасы мен педагог қызметіне деген көзқарастар өзгерген кезең. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Ел Үкіметі мен облыс әкімдігінің тапсырмаларына сәйкес облысымызда жаңа оқу жылына дайындық бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда, ұстаздың мәртебесін көтеру және материалдық жағдайын жасау республика деңгейінде көтеріліп, «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қадірлі ұстаздар қауымы! Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз – Еліміздің жарқын болашағы. Жаңа оқу жылының табыстары мен жетістіктері мол, шығармашылыққа толы, қуаныштары көп болсын!»,-деді ол.
Биылғы, жаңа оқу жылында 927 күндізгі орта білім беру ұйымында оқу процесі дәстүрлі форматта 516 740 оқушы оқиды деп күтілуде. Барлық оқу орындарында санитарлық нормалардың сақталуы ерекше назарға алынып, қажетті дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда, білім беретін 83 897 педагогтардың 71 809-на (95,6%), техникалық персоналдардың 27 560-на (96,6%) вакцинация егілді. Бұл көрсеткіш – 100%-ды құрайды.
2021-2022 оқу жылына ағымдағы жылдың 1-сәуірінен 31-шілде аралығында ата-аналарының өтініштерімен 47 266 бала 1 сыныпқа қабылданды. Алқалы жиын барысында биылғы жаңа оқу жылының жаңашылдығына тоқталған облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев:
«1 қыркүйек Білім күні мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған оқушыларға «Әліппе» мен «Букварь» оқулығы салтанатты түрде табысталатынын, сондай-ақ, оқушылардың тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық үлгідегі киімде де келе беруге мүмкіндік туды және бұл шешім тек қана осы оқу жылы үшін ғана қабылданды – деді.
Онлайн өткен кеңесте білім саласындағы жаңа технологиялармен, озық тәжірибелерімен бөлісуге келген 60-қа жуық қонаққа сөз берілді. Кентау көпсалалы колледжінің түлегі және жас маманы, шебер, облыс және республикалық Worldskills чемпионатының алтын медаль иегері Мақсат Тәліпхан, «Bilim Media Group» компаниясының атқарушы директоры Санжар Кенжеханұлы, сонымен қатар, «Айқанат» білім беру жобасының үйлестірушісі Сәуле Жарқынбекова баяндама жасады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат