Мамандарды Қазақстанның үздік өнер иелерінен құралған кәсіби комиссия бағалады. Бүгінгі күнге 40-тан астам үміткер өз өтінішін білдіріп, соның 21-і өтті. Ал бұған дейін 33 өнерпаз іріктеліп, жалпы 54 маман жұмысқа қабылданды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасын дайындап жатыр. Аталған Заң жобасы қоғамдық талқылаудан өтуде. Облыс орталығына айналғанына бес жыл болған Түркістан қаласын шын мәнінде тек қазақтың емес, түркі әлемінің мәдени, рухани елордасына айналдыру жоспарлануда. Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу, өңір мәдениетін дамыту, өнер майталмандарынан құралған шығармашылық ұжымдарды қалыптастыру үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы тапсырма берген болатын.
Түркістан облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен Облыстық мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс Холл» көпсалалы кешеніне түрлі бағыттағы өнер ұжымдарын ашу үшін 100 штат беріліп, материалдық-техникалық базаны нығайту, жаңа өнер ұжымдарына сахналық киімдер мен музыкалық аспаптар алуға тиісті қаражат бөлініп отыр. Атап айтқанда, хореографиялық би ұжымы, этнофольклорлық ансамбль, биг-бэнд ансамблі, классикалық, эстрадалық, дәстүрлі, заманауи бағыттағы әншілер топтарына мамандар қабылдануда. Осыған орай еліміздегі өнер мамандықтары оқытылатын жоғарғы оқу орындарымен байланыс орнатылып, мамандар шақыртылуда.
Айта кетейік, өнерпаздарға жаңа мүмкіндік ретінде бос жұмыс орындарына кастинг жарияланып, алғашқы байқау 14 тамыз күні өткізілген болатын. Оған Қазақстанның әр өңірінен 40-қа жуық түрлі өнер майталманы мен жас мамандар қатысты. Атап айтқанда Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Петропавл облысынан және Түркістан облысының аудан, қалаларынан өнер мамандары келіп, өз бақтарын сынады.
Биыл Түркістанның облыс атауын алғанына бес жыл толғаны белгілі. Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Енді, облыста туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылымның дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады. Өңірде жалпы саны 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 27 мұражай жұмыс істеді. Қорық-мұражайлардағы тарихи және мәдени ескерткіштердің саны 337 бірлікті құрады. Облыстың мұражайларында 23,1 мың экскурсия өткізілді және тыңдаушыларға 1,5 мың дәріс оқылды. Келушілердің жалпы саны 1492,5 мың адамды, одан балалар – 363,1 мың адамды құрады. Негізгі қордағы жәдігерлердің жалпы саны 143,2 мың бірлікті құрады, одан жыл ішінде 20,5 мың бірлік қойылып көрсетілді. Музейлермен өткізілген көрмелер саны 786 бірлікті құрады. Мұражайлардың ең көп саны Түркістан қаласында (7 бірлік) орналасқан.
Өңірде демалыс орындарының саны күн санап артып келеді. Өткен жылы мәдени-демалыс ұйымдарының саны 252 бірлікті құрады. Мәдени-демалыс ұйымдары 1017,1 мың адамның қатысуымен 9,8 мың мәдени-көпшілік шара өткізді. Cонымен қатар, он-лайн режимде 395 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізді, қатысушылар саны 58,5 мың адам болды. Көрермендер залдарындағы орындар саны 47,6 мың бірлікті құрады. Ал ойын-сауық және демалыс саябағының саны 27 бірлікті құрады. Саябақтарда 49 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді. Демалыс объектілерінің саны 72 бірлікті, ал демалыс объектілеріне келушілер саны 30 мың адамды құрады. Түркістан қаласының ойын-сауық және демалыс саябақтары ең көп жабдықталған, мұнда 27 демалыс объектілері орналасқан. Былтырғы жылы кино көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдар саны 6 бірлікті құрады. Кино көрсетулер 3 кинотеатрда жүзеге асырылды. 12,4 мың киносеанс өткізіліп, оған 285,7 мың адам қатысты. Кино көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдардың табысы 401,9 млн. теңгені құрады.
Мәдениет саласы бойынша Түркістан облысының басым бағыттарын айқындау және өзіндік брендтерін қалыптастыру бағытында жұмыс күшейтіледі. Аппарат мәжілісінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мәдениет басқармасының басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар бірқатар тапсырмалар жүктелді.
– Мәдениет саласында Түркістан облысының өз бренді, ерекшелігі болуы керек. Түркістанға келген қонақтар мен саяхатшылар өңірдің мәдениеттегі ерекшелігін сезінулері тиіс. Жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізіліп, өңірдің және облыс орталығының мәдени өмірі қайнап жатуы керек қой. Сондықтан осы бағытта жүйелі жоспар әзірлеп, нақты ұсыныстар беріңіздер. Бұл ретте Мәдениет басқармасымен қатар аудан, қала әкімдіктері де жұмыс істеуі тиіс. Басқарма тарапынан жас таланттарды табу жолында түрлі байқаулар ұйымдастырылсын. Кітапханалардың жұмысын жандандыру да маңызды. Жастарды, жалпы тұрғындарды кітап оқуға қалай қызықтырамыз? Осы сұрақ бойынша жұмыс атқарылсын. Мәдениет адамның сана-сезімін жақсы бағытқа өзгертеді. Домбыра немесе басқа да музыкалық аспапта ойнаған баланың ойлау жүйесі жақсы қалыптасады. Мәдениеттің ел үшін, қоғам үшін маңыздылығын түсініп, осы саладағы жұмысты жандандырған жөн, – дейді Дархан Сатыбалды.
Мәдениет және өнер мекемелерінде 30 мыңнан аса мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде байқаулар мен фестивальдер, ақындар айтысы, конференция мен симпозиумдар, мерейтойлық іс-шаралар өткізілді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе республикалық «Рухани қазына – 2022» өнер фестивалі және «Алтын домбыра» ақындар айтысы ұйымдастырылған. Өңірдегі 3 кәсіби театрда 5 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 588 спектакль қойылған, 103859 көрермен қамтылып, 15 гастрольдік іссапар ұйымдастырылған. Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры мен Түркістан музыкалық драма театры халықаралық, республикалық театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі орындармен марапатталды. «Бөрте» қойылымы театр саласы бойынша өнер саласындағы тұңғыш «UMAI» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешенінде 224 концерт және мәдени іс-шаралар өткізіліп, 88200 көрермен қамтылып, 13 қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония жанынан «Яссы» би ансамблі, «Qagan» этно-фольклорлық ансамблі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі жаңадан құрылды. Филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Италия елдерінде өнер көрсетіп, Алматы мен Шымкент қаласында «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты гала-концерт өткізіп, 3 мыңға жуық көрермен қамтылды.
Жалпы Мәдениет саласындағы инфрақұрылым тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытта қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында тың серпіліс алды. Аталған стратегиялық құжатта 2025 жылға дейін елімізде 1 500 мәдениет нысанының құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған. Былтыр ғана республикада 22 нысанның құрылысы мен 287 объектіге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жоспар бойынша 40 объектінің құрылысы мен 260 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізілуі тиіс.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»