Дүйсенбі, 17 Қазан 2022 16:51

Сауран ауданының әкімі ұстаздарды марапаттады

Түркістан қаласындағы «Фараб» кітапханасында Сауран аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастырумен ұстаздар күні кеңінен аталып өтті. Аталмыш шараға Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков қатысып, барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, бір топ ұстаздарға алғыс хат тапсырды.

Сауран аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Ф.Рысбекова сөз сөйлеп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» Сауран жалпы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ж.Айнабекованы арнайы құттықтады. Сонымен қатар, бір топ мұғалімдерді кәсіподаққа еңбегі сіңген төсбелгі мен аудандық әлеуетті дамыту бөлімінің алғыс хатымен марапаттады.

«Бір жылға жоспар құрсаң - егін ек, жүз жылға жоспар құрсаң ағаш ек, ал мәңгілік мұратты көздесең - ұрпақ тәрбиеле» дегендей бала жауапкершілігі зор, салмағы ауыр міндет. Өйткені, бүгінгі жас буын ел болашағының ертеңгі кілті. XXІ ғасыр тың идеялар мен жасампаз жаңалықтың дәуірі. Оған лайық болу қазіргі жаһандану процесіндегі кез келген мемлекеттің негізгі ұстанымы. Ендеше, тәуелсіз елімізде өркениетке жетелер жолдың бастауы - оның жүрегі де, тірегі де педагогтар қауымы деп білеміз. Ұстаздар ұлықталған шара барысында мектеп оқушыларының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына жалғасты.

Ұстаздар күні — көпшілік жақсы көретін кәсіби мерекелердің бірі. Бұл күні ұстаздар өздерінің шәкірттерінен тілектер мен гүлдер, сыйлықтар қабылдайды. Сондай-ақ, мектептерде концерттер ұйымдастырылып, түрлі-түсті қабырға газеттері әзірленеді. Ұстаз деген — бұл ғылымға жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Ұстаздар ерекше азаматтық миссияны орындайды — келер ұрпаққа тәрбие береді. Сол себепті мереке қарсаңында ұлағатты ұстаздардың жұмысын жеңілдету мақсатында мектептерде оқушылардың өзін-өзі басқару күндері өтеді. Жоғары сынып оқушылары ұстаздардың орнына төменгі сынып оқушыларына сабақ береді. Ол үшін алдын ала ұстаздардан ақыл-кеңес алады. Мектептің жүрегі – ұстаз. Ол бір ұлтты, тұтас халықты тәрбиелейтін ұлы тұлға. Ұстаздық — мамандық атаулының төресі. Олай дейтін себебіміз, кез келген адам шәкірт бола алады, бірақ кез келген адам ұстаз бола алмайды. Ұлы мамандық иелері ұстаздардың еңбегін тек оқушылар ғана бағаламаған, олардың алдында небір тұлғалар, тіпті бүкіл адамзат бас иген. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Біздің редакция да осы мерекеге байланысты ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтайды. Қымбатты да қадірлі ұстаздар! Сіздерді келе жатқан төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім. Сіздер диқан секілді жансыздар. Диқан жерге азық дәнін сепсе, сіздер адам жанына білім, ізгілік дәнін себесіздер. Ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да ұстаз тәрбиелейді. Мұғалімі қандай болса елдің қоғамы да сондай болмақ делінген бұлжымас заңдылық ертеден-ақ белгілі болды. Адамзат өркениетінің даму тарихында жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан. Ұстаздық жолында шаршамай, талмай қызмет етіп жүрген сіздер қандай құрметке де лайықсыздар. Қызығы мен шыжығы көп бейнеттеріңіз ақталсын. Əрбір атқан таңдарыңыз қуанышқа, батқан күндеріңіз шаттыққа толы болсын. Шәкірттеріңіз сіздер жетпеген биік белестерді бағындырсын деген тілек айтамыз. Осындай атаулы мереке күні осы бір аяулы қызмет иелерінің еңбегіне тың табыстар мен жаңа жемісті белестер тілейміз!

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 312 рет