Үшінші мегаполисте Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған жас ақындар арасындағы республикалық «Күміс домбыра» айтысы «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» деген тақырыпта өтті. Жыр додасына еліміздің әр өңірінен жиналған 16 айтыскер ақын қатысты.
– Тәуелсіздік алғалы айтыс өнері ұлттық мәдениетіміздің асыл мұрасы ретінде кеңінен насихатталып келеді. Соның ішінде «Күміс домбыра» жобасы халық арасында кеңінен қолдау тауып, биыл үшінші жыл қатарынан өтіп отыр. Осы орайда киелі өнердің дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан қала әкімдігіне алғыс айтамыз. Бұл айтыс еліміздің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін насихаттау және жас ақындардың ішкі мүмкіндіктерін ашып, шабыттарына қанат бітіру мақсатында өткізілді. Жас ақындар арасындағы республикалық айтыс тек Шымкент қаласында ғана өткізіліп жүргенін де айта кету керек. Жас ақындардың бұл айтысқа қызығушылығы жоғары, сондықтан жоба тоқтап қаламаса екен деген тілегіміз әрі өтінішіміз де бар, - деді Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің айтыс сыныбының жетекшісі, белгілі айтыскер ақын Қажымұқан Абзал.
Тәуелсіздікті тірек еткен жыр додасына белгілі айтыскер ақындар мен мәдениет саласының мамандары әділ бағасын беріп, қазылық етуде. Атап өтсек, айтыстың ақтаңгері атанған Бекарыс Шойбеков, Маржан Есжанова, Күлия Айдарбекова, Ахметжан Өзбеков, Еркебұлан Қайназаров сынды азаматтар қазылар алқасы құрамында болды.
Жыр додасында жас ақындар қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғап, көрерменді ұшқыр ой, ұрымтал шумақтарымен тамсандырды.
- «Күміс домбыра» айтысына биыл үшінші рет қатысып тұрмын. Бірінші айналымда Астананың ақыны Ердәулет Ыбыраевпен шықтым, екінші айналымда түркістандық ақын Ахметрасул Баянбаймен айтыстым. Айтыстың көрермені жылдан жылға жасарып келеді. Сондықтан да жастар арасындағы маңызды мәселелерді қозғадым, - дейді Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің мұғалімі, ақын Аян Ниязбек.
Айтыстың ақтық кезеңіне жолдама алған үш жұп суырып алып, шаппа-шап айтыс көрсетіп, көрермен қауымның қошеметіне бөленді.
Айтыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов марапаттап, ұлттық өнерімізді ұлықтап, тамаша айтыс көрсеткен өнерпаздарға алғысын білдірді.
Сонымен, әділқазылар алқасының шешімімен жүлделі ІІІ орынды Ердаулет Ыбырай мен Нұрдаулет Өмірбекке, ІІ орын Жамбыл облысының өкілі Мұхтар Қонарбай мен түркістандық ақын Ахметрасул Баянбайға, ал, І орын Баянауылдан келген Мәрес Байронға берілді. «Күміс қалам» айтысының бас жүлдесін Шымкент қаласының өкілі Аян Ниязбек жеңіп алды.