Бейсенбі, 12 Қазан 2023 11:04

Түркістан: Жетісай драма театры 55-ші маусымын жаңа туындымен ашты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде мәдени және спорттық нысандарды көбейту, тұрғындардың рухани әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырған болатын. Осыған орай шалғайдағы елдімекендерге де ерекше көңіл бөлінуде.

Ең алғаш шымылдығын қазақтың классик жазушысы Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесасымен ашқан Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының 55-ші маусымының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, Жетісай қаласының әкімі Нұрлыбек Бахтияров пен мәдениет саласының ардагер майталмандары – Бөрі Иса, Сапаралы Серікбаев пен Бақыт Сраилов сонымен қатар Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының директоры Ержан Исатаев қатысып, ұжымға сәттілік тіледі.

– Кинематография мен театрдың үлкен айырмашылығы бар, ол – театрлық қойылымды біз ешбір монтажсыз шынайы қалыпта көреміз және нағыз таланттың өнеріне баға бере аламыз, ал киноны бізге өзге біреу көрсетеді. Міне, басты айырмашылық та осында. Кезінде Жүсіпбек Аймауытов «... театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны» деген. Театр сахнасынан әрбіріміздің өмірімізде жиі кездесетін ізгілік пен махаббат, зұлымдық пен қиянат, бас пайдасын ғана ойлайтын «менмендік» секілді қасиеттердің арақашықтығын, олардың айырмасын көруге болады. Зұлымдықты сынай отырып, адамдарға ізгілік пен имандылық жолына баға да бере аламыз, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Дәл осы күні күндіз аталған театр басшылығы мен әртістерінің, БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өткен болатын. Кездесу барысында Жетісай театрының 2023 жылғы бекітілген жоспарларының орындалуы, бүгінде атқарылып жатқан негізгі жұмыстары баяндалды. Театр директоры Орал Камал 55 жылдық тарихы бар театрдың жетістіктері мен өткеніне тоқталып, қуыршақ театрын қолға алып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ жыл соңына дейін бірнеше жаңа туынды театр сахнасында қойылмақ.

Маусымашар барысында аудан әкімінің орынбасары театр музейімен танысты. Көрермендердің көңілінен шығып уақыт, заман ағымынан артта қалмау үшін нәтижелі еңбек етуді басты мұратымыз деп білетін театр ұжымы жаңа маусымда тағы бір тың дүниені көпшілікке ұсынды. А.М.Володиннің «Махаббат бер!..» драмасын сахналаған қоюшы режиссер Аридаш Оспанбаева болса, режиссердың ассистенті Елдос Ақылов, қоюшы суретшісі Бақыт Сраилов.

Отанның отбасынан басталып, мемлекет іргесінің берік болуы үшін әрбір отбасының бекем болғаны маңызды екенін ұғындыруға ұмтылатын драмада соңғы кездері отбасы құрған жастардың да, ересектердің де арасында ажырасу фактілерінің жиілеп кеткені, шаңырақтың шайқалу себептері, өз бақыттары үшін соңына дейін күресе алмаудың салдары кеңінен суреттеледі. «Ерлі-зайыптының сыйластығын, ізет-құрметін қалай сақтап, нығайтуға болады? Дос пен достың, әйелі мен күйеуінің алдындағы міндеттері неден тұрады?» деген сұрақтарға жауап іздейді.

Әртістердің әрбірі өздеріне бекітілген образын керемет алып шығып, тек қана əртістер мен режиссер, суретші мен музыкант арасында ғана емес, көрермендермен де диалог орната білді. Тарих көшімен ілесе отырып рухани байлық, көтеріңкі көңіл-күй, шабыт пен күш-қуат сынды адами қасиеттерді сыйлауды мақсат еткен өнер ұжымының жаңа туындысы көпшілік көңілінен шығып, қошеметке бөленді. Алғыс арқалап, сахнаның киелі екенін тағы да бір дәлелдеді.

Жалпы, Мәдениет саласы бойынша Түркістан облысының басым бағыттарын айқындау және өзіндік брендтерін қалыптастыру бағытында жұмыс күшейтіліп келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды таяуда өткен кезекті аппарат мәжілісінде – Мәдениет саласында Түркістан облысының өз бренді, ерекшелігі болуы керек. Түркістанға келген қонақтар мен саяхатшылар өңірдің мәдениеттегі ерекшелігін сезінулері тиіс. Жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізіліп, өңірдің және облыс орталығының мәдени өмірі қайнап жатуы керек қой. Сондықтан осы бағытта жүйелі жоспар әзірлеп, нақты ұсыныстар беріңіздер. Бұл ретте Мәдениет басқармасымен қатар аудан, қала әкімдіктері де жұмыс істеуі тиіс. Басқарма тарапынан жас таланттарды табу жолында түрлі байқаулар ұйымдастырылсын. Кітапханалардың жұмысын жандандыру да маңызды. Жастарды, жалпы тұрғындарды кітап оқуға қалай қызықтырамыз? Осы сұрақ бойынша жұмыс атқарылсын. Мәдениет адамның сана-сезімін жақсы бағытқа өзгертеді. Домбыра немесе басқа да музыкалық аспапта ойнаған баланың ойлау жүйесі жақсы қалыптасады. Мәдениеттің ел үшін, қоғам үшін маңыздылығын түсініп, осы саладағы жұмысты жандандырған жөн, – деген болатын.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 691 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Мәдениет және өнер мекемелерінде 30 мыңнан аса мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде байқаулар мен фестивальдер, ақындар айтысы, конференция мен симпозиумдар, мерейтойлық іс-шаралар өткізілді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе республикалық «Рухани қазына» өнер фестивалі және «Алтын домбыра» ақындар айтысы ұйымдастырылған.

Өңірдегі 3 кәсіби театрда 5 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 588 спектакль қойылған, 103859 көрермен қамтылып, 15 гастрольдік іссапар ұйымдастырылған. Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры мен Түркістан музыкалық драма театры халықаралық, республикалық театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі орындармен марапатталды. «Бөрте» қойылымы театр саласы бойынша өнер саласындағы тұңғыш «UMAI» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешенінде 224 концерт және мәдени іс-шаралар өткізіліп, 88200 көрермен қамтылып, 13 қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония жанынан «Яссы» би ансамблі, «Qagan» этно-фольклорлық ансамблі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі жаңадан құрылды. Филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Италия елдерінде өнер көрсетіп, Алматы мен Шымкент қаласында «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты гала-концерт өткізіп, 3 мыңға жуық көрермен қамтылды. Даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, ұлы күйші-композитор, дүниежүзілік мәдениеттің аса биік тұлғасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы және де көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы халықаралық кең көлемде аталып өтілмек. Сонымен бірге Түркістан өлкесінің тумасы – ақын, жазушы Жұмабек Еділбаевтың және күйші Оразбек Сәрсенұлының 100 жылдық мерейтойлары да назардан тыс қалмайды.

Жалпы Мәдениет саласындағы инфрақұрылым тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытта қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында тың серпіліс алды. Аталған стратегиялық құжатта 2025 жылға дейін елімізде 1 500 мәдениет нысанының құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған. Былтыр ғана республикада 22 нысанның құрылысы мен 287 объектіге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жоспар бойынша 40 объектінің құрылысы мен 260 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізілуі тиіс. Олардың ішінде Түркістан өңірінде 15 мәдениет нысанына жөндеу және 3 нысанына құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Сонымен қатар Түркістан өңірінде биыл «Гауһар Ана», «Отырар», «Сауран» визит-орталықтары ашылып, туристерге қолайлы жағдай жасалмақ. Мәдениет және өнер саласында «Umai» ұлттық сыйлығы, «DALA DAUYSY» республикалық байқауы, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы сияқты бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыру жалғастырылады. Олардан бөлек, бұрын еш жерде шығармалары жарық көрмеген қаламгерлерді қолдау мақсатында «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы қолға алынды. Жақын арада 14 кітап жарық көріп, 42 мың тиражбен республикалық және облыстық кітапханаларға таратылу жоспарланып отыр.

Түркістан облысында 3 мыңнан астам бала мен жасөспірім тегін үйірмелермен және 20 мыңнан астамы секцияларымен қамтылды. Биыл осы жобаны жүзеге асыруды жалғас жалғасады. Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты жалғастыру мақсатында 2023 жылы 560 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдардан 86,7 млрд теңге бөлінді (2023 жылы Түркістан облысында 4,6 млрд теңге қарастырылған).

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 267 рет