– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Ертеңгі елдің бек тірегі, болашақтың бастауы, еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Ел болашағы жастарымыздың білімі мен күш-жігеріне, патриоттық сезіміне тікелей байланысты. Елімізде мемлекет тарапынан жастар саясатын жүзеге асырып, еңбекке, кәсіпкерлікке, білім мен ғылымға бейім жас азаматтарымызды қолдау мақсатында жүріп жатқан бағдарламалар мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыру үшін жасалып отыр. Жас ұрпақ тәрбиесі қай заманда болмасын уақыт сөресінен түскен емес. Бүгінде аудан жастарын жеке тұлға етіп қалыптастырып, болашаққа деген сенімін нығайту, ізгілікке, еңбекқорлыққа, тапқырлыққа тәрбиелеп, бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жобаларды әр кез назардан тыс қалдырмаймыз. Ауданымызда бұл бағыт бойынша түрлі шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сұлтанбек Қожанов атындағы ескі музей ғимаратын күрделі жөндеуден өткіздік. Жақын уақытта балалар шығармашылық үйіне арналып, пайдалануға беріледі. Құны 2 млрд. тан асатын заманауи үлгідегі спорт нысанының құрылысы басталды. Бұдан бөлек аудан орталығындағы Ақшал Мұқанов көшесінде орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жұымыстарын жүргізіп, компютерлік және түрлі шығармашылық орталықтар ашу жоспарлануда, – деді аудан басшысы.
Концерт барысында Мұхит Тұрысбеков ауданда өз саласы бойынша жоғары дәрежеде қызмет еткен бірқатар жастарды алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат табыс етті. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев аудан жастарына ізгі тілегін арнап, мәслихат аппараты атынан белсенді жастарға алғыс хат табыс етіп, құрмет көрсетті.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ербол Ержігітов мерекемен құттықтап, аудан жастарына «Аманат» партиясының аудандық филиалы төрағасының алғыс хатын табыстады.
Жастар — елдің ертеңі, болашақтың бастауы, мемлекетімізді дамытушы қозғаушы күші десек, Түркістан облысы Созақ ауданында жастар саясаты тиісті дәрежеде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде ауданда 14-29 жас аралығында 15 517 жас бар. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, қоғамның барлық саласында белсенді жұмыс атқарып келеді. Ізгі істің басында жүретін аудан еріктілері қарттар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып келеді. Жастар мәдени-патриоттық шараларда қашанда алдыңғы қатардан табылады. Өскін ұрпақтың ұлағатты істері мақтаныш сезімді оятады.
Аудан жастарының мерекелік кешінде аудандық «Созақ триосы» бастаған жас өнерпаздар мен «Созақ-Бай» жайдарман тобы, танымал тележұлдыздар ҚожаАхмет – Нұрбол, Бағдат – Бақдәулет, Даке, Қайрат Түнтеков, Думан Марат өз өнерін ортаға салып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекелік шараға жиналған жұртшылықтың қарасы артып, би билеп, шат-шадыман күйде тамашалады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат