Жұма, 20 Қазан 2023 22:46

ШЫМКЕНТ: МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ДӘСТҮРЛІ ӘН БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Республика күні мерекесіне орай “Дәстүрлі әнім шырқалсын!” атты ән байқауы өтті.

Бастаманың мақсаты - Қазақ халқының дәстүрлі музыкасын, мәдениетін жастар арасында кеңінен насихаттап, ұлттық өнерді дәріптеу

Байқауға аудан әкімі, депутаттар, “Желтоқсан оқиғасы”қатысушылары, аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

“Ұлт руханиятының ұлы бір бөлшегі, ол – дәстүрлі ән мен күйлер екені даусыз. Ұлттық өнерімізді тыңдап, жанына сіңіріп өскен қазақтың кез келген баласы өзінің қазақ екенін мақтанышпен айтатын болады. Сондықтан ел болу жолындағы басты міндеттеріміздің бірі - ол ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, ұлттық мәдениетімізді жаңғырту болмақ” – деді аудан басшысы Р.Мүлкеманов.

Жас әншілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі әншілер байқауына қаламыздағы белгілі ақын Біржан Байтуов жетекшілік ететін «Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің» 12-18 жас аралығындағы 20 үміткер қатысып, халық әндерінің қасиеті мен құдіретін көпшілікке паш етті.

Байқауда үміткерлердің орындау шеберлігіне, таңдалған шығарманың тәрбиелік мазмұны мен мағынасына, өнерпаздың сахнада өзін-өзі ұстауы мен сахна мәдениетін сақтауына қарай баға берілді.

Әншінің бәрі дүлдүл, бәрі бұлбұл болса да, мәре бәрі бірдей кеспейтіні бар. Дегенмен байқаудың нәтижесі бойынша Бас жүлде- Байданов Батырханға, 1-орын Жанқараш Нұртазаға, 2-орын Сахан Ибраhимге, 3-орын Жайлаубай Әлияға бұйырды.

Барлық сайысқа қатысушыларға аудан әкімінің ынталандыру сыйлықтары ұсынылып, жүлделі орын иелеріне арнайы жүлделер табысталды.

Айта кетейік, ең жас өнерпаздар Ілесбек Бекарыс пен Битуған Алмазға аудан депутаттары Лазиз Сулайманов пен Асқар Молдабек байқау үстінде арнайы жүлде ұсынды.

Қатысушылар мен көрермендер ұлттық өнермен өнерін өрнектеген жастарға қолдау көрсеткен қалалық мәслихаттың депутаттарына шара барысында разылықтарын жеткізді.

Оқылды 238 рет