Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында Жұмысшы мамандығының «WorldSkills Shymkent - 2023» кәсіби шеберлік чемпионатының аймақтық кезеңінің ашылу салтанаты өтті.
Аймақтық чемпионат Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары және кәсіпорындармен бірлесе отырып, ағымдағы жылдың 17-21 сәуір күндері аралығында «Жас маман» жобасы аясында заманауи құрал-жабдықтармен және техникалық жабдықталған құзыреттілік орталықтары қарастырылған, қаланың жетекші 13 колледжінің базасында өтеді.
Чемпионаттың мақсаты - жұмысшы және кәсіби мамандықты дәріптеу, бұл мамандықтардың танымдылығын және қоғамдағы беделін арттыру, бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттыру.
WorldSkills – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген Халықаралық жоба. Кәсіптік-техникалық мамандықтың деңгейін арттыратын бұл жобаға Қазақстан 2015 жылы алғаш рет қатысып, халықаралық деңгейде жүлделі орын иегері бола білді. Жоба шеңберінде қоғамға ең қажетті маман иелерінің біліктілігін арттыру жоспарланған.
«WorldSkills» чемпионатының аймақтық кезеңіне 45 құзыреттілік бойынша 204 үміткердің қатысуымен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Өндірістік және инженерлік технологиялар», «Қызмет көрсету саласы», «Білім беру», «Медицина», «Шығармашылық және дизайн», «Құрылыс индустриясы», «Көлік және логистика» бағыттары бойынша өткізіледі.
Чемпионат қатысушыларының конкурстық жұмыстарын қала аумағындағы кәсіпорындардың жетекші мамандарынан құралған тәуелсіз сарапшылар бағалайды.
«WorldSkills Shymkent - 2023» кәсіби шеберлік чемпионаты өткізілуі барысында 9-11 сынып түлектері үшін «Ашық есік» күндері ұйымдастырылып, өткізілмек. «Ашық есік» күндері мектеп оқушыларына колледждердің материалдық-техникалық базасы мен жетістіктері таныстырылып, инновациялық жобалар көрмесі ұйымдастырылып өткізіледі.