Аталған келісім Қазақстан мен Түркия Республикасы арасындағы достық қарым-қатынасты негізге ала отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Мармара университеті арасындағы достық пен ынтымақтастықты арттыру және діни білім беру саласында жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.
«Келісім аясында ҚМДБ діни білім алуға ниетті қазақстандық талапкерлерді Мармара университетіне жолдай алады. Еліміздегі Нұр-Мүбарак Мысыр ислам мәдениеті университетінің оқытушылары мен Мармара университетінің оқытушылар құрамы арасында өзара тәжірибе алмасу мақсатында кездесулер мен курстар ұйымдастыру көзделеді. Дәрістер мен семинарлар ұйымдастыру үшін білікті дін ғалымдарымен тәжірибе алмасу да осы келісім аясында жүзеге асады. Аталған меморандум қол қойылған күннен бастап 5 жылға дейін күшінде болады», - деп мәлім етті ҚМДБ баспасөз қызметінен.
Екіжақты кездесу барысында тараптар діни білімнен бөлек әлеуметтік пәндерді де дамыту турасында келісімге келді. Бүгінде бұл университетте 124 қазақстандық шәкірт білім алуда. Ал жалпы алғанда оқу ордасында 80 мың студент бар.
«AQ-QARA.KZ-ақпарат»