Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған «Мың жүйрік» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Онлайн түрде өткен байқауға этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді еркін меңгерген балалары қатысты.
Айта кетейік, аталмыш жарысқа Республиканың барлық өңірлерінен 5-12 жас аралығындағы 531 бала өтініш берген болатын. Олар 4 бағыт бойынша бақ сынады. Атап айтқанда байқау «Ертегі әлеміне саяхат», «Тұлғалар тағылымы», «Мен ұнататын мамандық» және «Туған өлкеге тағзым» тақырыптары бойынша өтті. Қазылар алқасы балалардың жұмыстарын қарап шығып, үздік 10 оқушыны жеңімпаз деп таныған.
–«Мың жүйрік» республикалық байқауын осымен екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Бұл байқаудың мақсаты Мемлекет басшысының қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету жөніндегі тапсырмасымен үндесіп, үйлесіп жатыр. Мемлекеттік тілді білу – баршаға міндет. Тілдің маңызын арттырып қана қоймай, оны өскелең ұрпақтың бойына дарытуға әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Бұл – ортақ міндетіміз. Бала жастан тілді үйретудің де маңызы жоғары, - деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов.
М.Шотанов республиканың әртүрлі өңірлерінен келген байқау жеңімпаздарын марапаттап, оларға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Марапаттау рәсімінде қазылар алқасының мүшесі Зәуре Оралбаева мен Шымкент қаласы ҚХА төрағасының орынбасары Икрамжан Хашимжанов сөз сөйлеп, жеңімпаз атанған оқушыларды құттықтады.
Естеріңізе сала кетейік, «Мың жүйрік» ағартушылық жобасы былтыр бастау алған. Қазақ тілін меңгеруге арналған ағартушылық жобаға республика аумағында тұратын 300-ге жуық этнос балалары қатысып, ережеде көрсетілген талаптарға сай 4 бағыт бойынша өз өнерлерін бейнеролик арқылы ұсынған. Қазылар алқасының төрағасы Қ.Сапарханұлы қатысушы үміткерлердің өнерін жан-жақты сараптай келе, олардың ішінен ережеге сәйкес 10 баланы таңдады. Атап айтқанда, ұйғыр этносының өкілі Мехриай Абдуллаева (Алматы қаласы), әзірбайжан этносының өкілі Азат Рамисұлы (Түркістан облысы), маңғыстаулық орыс этносы өкілі Ева Джоева, украин этносынан Эмиль Коваленко (Шымкент), қызылордалық Амелия Пак (корей этносы), тараздық түрік қызы Эльзара Халилова, шымкенттік балақай Темурбек Халмұрат, араб этносының өкілі Ахмед Шавки (Шымкент), павлодарлық неміс ұлтының өкілі Евгений Шлиттер, шымкенттік татар этносының жас өкілі Наиль Юскаев және олардың жетекшілері марапат төрінен көрінді. Оларға арнайы дипломдар мен сый-сияпаттар табысталған еді.
"AQ-QARA.KZ" ақпарат