Бейсенбі, 22 Қыркүйек 2022 07:35

Шымкент: Биыл магистратуралық білім беру бағдарламасына 65 мемлекеттік қызметші құжат тапсырды

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Нысанбаев Әділет Әділбекұлы брифинг берді.

«2022 жылы магистратуралық білім беру бағдарламасы бойынша білім алуға 65 мемлекеттік қызметші құжат тапсырды, бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 3 есе көп болды, себебі биыл оқуға қабылдау талаптарынан ағылшын тілін оқығандығы жөніндегі білімі туралы сертификат тапсыру алынып тасталынды. Қатаң конкурстық іріктеу нәтижесінде, 65 үміткердің ішінен оқуға тек 4 мемлекеттік қызметші қабылданды.

Оқытудан өткен мемлекеттік қызметшілермен кері байланысты күшейту мақсатында Филиал қайта даярлау курстарының және біліктілікті арттыру семинарлар бағдарламаларының сапасын жоғарылату мен мемлекеттік қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыратын құзыреттерді дамытуға қайта бағдарлау мақсатында постмониторинг жүргізіліп отырады»,- деді филиал басшысы.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалы мемлекеттік қызметшілер мен әкімшілік қызметкерлердің біліктілігін арттыру семинарлары мен қайта даярлау курстарын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы №125 Қаулысына сәйкес және мемлекеттік қызметшілердің сараланатын, негізгі құзыреттерінің бірыңғай шеңберіне негізделген, тәжірибеге бағдарланған оқу бағдарламалары арқылы жүзеге асырады.

Мекеменің ағымдағы жылғы 8 айында атқарған жұмыстарына тоқталған спикер, филиал базасында жыл басынан бері 481 адамның 5 қайта даярлау курстары мен 19 семинарда оқытылуы жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін нақты 660 мемлекеттік қызметшілер 31 біліктілікті арттыру семинарлары мен 5 қайта даярлау курстарынан өткен. Өз кезегінде қаламыздың мемлекеттік және әкімшілік лауазымды қызметкерлері жоғары білікті кәсіби маман ретінде қалыптасып, алған білімдерінің арқасында өз саласында жоғары құзыреттілігі бар маман болуына, сондай-ақ, олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететіндігін атап өтті.

Сонымен қатар, Жобалық менеджмент: ҚР СТ ISO 21500-2014 сертификаттауына дайындық бойынша мемлекеттік қызметшілерді оқыту бағдарламасы бойынша Шымкент қаласындағы жергілікті атқарушы органдардан 56 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырды, оның 26-ы сертификациядан табысты өтті.

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген мемлекеттік қызметшілер үшін 4 қайта даярлау курстарында 95 тыңдаушылардың стратегиялық ойлауы мен болашақ құзыреттіліктерін көтеруге, тиімді коммуникациялық дағдыларын арттыруға және өңірлік компоненттерге басымдық береді.

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған 16 мемлекеттік қызметшілерге арналған 1 қайта даярлау курстарында лауазымды тұлғалардың стратегиялық менеджмент және кқшбасшылық тұрғыдан, жобалық және цифрлық мемлекеттік басқару, тиімді коммуникациялық құзыреттіліктері мен өңірлік компоненттер сүйене отырып оқыту бағдарламасы құралады.

Дәрістерді филиалымыздың білікті профессорлары мен доценттері және арнайы конкурстан өткен тренерлер өткізеді.

Филиалда сабақ беретін оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен еңбек өнімдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Академияның Шымкент қаласындағы филиалы 2022 жылға магистратура және докторантура бойынша білім беру бағдарламаларына оқуға қабылдау туралы жұмысын кешенді түрде ұйымдастырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен бірлесе Шымкент қаласы әкімінің аппаратына, әкімдіктің 22 басқармасының мемлекеттік қызметшілеріне, орталық мемлекеттік органдарының аймақтық департамент қызметшілеріне 1 наурыз бен 23 шілде аралығында ақпараттық сессиялар, «Ашық есік» іс-шаралары, тікелей эфир, академияның түлектерімен және магистранттарымен кездесулер өткізілді.

Бұдан басқа, академияның магистратура және докторантура бойынша білім беру бағдарламаларына оқуға қабылдау ережелері туралы БАҚ-да мақала жарияланып, филиалдың сайтында және әлеуметтік парақшаларында оқуға түсу ережелерін орналастыру жүйелі түрде жүргізілді.

 

Оқылды 339 рет