Жексенбі, 02 Қазан 2022 20:37

Отырар ауданының әкімі ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов ауданның, жалпы, еліміздің ұстаздарын кәсіби мерекелері – Ұстаздар күнімен құттықтады.

«Құрметті ұстаздар қауымы!Ардақты білім саласының ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлт ұстазы, қазақтың өткен ғасырдағы руханиятының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны - мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі Һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі - білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім»- депті. Арада қанша ғасыр өтсе де, Алаш арысының бұл сөзі әлі күн тәртібінен түскен жоқ.

«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» – демекші, ұстаздық – мәртебелі мамандық. Себебі ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастыратын ардақты тұлға. Атап өту керек, өткен оқу жылында ауданымыздағы білім беру ұйымдарындағы ҰБТ-ке қатысқан оқушы саны 648 болды. Оқушылардың тестілеудегі білім деңгейі жалпы орта балл - 70,85% құрады. ҰБТ-ның оңды нәтижесінде 301 бітіруші грант иегері атанды. 2022 жылдың 1 қыркүйек күні ауданымыздағы білім беретін 40 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 12326 оқушымен, 2 мектептен тыс, 27 мектепке дейінгі мекемелермен жаңа оқу жылын бастады.

Дана халқымыз «Қарымды ұстазы мен тағылымды ұланы тең елдің бағы да баянды», - дейді. Халық айтса, қалт айтпайды. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында алда талай Елін сүйетін, білімді жас ортаға қосыларына кәміл сенеміз. «Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» десе, аттарыңызды ай-әлемге паш ететін талантты да білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін! Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын!»      - деді өз құттықтауында Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов.

Елімізде ұстаздардың еңбегін жоғары бағалайды. Жыл сайын олардың жалақысын көтеру және жұмыстарын жеңілдету мәселелері қаралады. 1994 жылдан бері дүние жүзінің 100-ден астам мемлекетінде қазан айының алғашқы жексенбісі мұғалімдер мен білім беру саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі болып белгіленген. Кей мемлекеттер бұл мерекені 5 қазан күні атап өтеді. Біздің мемлекетімізде де бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісіне белгілеген. Дәлірек айтсақ, мұғалімдер күні 1965 жылы 29 қыркүйекте КСРО жоғарғы кеңесі президумының бұйрығымен қазан айының алғашқы жексенбісіне қойылған. Сондай-ақ 1966 жылы 5 қазанда ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері "Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар" құжатына қол қойған.

Ұстаздар күні — көпшілік жақсы көретін кәсіби мерекелердің бірі. Бұл күні ұстаздар өздерінің шәкірттерінен тілектер мен гүлдер, сыйлықтар қабылдайды. Сондай-ақ, мектептерде концерттер ұйымдастырылып, түрлі-түсті қабырға газеттері әзірленеді. Ұстаз деген — бұл ғылымға жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Ұстаздар ерекше азаматтық миссияны орындайды — келер ұрпаққа тәрбие береді. Сол себепті мереке қарсаңында ұлағатты ұстаздардың жұмысын жеңілдету мақсатында мектептерде оқушылардың өзін-өзі басқару күндері өтеді. Жоғары сынып оқушылары ұстаздардың орнына төменгі сынып оқушыларына сабақ береді. Ол үшін алдын ала ұстаздардан ақыл-кеңес алады.Қазақстандық ұстаздар бұл мерекені міндетті түрде педагогикалық ұжыммен бірге атап өтеді. Сондай-ақ, бұл күні үздік ұстаздар Астана қаласында бейбітшілік және келісім сарайында өтетін іс-шарада марапатталады.

Елімізде ұстаздардың еңбегін жоғары бағалайды. Осы бағытта жыл сайын олардың жалақысын көтеру және жұмыстарын жеңілдету мәселелері қаралады. Мысалы, 2017 жылдан бері мұғалімдерді бөгде жұмыстарға тартып, үй аралатуға тыйым салынды. Сондай-ақ, биылғы оқу жылынан бастап ұстаздар 5 құжат қана толтыруға міндеттелді. Олардан артық ешқандай құжат сұралмауы тиіс.Министрлікте жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдерді ҰБТ-ға қатысу міндетінен босату талқылануда. Осы орайда мектептер арасында ҰБТ бойынша рейтинг алынып тасталды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

 

Оқылды 296 рет