Бейсенбі, 17 Қараша 2022 09:57

ШЫМКЕНТТІҢ ӘКІМІ МЕКТЕПТЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН ТЕКСЕРДІ

Шымкент қаласында 2022-2023 оқу жылында мектеп саны 20-ға артты. 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 75 015 орынға арналған 77 мектеп салу жоспарланған. Оның 54-і мемлекет есебінен болса, 4-уі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, ал 19 мектеп жеке инвесторлар есебінен бой көтермек.

Биылғы жылы 10 540 орынға арналған 16 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қалада құрылысы жүріп жатқан 11 мектептің есебімен жекеменшік білім мекемесінің саны 62-ге жетті. Жаңа нысандар пайдалануға берілген тұста қалада үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейді. Жалпы үш ауысымда білім беретін мектептер және мектебі жоқ шағын аудандар мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын (дефицит) 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі шаһарда құрылысы жүріп жатқан бірқатар мектептерді аралап,  тапсырмалардың орындалу барысын қадағалады. Бірінші кезекте - “Сайрам” ықшамауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының жаңа оқу корпусының құрылысын көрді.

Құрылысы биыл, наурыз айында басталған жаңа оқу корпусы 600 оқушыға шақталған, қосымша екі блоктан тұрады.

Футбол алаңшасы мен жүгіру жолы қарастырылып, инженерлік жүйемен толықтай қамтылатын болады.

Қазірге дейін құрылыстың 30%-ы атқарылды. Жоспар бойынша жұмыстар келесі жылы 100% аяқталып, пайдалануға берілмек.

"Нысандардың сапасы маңызды. Бұл нысанда балалар білім алады, оқиды. Балалар үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз”,-деді әкім ғимаратты аралау барысында. Келесі кезекте -

Қайтпас-1 ықшамауданындағы №72 орта мектептің қосымша оқу ғимарат құрылысын тексерді.

375 орынға лайықталған нысан 3 қабатты 2 блоктан тұрады. Алдағы уақытта 30-ға жуық қала тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Ғимарат құрылысы жыл соңына дейін 100% аяқталып, пайдалануға берілмек.

Нысан жұмыстарымен танысып шыққан қала әкімі сала мамандары мен мердігер мекемеге жұмыс сапасына баса мән беріп, жобаны уақытылы аяқтауды тапсырды.

Еңбекші ауданына қарасты Сайрамдағы  Ю. Сайрями көшесі бойындағы №10 колледжінің жаңа оқукорпусы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов нысанның құрылысы барысын тексеріп, сапаға мән берді.

Аталған нысанның құрылыс жұмыстарының мерзімнен кешеуілдеуіне байланысты жауапты мердігерге бірнеше ескертулер беріліп, айыппұлдар салынған. Қазіргі таңда ескертілген кемшіліктер ретке келтіріліп, жұмыстар жалғасын табуда. Осы күнге дейін құрылыстың 85%-ы атқарылды.

Жаңа ғимаратта 300 орындық оқу корпусы, 200 орындық асхана, 200 орындық АКТ залы және спортзал блогы қарастырылған.

Нысанның құрылысы былтыр маусым айында басталған. Жоспарға сәйкес жаңа корпус жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Оқылды 316 рет