Сәрсенбі, 28 Қыркүйек 2022 20:17

ШЫМКЕНТ: ПЕДАГОГТАР «HR-PROCESS» АРҚЫЛЫ ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАНАДЫ

Шымкентте 2020 жылы педагогтарды жұмысқа қабылдайтын цифрландыру жүйесі іске қосылған болатын. Бұл – республикада алғаш рет Шымкентте қолға алынған HR-Process жобасы. Биыл тамыз айында бағдарлама арқылы қаладағы барлық мектептен 362 бос жұмыс орнына конкурс жарияланып, оған 905 өтінім келіп түскен. Оның 201-і комиссияның оң қорытындысына ие болған. Қазіргі таңда осы жоба арқылы мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жүріп жатыр.

Мамандардың айтуынша, мұғалім болуға үміткерлер арнайы жүйеге кіріп, өзінің мамандығы бойынша жұмыс іздейді. Табылған жағдайда өтінім береді. Компьютер кімді таңдайды, сол адамның біліктілігін бағалау жүйесіне өткізеді. Тіпті, сынақта үміткерлердің білімін де компьютер саралап береді. Жүйедегі биылғы жылдың жаңалығы да осы болып тұр. Бұрын үміткер өтінім бергеннен кейін әңгімелесу үшін комиссия алдына келетін. Төрт маманнан тұратын комиссия мүшелері үміткерге білім, психологиялық, логикалық сұрақтар қойып, біліктілігін анықтайтын. Берген жауабына қарай комиссия балл қойып, ең жоғары ұпай жинаған үміткер мектепке мұғалім болып жолданатын. Биыл тамыз айынан бастап, әңгімелесу орнына онлайн түрде өзін-өзі бағалау жүйесі енгізіліп отыр. Бұл тәсіл ҚР Білім министрлігінің №57 бұйрығына сәйкес жаңаша жүзеге асырылуда.

– Өткен жылғы конкурстың екінші сатысында үміткер комиссия алдына әңгімелесуге келетін еді. Биыл тамыз айынан бастап комиссия өкілдері үміткермен әңгімелеспейді, тек компьютердің бағалауын растайды. Комиссия құрамында үміткер жұмысқа жолданғалы тұрған мектептің директоры, білім басқармасының өкілі, әдістемелік орталықтың маманы, қоғамдық ұйым заңгері және пән мұғалімі болады. Комиссия бағалау жүйесін растап болған соң, автоматты түрде байқаудың хаттамасы шығады,- дейді қалалық білім басқармасы жанындағы әдістемелік орталық директорының орынбасары Кенжегүл Сағындықова.

Онлайн байқауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында YouTube желісі арқылы тікелей түсірілім жүргізіледі.

Бірнеше жыл бұрын мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасу ең өзекті мәселенің бірі болатын. Цифрландыру жүйесі іске қосылғанға дейін тұрғындар «делдал қызметін» атқарып жүрген беймәлім адамдарға алданып қалған жағдайлар көп кездесті. «Hr-Process» жүйесі іске қосылғаннан кейін жоғары оқу орынын енді тәмамдаған жалынды жас мамандар үшін таптырмас мүмкіндікке айналды.

Кадр іріктеу барысында компьютер үміткерлердің білімінен бөлек, психологиясын саралай алмайды. Мұндай пікірді «Hr-Process» жүйесі арқылы үміткерлердің бағалау қорытындысын растап отырған комиссия өкілдері де алға тартуда.
Мамандардың айтуынша, үміткерлер жүйеге құжат жүктейтін кезде қателік жіберіп, байқау қорытындысына наразылғын білдірген жағдайлар да болған екен. Маман мұндай жағдайды цифрлық сауаттылықтың төмендігімен байланыстырады.
Айта өтсек, осы жылдың тамыз айында бағдарлама арқылы қаладағы барлық мектептен 362 бос жұмыс орны жарияланып, оған 905 өтінім келіп түскен. Оның 201 комиссияның оң қорытындысына ие болған. Ал, қыркүйек айында 184 бос орынға 1076 үміткер өтінім білдіріпті. Комиссия қорытындысы бойынша тек 75-і мектептерге жолданған екен.

 

Оқылды 336 рет