– Жанат Тұяқбайқызы, зымыраған уақыт, әне-міне дегенше жаңа оқу жылының екінші тоқсанына қадам бастыңыздар. Отырар ауданының оқу-ағарту саласында бұл оқу жылында қандай өзгерістер, ілгерілеулер, ерекшеліктер бар? Әңгімемізді осы тұстан бастасақ.
– Біздер, ұстаздар, әдетте жаңа оқу жылы басталмай тұрып дәстүрге айналған кезекті мәжілісіміз және өте-мөте керекті жиынымыз – тамыз кеңесінде бас қосып, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруші ұстаздар қауымымен алда тұрған басты міндеттерді айқындап, негізгі мәселелер жөнінде ой түйіндеп, пікір алысып аламыз. Білім сапасын жаңа серпіліспен көтерудің жай-жапсарын, бағыт-бағдарын бүге-шігесіне дейін ақылдасамыз, кеңесеміз. Өйткені «келісіп пішкен тон келте болмайды» қашанда. Күрделі мәселелердің, қойылатын талап пен міндеттердің оң шешім табуы, жетістіктерге қол жеткізу, құрметті де абыройлы педагог мамандық иелері, яғни, ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесі екені баршамызға аян. Жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған мәселе – білім беру, ғылымды дамыту. Барлық өркениет атаулының өзегі білім, ғылым, тәрбие екендігі ақиқат. Осы орайда білім ордасы — мектеп, ал мектептің жаны — мұғалімдердің басты міндеті — өз ұлтының тарихын, мәдениетін, тілін қастерлей және оны жалпы азаматтық деңгейдегі рухани құндылықтарға ұштастыра білетін тұлға тәрбиелеу. Осы оқу жылының басты міндеті – ұстаздардың жағдайын жақсарта отырып, білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру. Әрине, істелген жұмыс аз емес, бірақ атқаратын іс одан да көп. Интеллектуалды капитал, еңбек адамы, инновациялық ойлау жаңа Қазақстанның басты құндылығына айналды.
«2022-2023 оқу жылы несімен ерекшеленеді?» дегенге келсек, әрбір білім беру ұйымының міндеті — ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға бағдарланған, функционалдық сауаттылық дағдылары бар және оны қоршаған болмыста бәсекеге қабілетті бола алатын білім алушы тұлғасының үйлесімді қалыптасуы мен дамуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру. 2022 жылдың 1 қыркүйегі күні ауданымыздағы білім беретін 40 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 12 мың 326 оқушымен, 2 мектептен тыс, 27 мектепке дейінгі мекемелермен жаңа оқу жылын бастадық. Биылғы 1-ші сыныпқа 1242 оқушы қабылданып, мектеп табалдырығын аттады.
Жаңа оқу жылы 36 оқу аптасынан тұрады. Оқу жылы әдеттегідей 1 қыркүйекте басталды, ал аяқталу мерзімінде өзгеріс бар, соңғы қоңырау бұрынғыдай 25 мамырда емес, 31 мамырда соғылып, оқу жылын аяқтаймыз. Өздеріңізге мәлім, былтырғы оқу жылының ерекшеліктерінің бірі – А.Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» пәндерінің қайтарылуы мен «Көркем еңбек» пәні 1-ші сыныпта екі пәнге бөлініп оқытылуда, «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» болып.
Иә, жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеу – маңызды педагогикалық процесс. Еңбектің нәтижесі әрбір адамға, оның еңбекке саналы, шығармашылық көзқарасына байланысты. Олай болса, бүгінгі таңдағы қоғам қажеттілігі – жас ұрпақтың бойында еңбекке ынталандыруды тәрбиелеу, болашақ еңбек жолын дұрыс таңдауға баулу. Баланың жеке басының еңбекке бейім болып өсуі оны еңбек тәрбиесіне баулуға тікелей байланысты. Осы орайда мұғаліммен қатар ата-ананың да рөлі зор екенін естен шығармауымыз қажет. Есіңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты Жолдауында “Қазіргі міндет — халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру, — дей келе, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеудің маңыздылығына тоқталды. “Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн”, — дейді. Адам өмірінде еңбектің алатын орны айрықша. “Бәріне қанағат қыл да, адал еңбек қыл” — дейді Шәкәрім Құдайберді. “Бала тәрбиесінің ең үлкені – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады” — депті жазушы Әзілхан Нұршайықов. “… Біліміңді еңбек пен өмірдің өзінде шыңдап отыр. Сонда ғана білім деп аталатын асыл тас ешқашан тот баспастан жалтырай да жарқырай береді” деген екен Қаныш Сәтпаев. «Еңбек түбі — береке» деп, халқымыз еңбек ету арқылы мағыналы өмір сүруге болатынын нақтылайды. Адамды дамытудың, тәрбиелеудің басты құралы — еңбек. Еңбек адамның күшін ғана дамытып қоймайды, оның ойын дамытып, мінез-құлқын қалыптастырады. Адамды құрмет пен абыройға бөлейтін де — еңбек. Қазіргі бәсекелестік өріс алған кезеңде ерінбей еңбек етіп, елдің дамуына үлестерін қосқандардың бәсі биік болатындығын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан жас буынды еңбексүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы артып келеді. Отбасында, балабақша мен мектеп қабырғасында баланың еңбектің әр түріне қызығушылығын ояту, жанұядағы еңбекке араластыру, яғни үлкендерге көмектесуге үйрету өзекті. Еңбекке тәрбиелеу, баулу және кәсіптік бағдар, жас өскіндердің қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады.
Тәуелсіз еліміздің болашағы — жас буынды еңбекке тәрбиелеу арқылы өмірде өз орнын тауып, белгілі бір кәсіппен шұғылдануына, отбасын асырап, елдің дамуына үлесін қосуға жетелейді. Өскелең ұрпақты еңбекке тәрбиелеуге бағытталған шараларға сәйкес, қарапайым еңбек адамдарымен кездесулер ұйымдастырылып, қарапайым мамандық иелерінің жетістіктері кеңінен насихатталуда. Техникалық және кәсіптік мамандық иелерінің қоғамдағы орны, еңбегімен ауданның даңқын асырған тұлғалардың қол жеткізген табыстары мен жетістіктері туралы мақалалар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, әлеуметтік желілерге жүктелуде.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығымен “Еңбек күні” мерекесі тағайындалды. Ол жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтіледі. Бұл мереке еңбек адамының беделін өсіруге, өндіруші еңбекті ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды көптеп тартуға, жұмысшылар сабақтастығын көпжылдық дәстүрді нығайтуға қызмет етуде.
Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз. Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек.
Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген және өзгермейтін құндылықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! Сондықтан өсіп келе жатқан жас ұрпақ еңбекке бейім болса, еліміз өсіп өркендеп, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығая түседі.
Және тағы бір қосарым, ұлы Абайдың «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген қанатты сөзін терең ұғынуымыз қажет. Ұстаздың негізгі мақсаты – өз шәкіртіне білім беріп, ізгілікті мінез-кұлыққа тәрбиелеу деп білсек, сол тиянақты білім, ізгілік ұстаздың өз бойында болуы шарт.
– «Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген және өзгермейтін құндылықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек!», — деп өте дәл айттыңыз. Әйткенмен заманның көшінен қалмай лайықты білім алып, еңсе тіктеп, еңбек ету үшін қаржылық қолдау мәселесі де сай болу қажет деп ойлаймыз.
– Қаржыландыру мәселесіне келсек, оқу-ағарту саласынан мемлекет қаржыны аяп жатқан жоқ. Оны өзіңіз жақсы білесіз деп ойлаймын. Ал біздің Отырар ауданындағы жағдайға келсек, 2022 жылы ауданның жалпы білім саласына 14 миллиард 731 миллион 999 мың теңге (мектепке дейінгі білім беруге – 1 миллиард 790 миллион 282 мың теңге, жалпы орта білім беру — 12 миллиард 941 миллион 717 мың теңге) қаралды. Ол қаржының 8 миллиард 493 миллион теңгесі – республикалық бюджеттен, ал 6 миллиард 238 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлініп отыр. Сонымен қатар ұстаздардың жалақысынан бөлек, жалпыға міндетті білім беру қорына 95874,0 мың теңге бөлінгенін де атап өткен жөн.
Сөздің реті келгенде, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың биыл 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады… Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады. Бір сөзбен айтқанда, мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капитал деуге болады. Бұл қадам еліміздің әрбір азаматы үшін бірдей мүмкіндік қағидатын іс жүзінде қолдануға жол ашады. Жоғары білім саласындағы реформаларды да осы бағытта жүзеге асырған жөн» — деген сөзін тілге тиек еткен орынды деп ойлаймын. Басқаша айтсақ, мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың білім алуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатқаны қуантады.
– Қателеспесек, соңғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды» — деді. Отырар ауданындағы мектепке дейінгі тәрбие мен білімнің ахуалы қандай?
– Иә, Мемлекет басшысы бұл Жолдауында мектепке дейінгі тәрбие мен білімге қатысты көптің көкейінде жүрген мәселені тамыршыдай дөп басты. «Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет» — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі таңда ауданымызда мектепке дейінгі ұйымдар саны 32-ні құрап отыр. Оның ішінде мемлекеттік меншіктегісінің саны — 20, ал жекеменшік балабақшаның қарасы — жетеу, шағын орталықтар саны бесеу болып тұр. Бүгінде Отырар ауданы бойынша 32 мектепке дейінгі ұйымда 2551 бала тәрбиеленіп жатыр. Мектепке дейінгі ұйымда кезекте тұрған 1-6 жас аралығында бала саны 317 құрайды. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ауданымызда 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен оқытуға қамту 97%-ды құрап, қазір ол 100%-ға жеткізілді.
Барлық мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезектілікті қалыптастыру мен оның қызметін және жолдамаларды беру процесін автоматтандыру жүзеге асты. Оны енгізу арнайы «balabaqsha.smartnation.kz сайты арқылы іске асып, мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жүйелер арқылы балаларды қабылдау, кезекке қою, жолдама беру мемлекеттік қызметтері жолға қойылып, өз арнасын тапқан. Мұның бір тиімді тұсы, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға оң септігін тигізуде.
Білім саласына енгізіліп жатқан тың өзгерістер мектепке дейінгі тәрбие мен оқу жүйесін жаңа белестерге көтеруге зор септігін тигізіп жатқанын айтуымыз керек. Тәрбиешілердің мәртебесін арттырып, білім дағдыларын жетілдіру мақсатында 100-ден астам тәрбиеші әртүрлі деңгейдегі біліктілік арттыру курстарынан өткізілді.
Мектепке дейінгі ұйымдарда оқу жылы барысында республика, облыс көлемінде жеткен жетістіктер де баршылық. Атап айтар болсақ: облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген байқауға «Алпамыс» бөбекжай-балабақша» МКҚК тәрбиешісі Екейбаева Манат Алтайқызы «Заманауи дәстүрлі емес сурет салу техникасы» тақырыбындағы шебер-сыныбында қатысып, бас жүлдені иеленіп, республикалық кезеңде «Алғыс хат» иеленді.
Бұл орайда парасатты тұлға тәрбиелеу мақсатында заман талабына сай «Тенгиз» жекеменшік бөбекжай-балабақшасының ашылуы да «Балалар жылы» аталуымен тұспа-тұс келіп отыр.
– Енді сұхбатымыздың ауанын орта білім беруге бұрсақ.
– Қазақстан Республикасында білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Отырар ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілу үстінде. Тағы бір атап өтер жайт, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен 1 қараша күні өткен Үкімет отырысында Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Тұжырымдамада білім беру сапасын кешенді жақсарту бойынша бірқатар іс-шаралар ұсынылғанын хабарлады. Атап айтқанда, мектепке дейінгі тәрбиенің «ойын арқылы оқыту» жаңа моделін енгізу, балабақшалар мен орталықтар ашу, тәрбиешілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жалғасады. Жекелеген пәндер бойынша мектеп бағдарламалары жетілдіріледі. Бұл ретте мектептерге кезең-кезеңмен академиялық автономия берілетін болады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі мектептерде қорытынды бағалау нәтижелерін тану бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Оқу процесін цифрландыру шеңберінде бірқатар жобалар іске асырылады: «цифрлық мұғалім», шағын комплектілі мектептерде жекелеген пәндерді онлайн оқыту және дербес цифрлық оқулықтар (мобильді қосымша). Бұдан басқа, білім берудегі қызметтерді цифрландыру, оқушы орындарының жетіспеушілігін жою, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, жаңа факультативтік пәндерді енгізу және мектептерде қосымша секциялар ашу, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және т. б. жұмыстар жалғасады. Осы тақырып бойынша ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де баяндама жасады. Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр ұсынылып отырған Тұжырымдама балабақшадан бастап университетке дейінгі оқытудың барлық деңгейінде сапалы білім алуға қол жетімділікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. «Құжатта барынша биік мақсаттарды көздейтін нысаналы индикаторлар айқындалған. 2026 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы тәрбие және оқыту сапасын бағалаудың халықаралық құралдарын енгізетін болады. Ата-аналар білім беру жүйесіндегі «жан басына қаржыландыру» принципі бойынша кез келген балабақшадан орын таңдай алады. Сонымен қатар құжатта Балалардың амандығы мен әл-ауқаты индексін және интерактивті картасын іске асыру шаралары көзделген», – деді Әлихан Смайылов. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептерде жайлы және қауіпсіз орта құру мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленіп жатқанын еске салды. Шағын комплектілі мектептерде білім беру сапасын жақсарту үшін «Мобильді мұғалім», «Оқу үлгерімі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы», «Қамқор жанұя» жобалары енгізілуде.
Сонымен қатар 2025 жылға қарай жаңа құрылыс стандарттары бойынша жалпы саны 840 мың орынға арналған мектептер салу жоспарланған. «Тұжырымдаманың барлық жоспарлары, сайып келгенде, балалардың сапалы және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуі керек. Сондықтан, балалардың бойындағы білім нәтижесін бағалаудың барлық деңгейде мойындалған әдістемелерін енгізуге ерекше назар аудару қажет», — деді Премьер-Министр. Оның айтуынша, жастарды кәсіпкерлік дағдыларына оқыту үшін колледждер, оның ішінде ауылдық колледждер жанынан шағын инновациялық кәсіпорындар құрылатын болады. Бұл колледж түлектерінің 75%-ын оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялау жүруде, сондай-ақ беделді шетелдік университеттер филиалдарының саны да артады.
2026 жылға қарай бакалаврлар стипендиясының мөлшері 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге артады. Әлихан Смайылов жоспарланған іс-шараларды іске асыру білім беру сапасын жақсартуға және Қазақстанның халықаралық білім беру рейтингтеріндегі көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Ұсынылған Тұжырымдама дауыс беру арқылы бекітілгеннен кейін Премьер-Министр Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, оның іс-шараларын уақытылы орындауды қамтамасыз етуді, сонымен қатар Тұжырымдаманы «Білімді ұлт» ұлттық жобасымен, «Жайлы мектеп» жобасымен үйлестіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі білім беру ұйымдарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет деп ойлаймын.
Енді осы оқу жылында алдымызға қойып отырған негізгі басымдықтарға тоқталайын. Біріншісі — білім алушылардың білімін толықтыру; екіншісі — қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету; үшіншісі — білім алушыларға сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету; төртіншісі — цифрлық инфрақұрылыммен және ресурстармен жабдықтау; бесіншісі — инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету. Әлбетте, ең басты міндеттеріміздің бірі – оқушының білім алуы мен дамып-өсуіне қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау.
«Сапалы білім ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады». Бұл ұстаным — мен үшін бірінші кезекте, ал сапалы білім ол мектеп қабырғасынан басталады. Осы мақсатта білім беру ұйымдарының жұмыс көрсеткіштері төмендегідей: Отырар ауданы бойынша 2021-2022 оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 11 сыныпты 699 оқушы бітірді. Олардың 648-і, яғни, 92,7%-ы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. «Алтын белгімен» 50, «Үздік аттестатпен» 66 оқушы бітірді. 301 бітіруші түлек, 43,6%-ы грант иегері атанды.
Қоғам дамуының ең басты шарты шығармашыл тұлға тәрбиелеу десек, сол шығармашыл тұлғаны тек шығармашыл ұстаздар тәрбиелейді. Ізденімпаз, жаңашыл, өз мамандығын жақсы меңгерген мұғалімдерден биікті бағындыратын шәкірттердің де жыл сайын қатары көбеюде. 2021-2022 оқу жылында білім сайысына қатысып, білмекке құмарлығын дамытып, ақылы мен күш-жігерін шыңдап, білім-ғылым үйренбекке талап қылушы оқушыларымыз облыстық, республикалық білім сайыстарынан жеңіспен оралуда.
Мәселен, пәндік олимпиада бойынша республикалық кезеңде 9-11-ші сынып оқушылары арасындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық кезеңінде құқықтану пәнінен Ө.Жәнібеков атындағы лицей-интернаттың 10-сынып оқушысы Қалаш Нұртөре 2-орыннан көрінсе, 5-6-шы сынып оқушылары арасындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимпиадасында республикадан «Мыңшұңқыр» жалпы орта мектебінің 6-сынып Айдана Айтжанова номинация иеленді.
Ал пәндік олимпиада бойынша облыстық кезеңде 9-11-ші сынып оқушылары арасындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық кезеңінде Ө.Жәнібеков, Ш.Қалдаяқов, С.Әлиев, С.Құртаев, Жамбыл, С.Әшіров атындағы мектептердің дарынды балалары оқ бойы озық болып, 10-шы орынды иеленсе, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы номинация иегері атанды.
Енді байқаулар бойынша айтып өтейін. Республикалық кезеңде «Абай оқулары» байқауы негізінде 1 бағыт бойынша жүлделі орындарды иеленді. Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гиназиясының 11-ші сынып оқушысы Болысбек Даниал «Абай оқулары» байқауының ақындық жанрынан 3-орынға көтерілді. «Ақберен» өнер байқауының ақындық айтысы жанрынан Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гиназиясының 10-сынып оқушысы Сәуірхан Сұлтан номинация иеленді. Оған қоса «Жыр алыбы — Жамбыл» республикалық жас ақындар айтысында Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Сәуірхан Сұлтан 1-орын, Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Болысбек Даниал 3-орынды иеленді. Республикалық Мұқағали Мақатаев оқулары байқауынан Жамбыл мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Арон Халықов номинацияға ілікті. «Ілияс – эпик ақын» республикалық І.Жансүгіров оқулары байқауында поэманы мәнерлеп оқудан «Отырар» жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Мерейлім Әбубәкір 1-орынға шықты. Республикалық «Мағжан оқулары» байқауында Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Сәуірхан Сұлтан 3-орыннан табылды. Республикалық «Абай оқулары» байқауында Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Балнұр Тасболатова 2-орынды иемденді.
Ғылыми жобалар бойынша да айтып өтсем. Облыстық «Ғылыми жоба-2022» байқауында орыс тілі пәнінен Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Айша Нақыпбек 2-орын, С.Әлиев атындағы жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Меруерт Нұрланқызы 3-орын, қазақ тілінен Жамбыл мектеп-лицейінен Жанерке Меделханова 3-орынды иеленді.
Өткен оқу жылының 4-тоқсаны аяқталғаннан кейін Жазғы мектепте білім алушылардың былтырғы оқу жылының олқылықтарын түзету мақсатында және оқыту дағдыларын жетілдіру жұмыстары ағымдағы жылдың 17 маусымға дейін жүзеге асырылды.
Жаңа оқу жылында біздің оқушыларымыз тек белгіленген мектеп формасымен келіп жатыр.
– Осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдаудағы мына сөзі еріксіз еске түседі: «Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн»… Аудандағы білім ошақтарының интернетпен қамтамасыз етілу деңгейі қандай?
– Үй жағдайында интернетке қол жеткізе алмайтын оқушылар саны 2094-ті (17,1%) құрайды. 2G деңгейдегі интернеті бар 5 елді мекендегі (Шеңгелді, Сырдария, Сарыкөл, Аққөл, Үштам ауылдары) интернет жылдамдығын күшейту мәселесін (бұл деңгейдегі интернет жылдамдығы министрлік тарапынан белгіленген цифрлық білім беру платформалары үшін жарамсыз) шешу жұмыстары аудандық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасымен бірге жүргізіледі деп күтіп отырмыз.
– Мектепте қандай оқыту платформалары қолданылып жатыр?
– 2022-2023 оқу жылында мынадай оқыту платформалары қолданылуда. «Күнделік.kz»-ке 40 мектеп қосылған, яғни 100 пайыз дерлік қамтылған. Ол дегеніңіз – 2500 мұғалім, 12000 оқушы, 180000 ата-ана. «Online-mektep»-ке 40 мектеп немесе 100 % қосылған. Биылғы оқу жылында онлайн білім білім беру платформаларының контенті педагогтар үшін маңызды болып қалады, күнделікті сабақта қатар қолданылатын болады. Оны білім алушылар мен педагогтер үшін барынша қолжетімді етуді қадағалайтын боламыз.
– Инклюзивті және арнайы білім беру мәселесінде түйткілдер жоқ шығар?
– Бүгінгі таңда аудан бойынша 0 мен 18 жас аралығында 681 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Мектепке дейінгі мекемелердегі мүмкіндігі шектеулі балалардың 46,8%-ы, білім беру мекемелерінде 68,3%-ы инклюзивті білім берумен қамтамасыз етілген. Бұл салада білім бөліміне қарасты мекемелерде 18 мектепте 22 «Түзету дамыту сыныптарында» – 235 оқушы және «Логопункт» 12 мектепте ашылып, онда 186 оқушы білім алуда. Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 2021-2022 оқу жылында «Мыңшұңқыр» жалпы орта мектебінің базасынан ресурстық орталық ашылып, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс атқарылып жатыр.
«Бала кемістігінің даму деңгейі неғұрлым төмен болса, соғұрлым мұғалімнің білім деңгейі жоғары болу керек», — дейді неміс педагогі П.Шуман. Инклюзивтік білім беру дегеніміз — барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Инклюзивті білім берудің мақсаты: мүмкіндігі шектеулі балаларды психологтық-дәрігерлік-педагогикалық қолдауды іске асыру және инклюзивті білім беруді орындау арқылы тең құқылы тұлға болуға мүмкіндік жасау. Инклюзивті білім берудің негізгі ұғым түсініктерін қарастырушы ғалымдар Н.В Борисова, С.А Прушинский, М.Перфильеваның редакциялауымен жарық көрген «Инклюзивное образование:ключевые понятие» оқу құралында ең негізгі ғылыми ақпаратқа тоқтала отырып, ұғым түсініктердің мәнін ашады. «Инклюзив» сөзі француз тілінен аударғанда (inclusif — өзімді қосқанда) ал, латын тілінен аударғанда (includo-қосамын) деген мағынаны білдіреді. Ал, инклюзивті білім берудің негіздерін зерттеуші қазақстандық ғалымдар А.Т.Искакова, З.А. Мовкебаева, Г.Закаева, А.Б. Айтбаева, А.А. Байтурсыновалардың еңбектерінде, алдымен ізгіліктілік-философиялық сипатына, құқықтық-нормативтік негізіне, көппәнділік жүйесіне сай жайлы орта құруға, білім беру процесіне бейімдеу мен өзгерістер енгізуге, отбасымен жұмыс істеуге, білім нәтежесін бағалауға мән бере отырып арнайы педагогиканың мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін жан-жақты ашады. Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді. Инклюзивті білім беру құқығын тану барлық педагогтар, оқушылар мен олардың ата-аналары ерекше білім беруге қажеттілігі бар оқушылардың жалпы білім беретін мектептерде оқуға құқығы бар екенін түсінулеріне және ол үшін қосымша ресурстар қажет екеніне негізделген. Инклюзивті оқыту оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту арқылы барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісін дамытуға болады. Мұндай оқыту түрі арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды, қайта жақындатады. Инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз. Сонымен қоса, инклюзивті оқыту үрдісі балаларды толеранттылыққа тәрбиелеудің бастауы болмақ. Арнайы және инклюзивті білім беру, тәжірибе алмасу, педагог кадрларды даярлау, білім беру қызметтерінің сапасына жете көңіл бөлуге байланысты туындайтын мәселелерді шешу уақыт күттірмейді. Мемлекет тарапынан баланың дамуындағы кедергілерді ерте анықтау және түзету үшін қосымша жағдайлар жасалуда. Осы бағытта психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестер, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту орталықтары санының артуына байланысты балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту жағы 40 пайыздан асты. Оңалту мен логопедиялық орталықтар желісін кеңейтудің ықпалы зор. Өткен жылы осы орталықтар тарапынан 30 мың балаға қызмет көрсетілсе, биыл бұл көрсеткіш 50 мыңнан асып отыр. Өкінішке қарай, елімізде ерекше қажеттілігі бар балалардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Мұндай диагноздарды ерте кезеңде анықтау өте қиын. Ата-ана үшін баласының ерекше қажеттілікке мұқтаж болғандығы ауыр соққы, тіптен алғашында мойындамайтын жағдайлар да кездеседі. Ерекше қажеттілікке зәру балаларды тәрбиелеу, оқытудың машақаты — өз алдына. Десек те бала бойындағы өзгерістерді дер кезінде анықтауға, нақты диагноздың қойылуына мән беру — басты мәселе. Ал ерте кезеңде анықтауға байланысты құрал-жабдықтар, әрі қарай емдеу, оңалту бағытындағы орталықтар жұмысы жолға қойылған. Диагноз ерекшеліктеріне қарай балабақшалар да жұмыс істеп келеді. Осы орайда инклюзивті қоғам құру аясында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы білім беру мекемелерінде оқытуға аса мән беріліп отыр. Сонымен қатар олардың әлеуметтенуінде кемсітушілікке жол бермеу бағытындағы ағарту, ақпараттандыру жұмыстары, білікті мамандар даярлау мәселесі жетілдірілуде.
– «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ, ұстаздардың құзырет аясы айқындалады. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды» — деді Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында. Кадрлық қамтамасыз ету жағы қалай ауданда?
– Әдетте жыл сайын жаңа оқу жылына дайындықтың, мектептегі білім сапасының тағы бір басты көрсеткіштерінің бірі – кадрлармен қамтамасыз ету. Қай саланың да жұмыс нәтижесі сапамен өлшенеді. Ахмет Байтұрсынұлы “Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің жақсылығы жабады, білдірмейді” – деген болатын. Мұғалім – білім нәрін себуші. Сапалы оқыту және өздігінен оқып, білім алуға баулу негізінде ғана оқушылардан парасатты азамат тәрбиелеп шығаруға болады. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты. Сапаны көтерудің ең өзекті мәселелердің бірі – мұғалімдерді даярлау және кәсіби шыңдау болып тұр. Ауданда жалпы 2164-ке жуық мұғалім жұмыс істейді. Жаңа форматта сертификатталған оқытушы саны 11 (0,5%), Олар — «педагог-шебер». 250 мұғалім (11,5%) — «педагог-зерттеуші», 391 ұстаз (31,2%) — «педагог-сарапшы», 267 мұғалім (12,3%) — «педагог-модератор» санатындағы мамандар.
Санаттар бойынша сапалық құрам 78,5 пайызды құрады. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында» 132 мұғалім білімін жетілдірді. «Назарбаев Зияткерлік мектептер» Педагогикалық шеберлік орталығының базасында 265 мұғалім білім деңгейлерін көтерді. Мектеп басшылары алдағы уақытта Педагогикалық шеберлік орталығынан 6 айлық біліктілік арттыру курсынан өтетін болады. Қосымша мектепке дейінгі мекемелердің әдіскерлері мен тәрбиешілері «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығынан курстан өтетін болады. Жалпы оқу орнын сыртқы бөлімде бітірген мұғалімдердің кәсіби және теориялық білімдері сын көтермейтінін мойындау қажет. Оқушылардың білімдерін бағалауда бағалау нормативтері басшылыққа алынбайды, асыра бағалауды қолға алу керек. Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына ешқандай да кедергі жоқ, яғни дарынды оқушылармен жұмысқа басшылық төмен. Дегенмен, жаратылыстану, яғни негізгі пән мұғалімдеріне деген қажеттілік бар. Математика, физика пәндері бойынша да солай.
– Оқулық жеткілікті ме барлық мектепте?
– Оқушыларға жан-жақты білім мен тәрбие беретін мектеп кітапханасы — білімге ұмтылған жас ұрпақтың, сондай-ақ ұстаздардың табылар жері. Аудандағы 24 жалпы орта, 6 негізгі орта мектепте барлығы 30 кітапхана жұмыс істейді, кітапхана қызметкерлерінің саны — 37. Мектеп кітапханасында атқарылатын жұмыстардың нәтижелілігі, сапалы болуы тікелей кітапхана кадрларына байланысты. Сонымен қатар, оқушы санының өсуін ескере отырып, сатып алынған басқа да сыныптардың (1,3,4,5,6,7,8,9,10,11-ші сыныптардың) жетіспейтін және ескі оқулықтарды жаңарту арқылы толықтыру қамтамасыз етілді. Кітапханада 426343 кітап қоры бар, оның ішінде 275819 оқулық, 150524 көркем әдебиет бар.
2022-2023 оқу жылында облыстық бюджеттен 159 765 336 теңге қаржы қаралып, 64412 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешендеріне тапсырыстар берілді. Жоспарға сәйкес биыл 30 мектептің кітапханасын модернизациялау қолға алынды. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру барысында 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Жас ұрпақты тәрбиелеуде кітапхананың орны ерекше. Бүгінгі шәкірттер — ертеңгі ел тұтқасы. Болашақ мамандардың көзі ашық, көкірегі ояу, заман талабына сай болып қалыптасуына кітапхананың атқарар рөлі зор. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушылар арасында «Оқуға құштар оқушы», «Оқуға құштар отбасы» іс-шаралары өткізілумен қатар «Bookcrossing», «Кітапханаға кітап сыйла!» акциялары оқушыларымыздың өздері оқыған кітаптарын өзгемен бөлісуге мүмкіндік туғызды.
«Кітап — ақылына ақы сұрамайтын қазына» деген екен түркі жұртының ұлы ақыны, ойшылы Әлішер Науаи. Осы орайда «Кітапхана» жобасы бойынша облысымызда ұстаздардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру негізінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы лицей-интернаттың қазақ тілі мұғалімі Балжан Кәдірбек жүлделі 2-орын иеленді.
Расында да, қай ғасырда да кітаптың алатын орны бөлек. Кітап кемелденуге көмектеседі. Қаншама технологиялар шығып жатса да, бұлардың бәрі кітапты алмастыра алмасы анық. Адам өмір сүріп отырған қоғамның ықылым заманнан келіп жеткен қазыналары мен кереметтерін кітапханадан, кітаптан табады. Кітапты ғылым, білімнің адамзат ақыл-ойының жиынтығы сақталған қазыналы сандық десек болады.
Еліміздің азаматтары қазіргі заманға сай білімді, мәдениетті, оған қоса адамгершілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, шындық, адалдық, үлкендерді құрметтей білу сияқты асыл қасиеттер бала бойына кітап арқылы біртіндеп сіңеді. Баланы кітап оқуға көбірек баулу және пайдалы оқу үшін, ең басты балаларға кітапты сүюге көмектесу керек. Қазіргі балалардың көбінің қиялдары компьютерлік ойындарға ауып кетуіне қарамастан, кітапханашылар мен ата — аналарда, балаларға кітап әлемін сыйлау мүмкіндігі және құқығы қалады. Кітап оқуға үйрету үшін ең алдымен ата — анарға кеңес беру керек. Балаға бір жасынан — ақ кітап ұстатып үйреткен дұрыс. Яғни, ол сәби кезінен бастап кітапты көруге тиіс. Баланы кітапқа қызықтыру үшін суретті, санамақ кітаптардан бастау керек. Үнемі газет — журнал, кітап оқып отырған ата — ананы көрген бала да кітапқа қызығып өседі. 4 — 5 жастан бастап әңгіме, ертегілер оқуға болады.
Кітап оқу баланың ой — өрісін кеңейтеді, ойлауға үйретеді, сөйлеу қабілетін, есте сақтауын, қиялын дамытады, танымдық және дамытушылық қызметін анықтайды. Баланы кітап оқуға көбірек баулу және пайдалы оқу үшін, ең басты балаларға кітапты сүюге көмектесіп, алдын ала бос уақытында оқитын кітаптарының тізімін белгілеп, оны ата — анасы өздері ұсынуға болады. Баланы жас кезінен кітапты құрметтеуге және оны күтіп ұстауға баулыған жөн. Сондай — ақ, білімнің бір көзі – балалар басылымы. «Айгөлек», «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Ақ желкен» журналдарына алып, оқып отырса, баланың білімі мен танымы талабына сай болады.
Немістің ұлы ақыны Гете: «Көкірегі ашық адам оқи білуді үйренудің қаншалықты қиын екенің біледі, мен бұған сексен жыл өмірімді арнадым, бірақ әлі кітап оқуды толық үйрендім деп айта алмаймын» деген екен. Балаға кітап оқуды үйретудің алғы шарттары:
Кітаптың құдіретін ұғындыру. Оны жыртпауға, тік отырып оқуға үйрету. Авторының кім, не жайында, қай жылы, қайдан шыққаны туралы білуі шарт.
Кітапты түсінбей құр оқудан сақтандыру керек, талғап оқуға, оған көз — қарасын білдіре алуға, қысқаша фабула жазуға үйрету. Фабула — баяндалатын оқиғалар желісінің қысқаша мазмұны.
Оқыған кітабының ішінде түсінбеген сөзді не мақал — мәтелдерді, не дәйек сөздерді теріп жазып алуға арнайы дәптер аштыру керек. Осыдан келіп ол баланың еңбек етуге құлшынысы туады, зейіні артады, талғамы өседі, көп оқуға тырысады, сөздік қоры молаяды. Кітап оқуға қызығушылық ерте балалық жастан қаланады және осы жерде көбі ата-анаға байланысты болады. Отбасы баланың тұлғасын дамытуға ортасы болып табылады, оқуға деген қажеттілік, қызығушылық пен сүйіспеншілік қалыптасады. Сондықтан баланы уақытында оқуға үйретіп қана қоймай, оны оқуды жақсы көруге ұмтылдыра білуіміз керек. «Өзіңді — өзің тану үшін кітап керек, өзгені тану үшін де кітап керек» депті атақты авар ақыны Р. Гамзатов. Адам айнаға қарап, бет — жүзіндегі өзгерістерді көретіні сияқты кітап арқылы да жаңа әлемді таниды. Басқа бір елдің, қоғамдық міндетін, тілін, дінін, тұрмысын, салт — дәстүрін біледі. Кітап — рухани қазына, байлық, өмір айнасы, замана сыры, тарих шежіресі, оқу — тәрбие құралы. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» — деп Абай Құнанбаев атамыз айтпақшы, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітап адам баласына бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейін сырлас досы бола алады.
Бүгінгі таңда жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. Осыған орай еліміздегі бірден — бір рухани қазына ордасы – мектеп кітапханасы. Мектеп кітапханасы – кітап арқылы оқушылардың жан — жақты білім алуымен қатар, патриоттық рухта тәрбиеленуіне, саяси сапасын қалыптастырып, ғылыми, кәсіби, мәдени дәрежесінің дамуына әсер ететін бірден — бір әлеуметтік орын. Кітапханаға оқушылар келіп, қажетті әдебиеттерін жазғызып алып отырады, білімдерін толықтырады. Біздің жауапкершілікті міндетіміз: кітаптарды насихаттаудың түрлі формалары мен әдістерін ұйымдастыру арқылы оқырмандардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, жан — жақты дамыған баланы тәрбиелеуге жәрдемдесу. Оқушының ойлау қабілетін қалай дамытуға болады? Оқушылардың білімге қызығушылығын оятуға не әсер етеді? Осы сұрақтарға тек педагогтар ғана емес, сонымен қатар кітапханашылар да ойлануда. Балалармен тәрбие жұмысын жүргізуде кітапхананың ерекше маңызды болатын себебі: бала кезде оқыған кітап көңілге ұялап қалады, бүкіл өмір бойына өзінің ізін қалдырады.
Кітап оқу мәселесі бүкіл ұлтты толғандыруға тиіс. Кітапқа деген құштарлық – бұл тек кітапханашының ғана жұмысы емес, сынып жетекшісінің және ересектердің де жауапкершілікті болуы. Жастардың рухани дүниесіне де көп көңіл бөліп, көркем әдебиеттерге деген қажеттілікті арттырып, оқуға ынталандыруымыз керек, кітап оқуды насихаттау үшін жоғарғы деңгейде кітапханалық сабақтар, кездесулер, ауызша журналдар, сайыстар, ертеңгіліктер ұйымдастырып, оқырмандар сусындайтындай, ой — пікір туғызатындай етіп өткізу. Кітапхананы шынайы мәдениет ошағына айналдыру. Сондықтан мәдени ошақтарды жандандыру, оның ішінде балаларға қызмет көрсететін мектеп кітапханаларының еңсесін көтеру, дәстүрімізді сақтай отырып, өскелең ұрпақтың білімін, рухани байлығын арттыру, тиімді ақпаратпен қамтамасыз ету — өз қолымызда.
– Енді мектептердегі тәрбие және қосымша білім беру мәселесіне тоқталсаңыз.
– 2021-2022 оқу жылында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға іс-шара жасалып, аудан мектептеріне таратылып берілді. Осы іс-шара негізінде мектептерде құқық бұзушылыққа қарсы арнайы жоспар құрылған. Оған қоса биылғы оқу жылында әрбір мектепте құқық бұзушықтың алдын алуға байланысты аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесе отырып, арнайы іс-шара жоспары жасалынған. Аудан аумағында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалар мен жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үй-жайдан тыс жерлерде болған балалар мен жасөспірімдерді анықтау бойынша ішкі істер бөлімімен тиісті жұмыстар жүргізілді.
Өскелең өміріміз әрбір білім ошақтары мен ұстаздар қауымынан жаңашылдықты, үлкен жауапкершілікті талап етеді. тәрбие ешқандай үзіліс дегенді білмейді. «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан тусын» деген халық даналығы. Елін сүйетін, елге адал қызмет ететін ұрпақты тәрбиелеу жолында көптеген игілікті істер атқарылып келеді. Осы орайда, балалардың бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру, келеңсіз жайларды азайту мақсатында білім беру мекемелеріндегі сыныптан тыс үйірме сабақтарымен қосымша білім беру ұйымдарына жасөспірімдерді тарту деп санаймыз. Осыған орай, аудан бойынша 2021-2022 оқу жылында білім беру мекемелерінде 255 іс-шара өткізіліп, құқық бұзушылыққа байланысты 155 рейдтік шара жүргізілген болса, спорттық жарыстардың саны – 55-ке, мәдени іс-шаралар саны – 20-ға жетіп, 25 сауалнама, анкеталар алу процесі жүзеге асты.
Биылғы оқу жылында облыстық оқушылардың “Балалар жылы” аясында өткен “Тұлпар мініп, ту алған” өнер фестивалінде оқушыларымыз үздік шығармашылығымен танылып, Отырар ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі жүлделі І дәрежелі дипломымен және 200 000 теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Қосымша білім беруге келсек, Отырар ауданында қосымша білім беру ұйымдарының саны төртеу. Спорт саласына қарасты 2 мекеме жұмыс істеп тұр. Жалпы қосымша біліммен 3897 бала қамтылып, балалар санының 28,3 пайызын құрайды. Сонымен бірге, білім беру ұйымдарында «Дебат қозғалыстары», «Балалар және театр» жобалары іске асыруды қолға алуымыз керек. Жоба мақсаты -балалар мен жастардың мәдени оқу құзіреттілігін дамыту, жас ұрпақ бойына азаматтық және рухани адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру.
Театр – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы деп білсек, театрдың қоғамдық-тәрбиелік қызметі мен идеялық-эмоциялық және көркемдік-эстетикалық әсері оқушының өн бойынан табылып жатса, мақсатымыздың орындалғаны.
Орайы келгенде жазғы сауықтыру жұмыстары бойынша да мәлімет бере өтейін. Түлкібас ауданы Келтемашат ауылында орналасқан «Отырар» жазғы сауықтыру демалыс лагері жазғы маусым айларында 5 ауысым бойынша 900 оқушыны (әр ауысымдағы оқушы саны – 180) қамтыды. Осы мақсатта облыстық бюджет есебінен 11 миллион 200 мың теңге қаралып, игерілді. Сонымен қатар, оқушылардың жазғы демалыстарын қызықты өткізу үшін 32 білім ұйымынан 2160 бала қамтылды. Соның ішінде демеушілер есебінен 1000 оқушы мектеп жанынан ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Республикадағы қала сыртындағы лагерлер, санаторияларға ата-аналардың демеушілігімен 3349 бала барып, денсаулығын жақсартты. Жалпы, жазғы маусымда 6409 бала қамтылып, орындалуы 51,9 пайызды құрап отыр.
Балалар қауіпсіздігінің де басты назарда тұрғаны анық. Мектептегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданда 40 мемлекеттік мектеп және 28 балабақша толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.
– Білім беру саласында сыбайластық тәуекелдерін төмендету үшін не істеліп жатыр? Нақты мысалдарды сөйлете аласыз ба?
– Аудандық білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы ішкі талдау жұмыстары жүргізіліп, кешенді жоспар құрылды. Жоспарға сай ең алдымен педагогтар мен қызметкерлерді, мекеме басшыларын жұмысқа қабылдау jumis.smartnation.kz порталы арқылы 100 пайыз автоматтандырылды. Екіншіден, балабақшаға кезеккке тұру және жолдама беру balabaqsha.smartnation.kz порталы арқылы 100 пайыз автоматтандырылды. Үшіншіден, жалпы білім беретін мектепке 1-ші сыныпқа қабылдау mektep.smartnation.kz порталы арқылы 100 пайыз автоматтандырылды. Төртіншіден, педагог қызметкерлерді және білім беру ұйымдары басшыларын аттестаттаудан өткізу мемлекеттік қызмет түрі Smartnation.kz порталы арқылы автоматтандырылды.
Білімнің басты құндылықтары — отаншылдық, білімге құштарлық, еңбекқорлық қасиеттерді оқушы бойына сіңіру арқылы адамгершілік қасиетке бай, отансүйгіш патриот азаматтарды, оқуға құштар білімді ұрпақты тәрбиелейміз. Иә, болашақтың иесі — жастар, сондықтан да олардың ұлттық құндылықтармен сусындатып тәрбиелеу — біздің қолымызда. Келешектің кемел болуына бірге күш салуымыз қажет.
Президен кешегі Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек… Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі жөнінде пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде. Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек. Ата-аналар мен оқушылар алған білімінің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан, олармен де үнемі әріптестік қатынас орната білу керек. Осы мақсатта жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып отыр» — деді. Оның әрбір сөзі біздің – ұстаздардың көңіліне қуаныш һәм сенімділік ұялатып отырғанын несін жасырамыз.
– Уақыт тауып, Отырар ауданының оқу-ағарту саласы хақында мазмұнды сұхбат өрбіткеніңіз үшін рахмет! Әрдайым ұстаздарыңыз бен оқушыларыңыз ауданның жақсы атын шығарсын!
Түйін. Түнеугүні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кезекті отырысында Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Осы тақырып бойынша оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин баяндама жасады. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген басымдықтарға, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес дайындалғанын атап өтті. Тұжырымдаманы әзірлемес бұрын түрлі халықаралық зерттеулер, талдаулар жүргізіліп, сарапшылар мен педагогикалық қауымдастық арасындағы талқылаулар ұйымдастырылды. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, құжатта ведомство құзыреттілігі бойынша 6 бағыт, 17 индикатор және 109 іс-шара көзделген. А. Аймағамбетов негізгі бағыттарға тоқтала келе, бірінші кезекте балаларды ерте дамыту туралы айтып берді.
«Білім саласының ең маңызды деңгейі – балабақша. Зерттеулерге сәйкес, баланың интеллектуалды, әлеуметтік, эмоциялық, физиологиялық дамуына балабақшалардың әсері орасан зор. Сол себепті балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізілуде. Бағдарлама да, оқыту әдістері да түбегейлі өзгеруде. Бұл тәуелсіздік жылдарынан бастағанда мектепке дейінгі білім жүйесіндегі ең үлкен өзгерістің бірі», — деді А. Аймағамбетов. Оның айтуынша, бұған дейін балалар 20 минуттан сабақ оқыса, енді халықаралық тәжірибені ескере отырып, тәрбие мен оқыту балалардың жас ерекшедіктеріне сәйкес, ойын арқылы жүргізіледі. Ойын – баланың жаны мен тәніне сай келетін табиғи әрекет. Бала сол арқылы қоршаған әлемді зерттеп, оны тани отырып, қажетті дағдыларын дамытады. Яғни баланың тұтас дамуы үшін барлық жағдайлар қарастырылады. Балалар коммуникативті, өзіне сенімді, қиындықтарға төзімді, дендері сау, ашық және креативті ойлайтын, отансүйгіштік, еңбекқорлық пен білімге құштарлық құндылықтарын бойына сіңіріп балабақшадан тәрбиеленіп шығатын болады.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрі балабақшалардың қолжетімділігі мен сапасы мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін, жаңа балабақшарар ашылады, мемлекеттік тапсырысты жекеменшік балабақшаларға орналастыру жұмыстары жалғасады.
«Мемлекет басшысынаң тапсырмасына сәйкес тәрбиешілердің жүктемесі азайып, жалақысы көбейтіледі. Тәрбиешілердің біліктілігін арттыру және аттестаттау жұмыстары ұйымдастырылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тағы да қосымша кешенді шаралар қарастырылды», — деді А. Аймағамбетов.
Орта білім берудегі өзекті мәселе – білім мазмұны мен білім сапасы. Бұл ретте оқу-ағарту министрі 2016 жылдан 2021 жылға дейін мектептер жаңартылған бағдарламаларға көшкенін атап өтті. Критериалды бағалау жүйесі енгізілді. Мониторингтік зерттеулерге сәйкес, жекелеген пәндер бойынша оқу бағдарламалары, жетілдіруді қажет етеді. Қазір жұмыс тобы құрылды, жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленуде.
Мектептерге кезең-кезеңмен академиялық автономия берілетін болады. «Білім беру сапасын сырттай, тәуелсіз бағалау жүйесі енгізіледі, мектептердің аттестаттау жүйесі репрессивті мазмұннан, диагностикалық бағытқа ауысады, мектептегі қорытынды бағалаудың нәтижесін халықаралық деңгейде тану бойынша жұмыстар жүргізіледі», — деді А. Аймағамбетов.
Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жөнінде тапсырма берді. Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 800 мыңнан астам оқушы орны беріледі, бұл үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толығымен шешеді. «Жаңа мектептер үшін құрылыс пен жарақтандырудың ең жоғары, заманауи және бірыңғай стандарттары қолданылады. Келесі жылы бұрын-соңды болмаған көлемде мектептердің құрылысы басталады. Мысалы, ендігі жылы, Алматы қаласы бойынша әкімдікпен бірге жаңа 20 мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, сәйкесінше 2024 жылы Алматыда 80 мың орын салынып проблема толығымен шешіледі», — деді А. Аймағамбетов. Оның айтуынша, Астана қаласы бойынша да осындай жоспарлар бар.
Білім саласындағы қызметтерді цифрландыру
Оқу-ағарту министрі білім беру жүйесінде цифрландыруды енгізу мәселелері бойынша бірінші кезекте мектепке дейінгі білім беру мәселелеріне назар аударды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда балабақшаларға кезек цифрлық форматқа көшірілді. Өңірлер деңгейінде кезекке қою үшін 44 ақпараттық жүйе пайдаланылады, бұл кезектің қайталануына және балабақшалардағы орындардың нақты қажеттілігі туралы бірыңғай мониторинг пен деректердің болмауына әкеледі.
«Осы мәселені шешу мақсатында орталықтандырылған балабақшаларға бірыңғай кезек енгізіледі. Бұл балабақшалардағы кезекке тұруды, берілген жолдамаларды бақылауға, орындарды бөлу кезінде тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді», — деді А. Аймағамбетов. Оның айтуынша, әр педагогтің цифрлық портфолиосы енгізіледі, онда оның аттестациясы, жұмысқа қабылдау рәсімі, конкурстарға қатысуы туралы ақпарат ұсынылады.
Сондай-ақ мектептердегі оқулықтарды таңдау мен мониторингтеу цифрлық форматқа көшіріледі. «Аттестаттар мен дипломдар QR-кодпен цифрлық форматта беріледі, әр оқушының да цифрлық профилі енгізіледі. Ең қажетті қызметтер толығымен Egov пен ірі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді болады. Колледждерде білім беру бағдарламаларының бірыңғай электрондық тізілімі жасалады, сондай-ақ студенттің профилі (академиялық жетістіктері, әлеуметтік GPA, құзыреттер картасы) қалыптастырылады және QR-кодты генерациялай отырып, цифрлық дипломдар беріледі», — деді А. Аймағамбетов.
Маңызды бағыттардың бірі ерекше балаларды қолдау болып табылады. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес елімізде тағы 33 ПМПК және 23 түзету кабинеті ашылады. «Осы жылдан бастап түзету және қолдау көрсету үшін мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Ол мұқтаж балаларға тең білім беру қызметтерін алуға қолжетімділікті кеңейтуге көмектеседі. Аутизм спектрі бұзылған балалармен жұмыс істеу үшін заманауи әдістері әзірленіп, мамандар қайта даярлаудан өтеді», — деп баяндады А. Аймағамбетов. Оның айтуынша, есту, көру, сөйлеу қабілеті бұзылған, психикасы бұзылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған елімізде 98 арнайы мектеп-интернат бар. Оларға қажетті жабдық сатып алынады.
Сонымен қатар мектептің Үлгілік штаттарына педагог-ассистенттер қосылды. Бұның арқасында мыңдаған ерекше балақайлар мектептерде тең оқуға мүмкіндік алды. Бұл бағыттағы жұмыс балабақшалар деңгейінде де ұйымдастырылады. Оқу-ағарту министрі Тұжырымдамада тәрбиенің, адами құндылықтардың, отбасылық тәрбиенің маңыздылығы ерекше орын алатынын атап өтті.
Ұлы ойшыл Әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Оқыту барысында «Құндылықтарға негізделген білім беру» тәсілі қолданылады. Сондай-ақ білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, ұлттық мұраны қастерлеу, бір-бірімен сыйластық пен ынтымақтастық, мейірімділік пен қамқорлық, мемлекеттік мүдделені қорғауға дайын болу сияқты негізгі құндылықтар негізінде «Толық адам» ұлттық тәрбие моделі іске асырылады. Оқу-ағарту министрі үйірмелермен балаларды қамту білім беру саласы үшін маңызды екенін атап өтті. Бүгінгі таңда қамту 70% құрайды.
Оқушылар сарайлары, жас техниктер станциялары, музыка және өнер мектептері, балалар технопарктері ашылды. «Білім беру ұйымдарында пікірталас қозғалысы, мектеп және студенттік өзін-өзі басқару белсенді дамып келеді. Бұл балалардың сыни және аналитикалық ойлау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дебат қозғалысын және мектептердің парламенттерін барлық мектептерде дамытамыз», — деді А. Аймағамбетов. Оның айтуынша, білім беру ұйымдарында шахматты дамытуға қолдау көрсетіледі. Ол қазір факультатив ретінде 28 мыңға жуық балаға арналған 654 мектепте енгізілді. Ал мектептердегі шахмат секцияларда 200 мыңнан астам бала қамтылды. Федерациямен осы бағытта жұмыс істеу, яғни оқу-әдістемелік құралдарды дайындау, жаттықтырушылар мен педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізіледі.
Балаларды кітап оқуға баулу жұмыстары жүйелі түрле ұйымдастырылады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асырылады. «Соңғы екі жылда мектеп кітапханаларына 3,6 млн. дана балалар көркем әдебиеті сатып алынды, оның 71%-ы мемлекеттік тілде. Бұл керемет жоба», — деді А. Аймағамбетов.
Одан әрі көркем әдебиет қоры жаңартылады, әсіресе қазақ тіліндегі ғылыми-фантастикалық әдебиетпен, танымдық әдебиетпен қамтамасыз ету жұмысы жалғасады. Оқу-ағарту министрі педагог мәртебесі мәселесіне ерекше назар аударды. «Бүгінгі таңда біз «Педагог мәртебесі туралы» Заңның оң әсерін көріп отырмыз. Президенттің қолдауының арқасында педагогтердің жалақысы ұлғайтылды және 2023 жылғы қаңтардан бастап тағы 25%-ға артады», — деді А. Аймағамбетов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, мұғалімдердің кәсіби құзыреттін арттыруға ерекше назар аударылады. 2021 жылдан бастап педагогикалық жұмысқа тұру үшін сертификаттау енгізілді. Яғни диплом жұмысқа тұру үшін, енді жеткіліксіз, міндетті түрде өз пәні және әдістеме бойынша тестілеуден өту қажет.
2023 жылдан бастап біліктілікті арттыру курстарынан өту кезеңділігі өзгертіледі. Енді ол 5 жылда 1 рет емес 3 жылда бір рет болады. Курстардың мазмұны да, табиғаты да өзгеруде. «Директорлардың кадрлық резерві қалыптасады, білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау тетігін іске асыру жалғасады. Білікті кадрларды дайындау және біліктілігін арттыру үшін «Педагог» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі», — деді А. Аймағамбетов.
Балалардың құқықтарын қорғауға қатысты, оқу-ағарту министрі жетім балаларды қолдау үшін отбасылық құрылымның баламалы нысаны – кәсіби отбасы институты енгізілетінін айтты.
Мектептегі психологиялық қызметтердің рөлі артады. Педагог-психологтердің әдістемелік құралдарының бірыңғай стандарттары енгізіледі. Мектеп пен ата-аналардың өзара қатынасы, қамқоршылық кеңестерінің жұмысы жаңғыртылады.
Балалардың дамуы үшін сапалы тамақтану ерекше маңызға ие. Бұл ретте ведомство басшысы балаларды тамақпен қамтамасыз ету нормативтері, ас мәзірі қайта қаралатынын атап өтті. Бастауыш сыныптарының оқушыларына бір мезгіл ыстық тамақ беру бойынша жұмыс жалғасады. Асханаларда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйелері, тағамдардың сапасын бақылау онлайн жүйесі еңгізіледі, асханалардың материалдық техникалық базасы жаңартылады. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар жүмысшы мамандықтар бойынша 100% қамтылады. Биыл гранттар саны ұлғайтылып, рекордтық 128 мың орынды құрады. Енді студенттерге бір емес үш құзыреттілікке дейін алып шығу мүмкіндігі берілді», — деді А. Аймағамбетов.
Сұхбаттасқан Д.ӘБДІРАМАНОВ, Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.