Бейсенбі, 18 Мамыр 2023 18:43

Шымкент: Соңғы қоңырау тек түлектер үшін соғылады!

Осы жылдан бастап ел мектептеріндегі оқу жылы 31 мамырда аяқталады.

Шымкентте биыл тоғызыншы сыныптың 21 485 оқушысы және он бірінші сыныптың 11 653 оқушысы оқуын аяқтайды. 1 маусымда тек 9, 11 сынып түлектері үшін салтанатты жиындар өтіп, соңғы қоңырау соғылады.

11-сынып түлектеріне мемлекеттік үлгідегі аттестат 20-22 маусымда тапсырылады, деп хабарлады Шымкент қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Қалалық білім басқармасының 24.04.2023 ж. №184 бұйрығы негізінде мұғалімдерге сыйлықтар мен ағымдағы жөндеуге, кез келген мерекелік іс-шараларға, кеңсе және шаруашылық тауарларын сатып алуға ақша жинауға қатаң тыйым салынады.

Шымкент мектептерінің басшыларына мектеп директорлары үшін заңсыз материалдық сыйақы мен пара алу үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы хабарланды: 600 АЕК (2 млн теңгеден астам) айыппұл. Қылмыстық құқық бұзушылық үшін жаза – параның 20 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұлдан бастап 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін, мүлкі тәркілену көзделген. Сондай-ақ мұғалімдерге құны 10 АЕК-тен (34500 мың теңге) асатын сыйлықтар беруге тыйым салынады. Өзге жағдайда 2000 АЕК-ке дейін (6,9 млн теңге) айыппұл түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар, соңғы қоңырауды өткізгеннен кейін түлектерге кортеждерде автошерулер, кафелерде банкеттер ұйымдастыруға және қала сыртына шығуға тыйым салынады.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева өзінің Facebook парақшасында ата-аналар мен шенеуніктер арасында дау тудырған соңғы қоңыраудың күшін жою туралы мәселені көтерген-ді.

Бұл мәселеде Министрлікке нүкте қойылды-соңғы қоңырау болады!

 

Оқылды 305 рет