Дүйсенбі, 09 Қазан 2023 14:15

Отырар ауданы: Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовты еске алу кеші өтті

Отырар ауданында қазақ музыкасының қорын байытып, қазақ даласын әнімен тербеткен Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне арналған «Әнім сен едің!» атты концерт өтті. Мерекелік шараға Отырар ауданы әкімі Сәкен Сұлтанханов пен Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Ән әлемінің падишасы, тәуелсіз еліміздің мемлекеттік әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовты – күллі қазақ даласын әуелеген әсем әндерімен тербеткен «Вальс короліне» өнерсүйер халқы жүрегінің төрінен орын беріп, шартарапты шарлап кеткен абыройлы атын көкке көтеріп құрметтеп келеді. Оған Шәмшінің құрметіне орай өткізілген өнер фестивальдері мен ән кештері айқын дәлел бола алады.

Сонымен, жылдағы берік қалыптасқан ізгі дәстүр бойынша Шәмші Қалдаяқовқа биыл да айрықша құрмет көрсетілді. Ұлы сазгердің қастерлі есімін иеленген ауылдағы «Шәмші музейі» үйінде сазгердің туған күніне орай «Әнім сен едің» атты мазмұнды іс-шара өтті. Халқымыз үшін әрдайым қастерлі бола беретін көрнекті перзенттің кешіне келген қонақтар бұл күні Шәмші ескерткішіне гүл шоқтарын қою, кітап және сурет көрмелерімен танысу, театрландырылған көріністі тамашалау секілді зор мән беріле рет-ретімен тақырыпқа сай тартымды өткен іс-шараларға куә болып, ризашылықпен қолдарын соқты. Музей үйіндегі әрбір құнды жәдігермен қызыға, құмарта танысқан жұртшылыққа осы жерде одан әрі сәтті ұйымдастырылған ашық сырласу да ерекше тебірентіп, айрықша әсер сыйлады.

Есімін әрқашан мақтаныш ете беретін ән әлемінің падишасының кешінің сәні әуелеген әсем әндер емес пе?! Осы игі дәстүр бұл күні де жалғасын тауып қызықты да мазмұнды өткен кеште сазгердің сыршыл да әсерлі, нәзік иірімдермен өрілген әндері әуелете шырқалып, Танымал әнші Хадиша Шалабаеваның орындауындағы «Отырардағы той» әнімен ашылған кеште белгілі эстрада жұлдыздары мен Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы өнер көрсетті. Соның ішінде Алтынай Жорабаева, Қазыбек Құрайыш, «Тuran boys» квартеті, Дінмұхамед – Дана, «Дарын» квартеті, Айжан Таженова, Бибігүл Әшірбаева, Замира Ысқақ, Мұрат Даниярұлы, Ержан Темірбаев, Аяжан Нұрмаханбет, тағы басқа сынды таланттар бар.

Алаштың маңдайына бақ болып біткен ұлы композитордың әндерімен бірнеше ұрпақ өсіп жетілді. Шәмші әндерін бүгін де еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін шырқайды. Ал «Шәмші аға» деген сөз «Ән аға» деген сөзбен тұтасып, синоним болып кеткендей. Біртуар азаматтың қоржынында 300-ге тарта ән бар. Әрбір туындысы жүрек төрінде жатталған өнер иесінің әндері ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Сондықтан да ұлы сазгердің есімі қазақ үшін қашан да қастерлі.

Салтанатты шарада Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов жанға жайлы кешкі тынық ауаны рахаттана жұтып, әсерлі кештен мол рухани нәр алған көпшілікке ізгі тілегін арнап, сазгердің әндерін насихаттап жүрген өнер жұлдыздарына алғысын айтты.

– Жыл сайын еліміздің әр аймағында осы күні қайталанбас өнер иесінің есімі насихатталып, әндерінің шырқалуы – Шәмшіге деген қазақтың шынайы ықыласын аңғартып тұрады. Дәл осы өнер мерекесінің Шәмшінің туған топырағында атап өтілуі – өнерге деген айрықша құрмет және заңдылық деп білемін. Өздеріңізге белгілі Шәмшінің атын алған іргелі өнер шаңырағы, облыстық филармония Шәмші әндерін насихаттауда орасан зор жұмыстар атқарып келеді. Былтыр Алматы, биыл Астана сахналарында Шәмші әндері әуеледі. Одан бөлек, облыстың әр аймағы да Шәмші атындағы ән байқаулары мен өнер кештерін тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Бүгінгі «Әнім сен едің» атты ән кеші де осы шаралардың маңызын арттыра түскендей, – деді Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев.

Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов өз сөзінде: «Бүгінде кез келген ұлттың бәсекеге қабілеттілігі мен даму деңгейі оның әлем мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесі және адамзатқа сыйлаған ардақты тұлғаларымен өлшенеді. Міне осы тұрғыдан алғанда қазақ даласын әнімен тербеткен ұлы тұлға Шәмші Қалдаяқов қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Әйгілі сазгердің бізге, өскелең ұрпаққа қалдырған өнер мұрасы - халқымыздың рухани байлығы. Оның патриоттық әндері әлі талай ұрпақтың патриоттық сезімін шыңдайтынына сеніміміз мол»,-деді.

Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара барысында біртуар азаматтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, дарынды тұлғаның өмірінен сыр шерткен көрме жасақталды. Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқов музей үйінің алдында шағын көрініс көрсетіліп, қонақтарға музей ішіндегі ұлы композитордың жеке заттары мен ерекше дүниелері таныстырылды.

Одан әрі ұлы сазгердің жүректі тебірентетін әуезді әндері шырқалып, маңызы зор мазмұнды іс-шарадан көпшілік мол рухани нәр алды. Артында мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған ұлы сазгердің ескерткішіне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың ықылас гүлі қойылып, отырарлықтар біртуар перзентін бір сәт еске алды. Жан тебірентерлік тағылымы мол рухани кеште ерекше көңіл-күйге бөленген ән сүйер қауым ұмытылмас сәттерді қимай тарасты.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 300 рет