ШЫМКЕНТТІК ҰСТАЗҒА "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҰСТАЗЫ" АТАҒЫ БЕРІЛДІ

Кунтаева Марфуга - жаңаша ойлайтын, қарапайым,оқушының ойына сенім ұялата алатын, түсінігі мол, білімді, өз кәсібінің майталманы.

Сонымен қоса отбасында жолдасы екеуі бір қыз тәрбиелеп отырған мейірімді ана. Күйеуі Туреходжаев Абдижайбар Жахаевич еңбек жолын Шымкент әскерилендірілген теміржол бекетінде оператор қызметінен бастаған. Бүгінде "Көкжал" аналитикс қауіпсіздік қызметінің күзетшісі. Қазіргі уақытта қызы Жақай Махаббат Абдижайбарқызы "Профарма" компаниясының бөлім меңгерушісі қызметін атқарады.

Оқыту мен оқуда құзыреттілік танытатын көшбасшы ұстаз. Қазіргі заман талабына сай өз білімін үнемі жетілдіріп отыратын, сабақтарында инновациялық технологияларды ұтымды пайдаланатын, әр баланың жан дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы білікті педагог-маман. Ұстаз өзінің адамгершілігімен, асыл қасиеттерімен де ұжымда жоғары беделге ие. Сонымен қатар, гимназия сыныптарын өзінің авторлық бағдарламасы бойынша оқытады.

2008 жылы «Ең үздік авторлық бағдарлама» атты облыстық байқауда І дәрежелі дипломды иеленді. Шешендік өнерге баулудағы тәжірибесі арқау болған бірнеше мақалалары мерзімдік республикалық, облыстық, қалалық баспасөз беттерінде жарияланып отырды. Кунтаева - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен болған мұғалімдердің олимпиадасының да жеңімпазы .Жаңартылған білім беру жағдайындағы сабақты жаңартудың интербелсенді әдістері,оқыту әдістерін жаңа тұрпатты сабақты құрылымдауда тиімді қолдану, олардың ерекшелігі туралы өзінің тәжірибесін 2018 жылы «Жаңа тұрпатты сабақты құрылымдау» атты әдістемелік нұсқаулық құралы арқылы облыс, қала мұғалімдерімен бөлісті. 2019 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2020 жылы Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы «Мың бала» интеллектуалды орталығы білім порталы «Үздік сабақ жоспары» атты республикалық байқауына қатысып І орын алды.

2020 жылы Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен білім саласы қызметкерлеріне арналған «Мұғалім еңбегі-рухани жаңғыру негізі» атты ІІІ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысып,білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін дипломмен және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Қорының «Үздік қазақ тілді интернет –сайт сыйлығы» байқауында «Білім бұлағы» аталымының жеңімпазы атанған 2-дәрежелі дипломымен марапатталды.

«Ұстаздан шәкірт озады» демекші, өзі тәрбиелеген оқушылары биік тұғырдан көрінуде. 2009 жылы республикалық Х Абай оқулары байқауында Сапарбеков Бекжан 2-орынды және республикалық «Ақ қауырсын»- 2 шығарма байқауында шәкірті Санақұл Шаһар 3-орынға ие болды.

Кунтаева Марфуга оқушылардың рухани әлемін сәулелендіру мақсатында оқырмандықты дамытуды арнайы курс арқылы жүргізіп келеді. Нәтижесінде шәкірттері А.Байтөре ,М.Құралбай , А.Асылбек 2015 жылы «Kel ,balalar, okylyk» ұлттық сауаттылық қауымдастығы ұйымдастырған «Ойлы оқырман» республикалық байқауында «Ең қызықты кітап» номинациясы бойынша І, ІІ дәрежелі дипломдарға ие болды.

Өз пәнінің шебері білім нәрімен сусындатқан оқушылар Курбенова Маржан 2009 жылы, Тұрсынбай Жансая 2010 жылғы облыстық пән олимпиадасының жүлдегерлері ретінде С.Демирел атындағы ОАУ –нің гранттарына ие болған. Қазақ тілі мен әдебиетінен болған облыстық пән олимпиадасында 2016, 2017, 2018 жылдары, яғни үш жыл қатарынан шәкірттері: Санақұл ШаҺар , Жанбырбаева Зарина, Асей Мадина жүлделі І орынды иеленген болатын.Биылғы республикалық пән олимпиадасында 11 -сынып оқушысы Асей Мадина жүлдегер атанды. «Жарқын болашақ» олимпиадасының да қалалық, облыстық кезеңдерінің бірнеше дүркін жүлдегерлері де Марфуга Абуталиповнаның шәкірттері. Қазақ тілінен болған халықаралық «Nalanda» қашықтық олимпиадасына 21 оқушысы қатысып, жүлделі орындарға ие болған.Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы 2016 жылы «Эрудит» Интеллектуалды білім порталының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырған байқауында 11 –сынып оқушысы Арапбай Ақниет 1- дәрежелі дипломмен марапатталған . 2017 жылы 10-сынып оқушысы Батырбек Аружан 8-11-сынып оқушылары арасындағы Семей қаласында өткен «Ақберен» IV республикалық ақындық және шешендік өнер байқауының «Эссе жазу» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломға ие болып, жеңімпаз атанған.

2019 жылы 7- сынып оқушысы Абуталип Тоғжан «Мәңгілік ел жастары» республикалық онлайн байқауының ІІ орын дипломмен марапатталған. 2020 жылы Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Абай мұрасы танымдық порталы ұйымдастырған «Көңілімнің санасы» байқауында 7»Д» сынып оқушысы Абитова Алтын 1- орынды, Абай мұрасы танымдық порталы ұйымдастырған «Көзімнің қарасы» байқауында 7»Д» сынып оқушысы Алатай Нұргүл 2-орынды иеленді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы бері Кунтаева Марфуга сабақ беретін мектеп бітіруші түлектердің білім сапасы 100%-ды құрайды.

 

ШЫМКЕНТТЕ «INTERNATIONAL EDUCATIONAL FAIR 2023» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ КӨРМЕСІ ӨТТІ

Бүгін Шымкентте «International Educational Fair 2023» халықаралық білім көрмесі өтті. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева арнайы келіп, болашақ студенттер мен жас мамандарға сәттілік тілеп, қолдау көрсетті.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономика салаларындағы кадр тапшылығын, сондай-ақ, білім беру жүйесін өзгерту қажеттігін ерекше атап өтті. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған көрме жастарымыздың дамуына үлкен мүмкіндік береді. Осынау ауқымды іс-шараға әлемнің 60 елінен түрлі университеттер қатысып отыр. Бүгінде көптеген дамыған елдерде тегін білім алу жолдары қарастырлған. Оған қоса жастардың шет елде жоғары білім алуына мемлекет тарапынан ла қолайлы жағдай жасалып жатыр. Жас мамандардың осы мүмкіндікті пайдаланып, заман талабына сай сапалы білім алуына тілектестік білдіремін. Еліміздің болашағы жастардың қолында десек, осындай іс-шаралар арқылы еліміздің кадрлық әлеуеті мықты да білікті мамандармен толысатындығына сенімім мол, –деді Қ.Асылов.

Қазан айының 7-сіне дейін жалғасатын көрменің жабылу салтанаты Ташкент қаласында өтпек. «Аіі Group» білім және мәдениет, медиа компаниясы, «Віlіm» ЖШС-інің бастамасымен өткен көрме қазақстандық жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, шетелдік білімнің қолжетімділігі мен таңдау ауқымын көрсету, жастардың жан-жақты дамуы мен білімді, дарынды жастарға тәжірбие алмасуына қолдау білдіру мақсатында жеті жыл бойы ұйымдастырылып келеді.

Айта кетейік, Биыл «International Educational Fair 2023» білім көрмесіне әлемнің 60-тан астам елдерінің оқу орындары қатысты. Оның ішінде жастардың қызығушылығын Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Чехия, Оңтүстік Корея, Малайзия елдерінің университеттері мен білім гранттары қызықтырып отыр. Көрмеге қаламыздың оқу орындары мен мектептерден 1 мыңға жуық талапкерлер қатысты.