Биыл «Конгресс холл» көпсалалы кешеніне қосымша мәдениет қызметкерлеріне 100 штат бірлігі берілген болатын. Жаңа жұмыс орындарына мамандар алу үшін арнайы хабарламалар беріліп, әлеуметтік желілерде таратылды. Сондай-ақ Астана, Алматы қалаларына өкілдер жіберіліп, өнер мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарында ақпараттық, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде арнайы кастинг жарияланып, алғашқы іріктеуге Қазақстанның әр өңірінен өтініштер түскен.
– Түркістан – баршаға ортақ қала. Атының өзі түркі елдерінің мәдени-рухани астанасы болуға лайық екенін білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де – талай туристің келуіне басты себеп. Енді облыстың мәдениеті де жанданып, осы орайда ата-бабаларымыздан қалған дәстүр мен ұлттық құндылықты сақтап қалуымыз керек. Ұлттық болмысымыз мәдениетіміз арқылы көрініс табуы тиіс. Шетел туристерін өзіміздің болмысымызбен, өнерімізбен қызықтыра аламыз. Түркістанда сырттан келген қонақтар қызығатындай, ерекше стилі бар, өз өнер ұжымы қалыптасса деген оймен осы бастаманы қолға алып отырмыз. Өнер мен мәдениетте Түркістанның өз бренді қалыптасуы қажет, – деген Дархан Сатыбалды жаңа өнер ұжымының репертуарын байыту, тың идеяларды жүзеге асыру жолында дайындығын күшейтуді тапсырды.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев осы бағытта бекітіліген арнайы жоспарға сәйкес қазіргі таңдағы шығармашылық ұжымдарды қалыптастыру жұмыстары туралы баяндады. Руханият ордасына Алматы, Шымкент, Қарағанды, Тараз, Қызылорда, Петропавл қалалары мен Түркістан облысының аудандарынан 80-ге жуық түрлі өнер иелері келіп, өз бақтарын сынады. Байқаудан соң 54 жас маман іріктеліп алынды. Бүгінде жаңа ұжыммен продюсер, режиссер, сценарист, тележүргізуші Сержан Молдасанұлы тығыз жұмыс істеп жатыр.
– Бастапқыда уайым болды, тәуекел еттім. Іріктеуден өткен жастар өте талантты. Мұндағы таланттар бірін-бірі іздеп келгендей. Өнерпаздардың арасынан вокалдық, классикалық, дәстүрлі әншілер мен ұлттық аспаптар оркестрі және би ұжымы жасақталуда. Дайындық қызу жүріп жатыр. 25 қазан – Республика күні қарсаңында өнер көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз. Жігіттер талантты, бірнеше аспапта ойнай алады. Ерекше жаңалығымыз, Түркістан туралы мюзикл жазып жатырмыз. Нәтижесін алда көре жатарсыздар. Ең бастысы жинақталған өнер ұжымын осы аймаққа сіңіріп, талаптарын ашу – міндетіміз, – деді продюссер.Музыкант, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешов Түркістанның мәдени тынысы өзге облыстардан көш ілгері екенін тілге тиек етті.
– Үш жыл қатарынан өтіп жатқан «Түркістан дауысы-2023» республикалық жас орындаушылар байқауы Түркістанның бренді десек болады. Деңгейі жоғары. Еліміздің өзге өңірлерінде мұндай республикалық ән додасы жоқтың қасы. Ал енді штат ашу мәселесінің қаншалықты қиын екенін жақсы білемін. Бұл облыста жұмыс жүйеге қойылғандығын көрсетеді. Оқу бітіріп жатқан таланттар көп, ал жұмыс орны жетіспейді. Жалпы өнер ұжымының дамуына киім, баспана мәселесімен қатар, елімізге және шетелге гастрольдік сапарлар шабыт береді. Сәттілік тілеймін, – деді ол.
Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Беспаев Түркістандағы осындай жаңалыққа қуанғанын жетікізіп, бірқатар ұсынысын білдірді.– Алтынбек Қоразбаев ағамыз бір кездері бәріміздің басымызды осылай қосып еді, бұл оқиға сол шақты еске түсірді. Жалпы өнер ұжымдарын қолдау өте маңызды. Сержан бауырымызды осыған жетекшілік етуге көндірдік, өйткені ол көптеген іске бастамашы болған іскер азамат. Райымбек Сейтметов ағамыз да кезінде осында келіп, қаншама мықты шәкірт тәрбиеледі, театр ашты. Жаңа ұжым Түркістанның абыройын асқақтатады деп сенем, – деген әнші өнер ұжымын қолдауға дайын екенін, болашақта бірге өнер көрсететінін жеткізді.
Жалпы, мәдениет саласы бойынша Түркістан облысының басым бағыттарын айқындау және өзіндік брендтерін қалыптастыру бағытында жұмыс күшейтіледі. Таяуда өткен аппарат мәжілісінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мәдениет басқармасының басшысы мен аудан, қала әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын.
– Мәдениет саласында Түркістан облысының өз бренді, ерекшелігі болуы керек. Түркістанға келген қонақтар мен саяхатшылар өңірдің мәдениеттегі ерекшелігін сезінулері тиіс. Жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізіліп, өңірдің және облыс орталығының мәдени өмірі қайнап жатуы керек қой. Сондықтан осы бағытта жүйелі жоспар әзірлеп, нақты ұсыныстар беріңіздер. Бұл ретте Мәдениет басқармасымен қатар аудан, қала әкімдіктері де жұмыс істеуі тиіс. Басқарма тарапынан жас таланттарды табу жолында түрлі байқаулар ұйымдастырылсын. Кітапханалардың жұмысын жандандыру да маңызды. Жастарды, жалпы тұрғындарды кітап оқуға қалай қызықтырамыз? Осы сұрақ бойынша жұмыс атқарылсын. Мәдениет адамның сана-сезімін жақсы бағытқа өзгертеді. Домбыра немесе басқа да музыкалық аспапта ойнаған баланың ойлау жүйесі жақсы қалыптасады. Мәдениеттің ел үшін, қоғам үшін маңыздылығын түсініп, осы саладағы жұмысты жандандырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 691 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Мәдениет және өнер мекемелерінде 30 мыңнан аса мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде байқаулар мен фестивальдер, ақындар айтысы, конференция мен симпозиумдар, мерейтойлық іс-шаралар өткізілді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе республикалық «Рухани қазына – 2022» өнер фестивалі және «Алтын домбыра» ақындар айтысы ұйымдастырылған.
Өңірдегі 3 кәсіби театрда 5 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 588 спектакль қойылған, 103859 көрермен қамтылып, 15 гастрольдік іссапар ұйымдастырылған. Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры мен Түркістан музыкалық драма театры халықаралық, республикалық театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі орындармен марапатталды. «Бөрте» қойылымы театр саласы бойынша өнер саласындағы тұңғыш «UMAI» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды.
Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешенінде 224 концерт және мәдени іс-шаралар өткізіліп, 88200 көрермен қамтылып, 13 қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония жанынан «Яссы» би ансамблі, «Qagan» этно-фольклорлық ансамблі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі жаңадан құрылды. Филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Италия елдерінде өнер көрсетіп, Алматы мен Шымкент қаласында «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты гала-концерт өткізіп, 3 мыңға жуық көрермен қамтылды.
2023 жыл – үлкен мерейтойларға толы жыл. Атап айтқанда, даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, ұлы күйші-композитор, дүниежүзілік мәдениеттің аса биік тұлғасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы және де көрнекті мемлекет қайраткері, ғалым Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы халықаралық кең көлемде аталып өтілмек. Сонымен бірге Түркістан өлкесінің тумасы – ақын, жазушы Жұмабек Еділбаевтың және күйші Оразбек Сәрсенұлының 100 жылдық мерейтойлары да назардан тыс қалмайды. «Біз биыл қазақ мәдениетінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлердің есімін ел есінде айрықша қалдыру мақсатында “Тағылымға толы ғасыр” атты арнаулы жоба жүзеге асырылмақшы. Оның аясында біртуар қайраткерлеріміздің рухани мұрасы дәріптеліп, мерейтойлары кең көлемде насихатталады. Бұл еліміздің мәдени игілігіне зор үлес қосатын ауқымды жоба болмақ.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат