Қала әкімінің өзі бұл мәселені қадағалауға алып, құзырлыларға тиісті тапсырмаларды берді. Қазір Шымкентте 7 білім нысанында қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов аумағы кеңейтіліп жатқан бірқатар білім ошақтарының құрылыс жұмыстарымен танысты. Сайрам шағынауданындағы №65 мектеп-гимназиясының қосымша 600 орындық оқу корпусы бой көтеруде. Соңғы үлгіде салынған ғимаратта сынып бөлмелері, кітапхана, логопед кабинеті, спортзал, 220 орынға арналған асхана қарастырылған. Мұрат Дүйсенбекұлы Ш.Қалдаяқов көшесіндегі №45 мектеп-гимназиясында да болып, 300 орынға арналған 3 қабатты қосымша ғимараттың құрылыс-монтаж жұмыстарын қадағалады. Заманауи талапқа сай салынған оқу корпусында сынып бөлмелерінен бөлек, спортзал, зертхана бөлмелері, 78 орынға арналған асхана қарастырылған. “ Ғимараттардың интерері классикалық үлгіде болуы керек. Бұл ретте дизайнерлермен тиісті жұмыстарды жүргізіңіздер. Құрылысқа қатысты өзекті мәселелер дер кезінде шешілуі тиіс” - деді қала әкімі. Мұрат Дүйсенбекұлы М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназиясының да қосымша корпустарының құрылысын тексерді. 1 100 орынға арналған ғимаратта сынып бөлмелері, 250 орындық акты залы, спортзал, 320–орындық асхана құрылысы жобаланған. Қала әкімі жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, нысандарды өндірістік кестеге сай саяқтап, үш ауысым мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Тілге тиек етейік, Шымкентте 2023-2025 жылдар аралығында "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасы аясында 25 мектептің құрылысы жүргізілмек. Аталмыш пилоттық білім нысандары жалпы 37700 орынға арналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылады. Яғни, Шымкентте 2023 жылы 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал келесі жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады.