Бейсенбі, 07 Сәуір 2022 20:22

Биылғы ҰБТ-да ерекше қажеттілігі бар тест тапсырушыларға 40 минут қосылады

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биылдан бастап оқушыларды тестілеу «1 компьютер - 2 камера - 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Яғни, оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан басқа, жеке тұлғаны сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін, оның дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдыңғы веб-камера орнатылған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

«ҰБТ-ның базасына «Қазақстан тарихы» пәні бойынша контекстік тест тапсырмалары қосылды. Бұл тапсырмалар терең білімді, ақпаратты талдау сияқты кең ауқымды дағдылар мен қабілеттерді бағалайды. ҰБТ тапсырған тестіленушілерге әрбір пән бойынша жеке тақырыптық талдау ұсынылады. Бұл талдау ҰБТ-ға түсушілердің дайындығын арттыруға және өздерінің білім деңгейін бағалауға көмектеседі.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де жағдайлар жасалды. ҰБТ-2022-де көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған ерекше қажеттіліктері бар балаларға қосымша тестілеу уақыты (40 минут) берілді. Сонымен қатар, олар үшін суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды», - деген жазбасында орталық басшысы.

Оның сөзінше, 2022 жылғы түлектерді қолдау мақсатында әрі ҰБТ-ға дайындықтарын оңтайлы ұйымдастыру үшін былтырғыдан да көп білім беру орталықтарының қатысуымен тегін онлайн сабақтар өткізілуде.

«2022-2023 оқу жылынан бастап IT бағыт бойынша оқуға түсушілер ҰБТ-да «Математика+Физика» орнына «Математика+Информатика» комбинациясын тапсырады. 2021-2022 оқу жылында бейіндік пән «Физика» болып қала береді, бұл ретте пилот ретінде талапкерлердің таңдауы бойынша биыл осы дайындық бағыттарына (наурыздағы ҰБТ кезінде) түсу үшін «Математика +Информатика» комбинациясын таңдау опциясы қосымша қолжетімді болды. Бұл комбинацияны наурыз айындағы тестілеу барысында 800-ге жуық адам таңдаған.

Алғаш рет еліміздің педагогтері үшін Ұлттық біліктілік тестілеуіне дайындалуға арналған кеңес берулер ұсынылды. Олар орталықтың YouTube арнасында сақталған», - деді Емелбаев.

Жазбада оқушылардың пікірін ескере отырып, биыл түлектерге білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өткізілетін маусым айындағы ҰБТ-ға 2 рет қатысу мүмкіндігі берілгені сөз болған. Негізгі ҰБТ-ның алдында психологиялық қолдау мақсатында талапкерлерге ҰТО-ның әлеуметтік желілердегі парақшаларында психологтың онлайн кеңестері жарияланады.

«ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеуді электронды форматта өткізу жоспарлануда. Сыртқы емтихандардың барлық түрлерін ұйымдастыру және өткізу жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғастырылатын болады. Біздің басты мақсатымыз – тестілеу процедурасының ашықтығын, академиялық адалдықты қамтамасыз ету», - деп жазды орталық басшысы.

 «AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 513 рет