Елімізде «Елбасы Медалі» жобасы жақсы дамып келе жатыр деп айтуға болады. Бұл – жастар арасында танымалдыққа ие болуда. «Елбасы медалі» - жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама болып отыр. Ол 7 негізгі бағыттан тұрады. Атап айтсақ, спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек практикасы. Бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы қазақстандықтар қатыса алады.
Сауран ауданының мерейін асырып жүрген оқушыларды аудан тұрғындарыныңатынан аудан әкімі Ғани Рысбеков арнайы құттықтай отырып, оларға оқуда озат, еліміздің ертеңгі маңдай алды білікті де білімді маман атануларына тілекші екендіктерін жеткізді.
Аталмыш медальдің тарихына аз-кем тоқтала кетсек, 2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - белсенді және талантты жастарды қолдау бойынша «Ел үміті» жалпыұлттық саясатын ұсынды. Бұл бастама аясында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры дарынды балаларды анықтайтын «Қабілет», «Елбасы медалі» сынды бірнеше бірегей жобаны қолға алған болатын. «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысу тәртібі Үкімет қаулысымен бекітіліп, Тұңғыш Президент қорының қолдауымен өтіп жатыр. Оның басты мақсаты - өскелең ұрпақты қолдау және ынталандыру.
«Елбасы медалі» жобасында әрбір қатысушыға өзін-өзі дамыту үшін жеті бағыт ұсынылған: «Спорт және дене шынықтыру», «Кітап оқу», «Дарын мен дағды», «Ұлттық мұра», «Еріктілік», «Туристік саяхаттар» және «Еңбек тәжірибесі». Бағдарламаны әзірлеуде үздік әлемдік тәжірибе қолданылған.Байқауға қатысушылар жасы 14 пен 29 жас аралығында болу - бағдарламаның негізгі шартының бірі. Ал олар қайда тұрып жатыр, білімі қандай, мамандығы не, бұл жағы маңызды емес. «Елбасы медалін» мақсатына ұмтылған әрбір қазақстандық жас буын иелене алады. Бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz онлайн платформасына тіркеліп, ұсынылған «алтын», «күміс» немесе «қола» бағыттарын таңдау керек. Содан кейін өзіңізге арнайы бекітілген тәлімгердің көмегімен өз қалауыңызға сай іс-шаралар мен кестені таңдап, жеке даму бағдарламасын жасай аласыз. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бағдарламаға қатыса алатындай кесте құруға жағдай жасалады. Бағдарлама шеңберінде еріктілердің қызметі, Мемлекет басшысының Волонтер жылының ашылуында айтқан міндеттеріне сәйкес болады.
«Елбасы медалі» жастардың тек білімінің және табысының символы ғана болып қалмайды. Болашақ мектеп түлектері үшін де елдегі ЖОО-ларда білімдерін жалғастыруға бағытталған тың қадам. Медаль иегерлерінің ұпайлары тең болған жағдайда ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен білім грантын және қала әкімінің грантын алуға толық құқығы бар. Әрине, бұл - жағымдық жаңалық. Еліміздің барлық дерлік өңірлерінде «Елбасы медалі» бағдарламасын дамытуға барлық шаралар қолға алынған. Бағын сынамаққа ұмтылған жастар үшін әкімдіктен қажетті қаражат бөлінуде.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»