Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейде ҚР Президентінің Жолдауы аясында білім саласының қызметкерлерімен арнайы кездесу өтті. «Аманат» партиясы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық филиалының сектор меңгерушісі Мұхтар Ақбердиев және мектеп мұғалімдері Жолдауды жүзеге асыру мәселелерін талқылап, білім саласына жүктелген міндеттер бойынша өзара пікір алмасты.
М.Ақбердиев Президент Жолдауындағы білім саласын ілгерілету, адам капиталын дамытудағы басым бағыттарға жан-жақты тоқталды. Еңбекші ауданында бұл бағытта барлық бастауыш партия ұйымдарында кездесулер ұйымдастырылуда.
– Жолдау аясындағы тапсырмаларды орындау бойынша ауданда бастауыш партия ұйымдары, мектепке дейінгі мекемелер, мектеп мұғалімдері белсенділік танытып келеді. Еліміздің болашағы – жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер міндет ауқымды. Алдағы уақытта партия мүшелерімен бірлесіп, жұмыстар атқарамыз, – деді сектор меңгерушісі М.Ақбердиев.
Мектеп директоры А.Сарымсақова білім саласына қатысты нақты тапсырмаларды бірлесе орындау қажеттігін айтты. «Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген қанатты сөзді Мағжан ақын өте орынды айтқан. Адами капиталды дамытуда, Қазақстанның болашағын кемелдендіруде ұстаздың орны ерен. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауда көтерген мәселелерін жүзеге асыруда бір мақсат аясында топталуымыз қажет, - деді ол.
Жиында тарих пәнінің мұғалімдері Л.Мырзақұлова, И.Бақтыбаев білімді ұрпақты тәрбиелеу бойынша баяндама жасады.
Білім ордаларындағы жүздесу мұнымен шектелмейді. Мектепке дейінгі ұйымдар, мектептердегі бастауыш партия ұйымдары, медициналық мекемелерде кездесулер одан әрі жалғасын табады.