ШЫМКЕНТТЕГІ ҚҰРСАЙДА 900 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП САЛЫНЫП ЖАТЫР

 Мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі. Шымкентте білім саласын арттырып, апаттық мектептер санын жою және 3 ауысымдық мектептерді азайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бүгінде 50 пайызға жуығы орындалып үлгерген. «Тұран» ауданына қарасты «Құрсай» елді мекенінде салынып жатқан білім ордасы осы мәселені шешуге өз үлесін қосады. Білім ордасы жаңа оқу жылында есігін айқара ашады деп күтілуде. Елді мекендегі Шаштөбе көшесіндегі жаңа мектептің құрылысы 2022 жылы басталған.  "Әл-Фараби" атындағы білім ордасы 900 балаға арналған. Бүгінде құрылыс аяқталуға таяу. Жеке инвестордың есебінен салынып жатқан мектеп құрылысы 2023 жылы жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарлануда. Айта кетейік, енді мектептерде үш ауысым болмайды. Шымкенттегі білім ордалары бірінші сынып оқушыларын жақсы жаңалықтармен қарсы алмақ. Білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылынан бастап мектептер бір немесе екі ауысымды оқуға толығымен ауысады. Бірнеше білім ұясының ашылуы қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесін шешеді.

«Білім беру нысандарын дамыту мақсатында 2025 жылға дейін 101 мектеп салу жоспарда. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 2025 дейін 38 мыңға жуық орынды 25 мектепті пайдалануға береміз», -деді қала басшысы Мұрат Әйтенов жергілікті мәслихат депутаттарының кезекті ХХІІ сессия отырысында жасаған есебінде.

Шымкентте үш ауысымдық тек үш мектеп қалған еді. Жаңа оқу жылынан бастап білім ордаларында сабақтар тек екі ауысымда өтеді. Мұндай мүмкіндік – жаңа мектептер мен жұмыс істеп тұрған білім ұяларына қосымша ғимараттар салудың арқасында пайда болды.Айта кетейік, Шымкент қаласында 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес 75 015 орынға арналған 77 мектеп салу жоспарланған еді. Оның 54-і мемлекет есебінен, 4-уі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, ал 19 мектеп жеке инвесторлар есебінен бой көтермек.

ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІ МЕН СИАНЬ УНИВЕРСИТЕТІ АРАСЫНДА ЫНТЫМАҚТАҚТАСТЫҚ ОРНАДЫ

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті басшылығы халықаралық байланыстырды нығайту мақсатында Сиань халықаралық зерттеулер университінің өкілдерімен кездесіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Кездесу барысында студенттердің академиялық ұтқырлық аясында білім алуы, магистранттар мен докторанттардың тағылымдамадан өтуі, оқытушылармен алмасуы, бірлескен зерттеулер жүргізу және оқу орнының халықаралық бастамаларға қатысуы бағытындағы ынтымақтастықты дамыту тетіктері талқыланды. Бұл ынтымақтастық студенттердің, магистранттардың, докторанттардың, профессор оқытушы құрамының және ғылыми қызметкерлерінің үлкен мүмкіндіктеріне жол ашады.

Сонымен қатар, Әуезов университеті Қытай сапарының аясында Сиань медицина университетінің жұмысымен танысты.

Айта кетейік, 2023 жылғы 4-7 шілде күндері Шымкент қаласының өкілдері Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында іскерлік кездесулер өткізуде. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов бастаған делегация құрамында баақарма басшылары, аудан әкімдері және қалалық маслихат депутаттары мен білім беру және бизнес өкілдері бар. Іс-сапардың негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында Шымкент пен Сиань қалалары арасында қол қойылған өзара серіктестік орнату туралы меморандумға сәйкес тараптар арасында жан-жақты байланыс орнатып, өзара тәжірбие алмасу. Еске сала кетсек, былтыр Шымкент пен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымы 236,6 миллион АҚШ долларына жеткен. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан миллионды қала арқылы Еуропа мен Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" трансұлттық көлік дәлізі өтеді. Мегаполистің Орталық Азияда инвестициялар, технологиялар мен зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығы болуда әлеуеті зор. Қытай тарапы республикадағы үшінші қаланың осындай мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, түрлі салада ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға қызығушылық танытқан болатын. Бас консул қыркүйек айында Шымкент делегациясын Сиань қаласында өтетін экономикалық мәселелер талқыланатын ауқымды шараға қатысып, қаланың мүмкіндіктерімен танысуға шақырған еді.

ШЫМКЕНТ: ТҰРАНДА БОЙ КӨТЕРІП ЖАТҚАН ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Тұран шағынауданында Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге құрылыс алаңында болып, жұмыс қарқынын қадағалады.

Заманауи талапқа сай бой көтеретін ғимаратта оқушылардың сабақтан тыс уақытта әр түрлі үйірмелерде шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени бағытта дамуына барлық жағдай жасалады. 3 блоктан тұратын 3 қабатты ғимараттың жалпы сыйымдылығы 500 орындық. Жобада 35 орынға арналған асхана, 80 көлікке арналған автотұрағы қарастырылған.  Құрылысы мамыр айында басталған ғимарат жоспарға сай келесі жылы қолданысқа беріледі. Құрылыс жұмыстарына әзірге 50 адам 4 техника жұмылдырылып отыр. Осыған дейін мұнда жер қазылып, іргетасының жартысынан астамы құйылған. Қазір қабырғалар тұрғызылып, бағаналар орнатыла бастады.  

М. Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыстың өндірістік кестеге сай жүргізілуін бақылауға алып, сапасыздыққа жол бермес үшін жұмыс барысында тиісті талаптарды назарға алу қажеттігін ескертті.  

Айта кетейік, қалада 2025 жылға дейін тағы 3 оқушылар сарайы мен 8 өнер мектебі салынады. Бұл орталықтар өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, жан-жақты дамытуда маңызы зор.  Бұған дейін Шымкенттің Нұрсәт шағынауданында мегаполистің кескін-келбетін айшықтайтын 500 орындық сәулетті ғимарат - балалар шығармашылығын дамытуға жол ашатын оқушылар сарайы ашылған болатын. 4 ауысымда жұмыс істейтін ғимаратта бассейн, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдары орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау үйірмелері жұмыс істейді. Ал ғылыми-техникалық секторда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелері ашылады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сондай-ақ балалар мұнда футболға баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады. Сән-салтанаты келіскен әсем ғимаратта оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді үйлестіре отырып, қарым-қабылетін дамытуға барлық жағдай жасалған.

 

ШЫМКЕНТ «АЛТЫН ТҮЙМЕ» БЕЛГІСІН АЛТЫНШЫ РЕТ ИЕЛЕНДІ

Шымкент қаласы биылғы оқу жылында да цифрлық білім беру үдерісінде республика бойынша көш бастады. Қалалық білім басқармасына қарасты орта білім беру ұйымдары элекрондық журналды жүйелі толтыруы, мектеп мәзірінің сандық нұсқасын талапқа сай жүргізуі нәтижесінде осымен алтыншы рет «Алтын түйме» белгісін иеленіп отыр. Бұған дейін жергілікті білім ұйымдары «Алтын түйме» белгілеріне 2020-2021 оқу жылында – 2 рет, 2021-2022 жылында -2 рет және 2022-2023 оқу жылының І жартыжылдығында ие болған еді.

«Алтын түйме» белгісі Kundelik.kz жүйесіндегі мәліметтер негізінде білім ұйымдарының электрондық журналдарды сапалы және уақтылы толтыруы ескеріле отырып беріледі.

 Республика кесіндісінде Шымкент қаласы цифрлық білім беру үдерісінде тағы да көш басынан көрінді.

Білім басқармасына қарасты орта білім беру ұйымдарының элекрондық журналды жүйелі толтыруы және цифрлық ақпаратты меңгеруі, цифрлық сауаттылық пен Kundelik.kz электрондық журналын жоғары деңгейде пайдаланғандығы негізінде алғаш рет ұйымдастырылған ҮЗДІК ӨҢІР марапатына ие болды.

«Сандық мұғалім көрсеткіші бойынша үздік аймақ» марапатын - оқушылардың тамақтануын автоматтандыру мен ашықтыққа бағытталған прогрессивті жұмысы үшін табыстады.

Аталған жетістіктер қала мектептерінің тиянақты жұмысы мен мол жауапкершілік таныта отырып, дамылсыз еңбектерінің жемісі болып табылады.

Барша қала педагогтерін Сүйікті Шымқаламыздың цифрландыру үдерісінде білім сапасын арттыруға қосқан орасан зор еңбектері мен кәсіби шеберліктері, күш-жігерлері үшін алғыс білдіреміз.

Біз сіздердің күнделікті жұмыстарыңызға жұмсайтын еңбекқорлықтарыңыз, шын жүректен ризамыз. Сіздердің еңбектеріңіз еліміздің заманауи білім беру жүйесін дамытудың іргелі құрамдас бөлігі болып табылады.

ЗИЯТКЕР ҰЛТ ТӘРБИЕЛЕУ — МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

М.Әуезов атындағы ОҚУ «Химия және фармацевтикалық инженерия» кафедрасының доценті, химия ғылымдарының кандидаты Мырзабай НАРМАНОВ осылай дейді. Ол бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлтжанды, отаншылдық рухы биік, зияткер ұлт тәрбиелеу — маңызды міндет екенін алға тартады. Себебі, надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитеті қалыптасқан саналы ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің ертеңін қалыптастырамыз.

 XXI ғасыр білім мен интеллект ғасыры екені айдан анық. Яғни, біз өмір сүріп отырған кезеңде еліміздің экономикасын, әлеуметтік әлеуетін және саясатын, бір сөзбен айтқанда, болашақ дамуын интеллектуалды адам капиталы айқындайды. Жаппай жаһандану дәуірі қоғам дамуының жаңа талаптары мен міндеттерін алға тартуда. Ғылыми-техникалық үрдістердің жылдам қарқынмен дамуы қоғамдық сананы өзгертті.  Білім мен ғылымның қоғаммен байланысы мүлде жаңа арнаға ауысты. Міне, сондықтан да қазіргідей ақпарат тасқынына адасып кетпей, бәсекелестік көшіне ілесу үшін интеллектуалды ұлт қалыптастырудың  маңызы зор болып отыр.

Зияткер ұлт қалыптастыру – ол жастарымызды жаңа формацияға тәрбиелеу. Ал, ол үшін негізгі үш бағытта әрекет ету қажет. Бірінші бағыт — білім беру сапасын заманауи талаптарға сай дамыту. Екінші бағыт — ғылымды дамыту және ғылыми әлеуетті арттыру. Үшіншісі, инновациялық даму жүйесіне басымдық беру. Осы мәселелердің қаншалықты өзекті екенін оқу-ағарту саласындағы өзгерістен-ақ байқауға болады. Яғни, білім мен ғылымды қарқынды дамыту үшін былтыр ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі болып қайта құрылды. 

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жоғарыда аталған бағыттарды негізге ала отырып, білім беру процесіне түрлі жаңалықтар енгізуде. Әсіресе, химиялық инженерия және биотехнология жоғары мектебінде екінші бағыт бойынша тиімді жұмыс жүргізіліп келеді. Білім беру бағдарламасы жұмыс берушілердің сұранысына сай толықтырылып, зертханалар түрлі тәжірибені сынақтан өткізу үшін заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, теория мен тәжірибені ұштастыруда дуальді білім беру жүйесі сәтті түрде қолданылып отыр.

Мемлекеттің интеллектуалды әлеуетінің негізі және басты көрсеткіші  сапалы білім мен сындарлы ғылым десек, жоғары оқу орындары еліміздің білікті кадрларын қалыптастыратын және интеллектуальды әлеуетін дамытатын орта болып табылады. Бұл жүйе қаншалықты тиімді жұмыс істесе, еліміз саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тұрақты түрде дамиды деп сенемін. Бүгінгі экономика интеллектуалды еңбекке негізделген. Ал, интеллектуалды еңбектің қозғаушы күші — жастар. Сондықтан саяси тұрғыдан жаңарған Қазақстанда рухани дүниесі бай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елінің ертеңіне бей-жай қарамайтын, кәсіби шеберлігі жоғары, технологиялық процестерді меңгерген жан-жақты, зияткер ұлт тәрбиелеу —  әрбір ұстаздың міндеті деп санаймыз.

 

ШЫМКЕНТТЕ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ

Шымкент қаласы «Нұрсәт» шағын ауданында салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылысы аяқталды. Балалар шығармашылығын дамытуға арналған орталықтың жалпы сыйымдылығы 500 орындық. Яғни, бір уақытта 500 бала шығармашылықпен айналыса алады. Мекеме тәулігіне 4 ауысымда жұмыс істейтіндіктен, жоба бойынша күніне 2000 бала қабылдануға мүмкіндік бар.

Аталған мектеп оқушылардың қабілетін шыңдап, талант көзін ашып, ой-өрісін дамытатын болады.

Тоғыз жүз мың шаршы метрді құрайтын, үш қабатты ғимараттың ішінде оқушылар үшін бассейн, күресу залы, жекпе-жек залы, үстел теннисі ойындарының залы орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма үйірмесі, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау залы бар. Ғылыми техникалық бөлігінде 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, ал гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелерін табуға болады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сонымен қатар футбол алаңы, баскетбол, волейбол, воркаут, балалар ойын алаңы оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалануға арналады.

Нысанды «BI-Global» ЖШС-і салды. Нысанның құрылысы 2021 жылдың аяғында басталды. Таяу арада Оқушылар сарайы мемлекеттік мекеме ретінде балалар игілігі үшін пайданалуға беріліп, жүзге жуық қызметкер жұмысқа тартылады деп күтілуде.

Айта кетейік, 2023 жылы Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынан 123,4 миллиард теңгеге 156 нысан салу жоспарланған. Қазіргі таңда 74 жобаның құрылысы басталып, 5,8 млрд теңге игерілген. Жыл соңына дейін 94 нысанның құрылсын аяқтау көзделген. Басқарманың 1-тоқсанда атқарылған жұмыстарының қорытындысы бойынша 2 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылған. 13 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі болып отыр. Сондай-ақ, 2023 жылы қаладағы 3 төтенше жағдайлар нысанның құрылысы қарқынды жүргізіледі. Атап айтатын болсақ, ӘІО 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы мен Түркістан көшесіндегі 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы, сондай-ақ, Сайрам шаған ауданындағы 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосына құрылыс жүргізіледі. Сонымен қатар, Шымсити шағын ауданында 2 саябақтың құрылысы басталса, Қазыбек би көшесі, 36 мекен-жайында орналасқан денсаулық сақтау нысанының құрылысын аяқтау көзделгеліп отыр. Одан бөлек, биыл 7 білім нысанының құрылысы жүрігізілетін болады. Оның ішінде 6 нысан құрылысын жыл соңына аяқтау жоспарланған. Сонымен қоса, биылғы жылы Конгресс-холл құрылысы мен 4 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Оның ішінде «Метталург» стадионын реконструкциялау, №12 спорт мектебіне қосымша ғимарат салу, Бозарық шағын ауданындағы ауыр атлетика мектебінің құрылысы, Желтоқсан көшесіндегі медициналық колледждің спортзалын салу жұмыстары бар.

ШЫМКЕНТТЕ САЯБАҚТА ТІЛ ҮЙРЕНУГЕ БОЛАДЫ

Шымкенттегі Орталық саябақта тіл үйренуге болады.  Яғни, қала әкімдігінің қолдауымен және Alpha Academy білім гранттар орталығының ұйымдастыруымен «Тілдер саябағы» атты әлеуметтік жоба басталды. Жоба аясында 6 жастан бастап кез келген қала тұрғыны саябаққа келіп, қазақ, ағылшын, орыс тілдерін үйрене алады. Оқытушылар – тілді жақсы меңгерген Alpha Academy орталығының еріктілері.

2016 жылы алғаш рет Алматы қаласынан бастау алған бұл жоба басқа қалалардан да қолдау тауып, Тараз, Шымкентте былтырдан бері өткізіліп келеді. Еліміздегі тіл саясатына үлес қосу, әлеуметтік жоба арқылы қазақ тілін насихаттай отырып, қатысушыларды тіл үйренуге деген ынтасын арттыруды көздеген жобаға Шымкентте де қызығушылардың қарасы көп болған. Жобаға былтыр қаламыздан 400-дей оқушы қатысып, сертификат алған екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл да тіл үйренуге ынталылар саны артқан.

– Бұл – халыққа арналған тың жоба. Тіл үйретуде қатысушылардың жас шамасын ескеріп, ерекше тәсілді қолданамыз. Осы орайда, біздің оқытушыларымыз академиямыздың тіл үйрету әдісін жақсы меңгерген 10-11 сынып оқушылары. Олар ерікті түрде жаздың 3 айында Орталық саябақта сабақ өтпеді. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Біздің жастардың тіл үйрету әдісі баршаңызға ұнайды деген сенімдеміз, – дейді Alpha Academy Шымкент филиалының директоры Айгерім Шерім.

Жобаның ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қалалық Тілдерді Оқыту-Әдістемелік Орталығының директоры Гүлмира Қалыбайқызы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде осындай жобалардың керектігін атап өтті.

Айта кетейік, Шымкент қалалық тіл орталығында басқа елдерден келген қала тұрғындары да, Шымкент қаласының қонақтары да шет тілдерін үйренеді. Қазақ тілін үйренгісі келетін Ресей, Ауғанстан, Украина, Татарстан, Әзірбайжаннан келген шетел азаматтары енді бастапқы деңгейде қазақша сөйлей алады.

Сонымен қатар, орталық мамандары шетелдіктерді қазақ тілімен ғана емес, еліміздің тарихы мен өмірімен де таныстыру үшін көрікті жерлер мен тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырады.

Жалпы, орталықта тіл үйренгісі келетін азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Мұғалімдер әртүрлі әдістерді қолданады және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін тынымсыз еңбек етеді.

ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР «ÓRLEÝ»-МЕН ТЕГІН ОҚУҒА ТҮСЕ АЛАДЫ

Академик Шахмардан Есенова атындағы ғылыми білім беру қоры жоғары (бакалавриат) оқу орнының ақысын төлеу үшін мемлекеттік немесе өзге де грантқа ие бола алмаған, аз қамтылған отбасылардан шыққан талапкерлерге 10 грант байқауын жариялайды.

Жаратылыстану-ғылыми және техникалық ғылымдар, педагогикалық (тек жаратылыстану пәндері бойынша) бағыттары бойынша мамандықтар алу үшін қазақстандық жоғары оқу орнында оқуды жоспарлап отырған мектептің/балалар үйінің/жасөспірімдер үйінің/колледждің түлегі бағдарлама қатысушысы бола алады. Өтінімдер ерекше қажеттіліктері бар жастардан да қабылданады.
«ÓRLEÝ» (Өрлеу) бағдарламасының байқауына қатысу үшін 2023 жылғы 25 сәуір мен 14 шілде аралығында Қордың yessenovfoundation.org сайты арқылы онлайн өтінім беру қажет.
* Өтінімдерді қабылдау 2023 жылғы 14 шілдеде Астана уақыты бойынша сағат 15:00-де (GMT + 6). аяқталады.
Өтінімге келесі құжаттар қоса берілуі керек:

Грант ізденушінің ата-анасы және (немесе) заңды өкілі үшін міндетті құжаттар:
1. жеке куәліктің сканерленген көшірмесі;
2. зейнетақы туралы анықтама: жасы, мүгедектігі бойынша (бар болса);
3. жәрдемақы туралы анықтама: Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес асыраушысынан айрылу, жұмыссыздық, АӘК және өзге де негіздер бойынша (бар болса);
4. кәсiпкерлiк объектiсiнiң болуы немесе болмауы туралы анықтама;
5. грант ізденушінің заңды өкілінен және (немесе) ата-анасынан өтінім берілген күн бойынша зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
6. тұрғын үйдің, автокөліктің, қосалқы шаруашылықтың, т.б. болуы/болмауы туралы ақпарат.

Грантқа үміткер үшін міндетті құжаттар:
1. Жеке куәліктің сканерленген көшірмесі;
2. Келесілерден тұратын мотивациялық хат (750 сөзден аспайтын):
a. өзіңіз және отбасыңыз, отбасында қанша адам тұратыны туралы ақпарат;
b. қызығушылықтары мен әуестіктері туралы;
c. жетістіктері туралы;
d. оқу ақысын төлеуге қаржылай көмек көрсету қажеттілігінің себептері туралы ақпарат;
e. білім алу үшін дәл осы мамандықты таңдау себебі;
f. таяудағы 10 жылға арналған жоспарлар туралы.
3. Орта мектепті/колледжді бітіргені туралы аттестат/диплом («жақсы және өте жақсы» деген бағаларынан төмен ізденушілердің өтінімдері қаралмайды), ҰБТ тапсырғаны туралы сертификат (ЖОО-ға түсу үшін), ЖОО студенттері үшін транскрипт;
4. Мүгедектігі туралы анықтама (бар болса);
5. Балалар үйі немесе жасөспірімдер үйі тәрбиеленушісінің анықтамасы.

Қосымша құжаттар:
1. Академиялық жетістіктері үшін грамоталар мен дипломдар – 2 данадан көп емес *;
2. Басқа жетістіктері (спорттық, шығармашылық және т.б.) үшін грамоталар мен дипломдар – 2 данадан көп емес*;
3. Соңғы үш жылдағы фото:
a. барлық отбасы мүшелері немесе олардың көпшілігі бар отбасылық (соңғы үш жылда) – 2 дана.
Қажет болған жағдайда, Қор қосымша құжаттарды талап ету құқығын өзіне қалдырады.