– Баршаңызды Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуымен шын жүрекпен құттықтаймын! Осы мерекеге арналған бүгінгі өнер кеші – қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша тарту болғалы тұр. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін ғана бауырлас Түркия, Әзербайжан, Мажарстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің қатысуымен Түркі елдері ұйымының форумы басталды. Онда Түркістан – 2024 жылға Түркі әлемінің туристік астанасы болып жарияланды. Баршаңызға құтты болсын айтқым келеді. Бұл – өңірдің одан әрі дамып, туристік әлеуетінің артуына оң серпін беретін қадам деп білемін. Түркістанның мұндай маңызды міндетті алуы – түркітілдес бауырлардың ыстық ықыласы деп түсінемін. Қазақ хандығының астанасы атанған қаланың жауһарына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ежелгі нысандар туристердің Түркістанға деген қызығушылығын арттырады. Алдағы уақытта да Түркістан тек еліміздің ғана емес, Түркі әлемінің рухани шамшырағы ретінде жарқырайтын болады. Айтулы мереке қарсаңындағы өнер кеші сіздерге рухани демалыс сыйлайды деп сенемін, – деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда өңірде мәдениет пен өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Руханиятты дамытуға арналған тың жобалар іске асуда. Оның ішіндегі кәсіби театрлар еңбегі айрықша. Сонымен қатар биыл «Түркістан дауысы» ән байқауы, Түркі тілдес елдердің анимациялық көрмесі, Түркі әлемінің этноподиумы сынды ауқымды жобалар қолға алынған болатын. Ал 19-20 қазан күндері «Voice оf Turan» халықаралық байқауы өтпек. Онда шетел әншілері Қазақ әндерін орындайды. Қараша айында республикалық театрлар фестивалін өткізу жоспарлануда.
Мерекелік кеш Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның «Түркістан» әнімен ашылды. Сонымен қатар Нұрболат Абдуллин, Мархаба Сəби, Дастан Оразбеков, Айя Шәріп, Сара Амангелді, Kyle Ruh, «Алатау серілері» сынды танымал жұлдыздар өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Президент жарлығымен 2018 жылдың 19 маусымында Түркістан облысы құрылған болатын. Бұл тарихи шешім өңірге жаңа серпін берді және жан-жақты даму мүмкіндіктеріне жол ашты. Осынау аз ғана уақыт ішінде Түркістан өңірі түлеп, жаңаша кейіпке еніп үлгерді. Тарихы тереңде жатқан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жүздеген нысан бой көтерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесу өткізіп, Президент кездесу барысында жұмыс сапарының негізгі мақсаты облыстағы ахуалмен танысу екенін айтып, Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өткен болатын.
«Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті», деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді.
Биыл Түркістан облысының құрылғанына тура 5 жыл толып отыр. Осынау аз ғана уақыт ішінде өңіріміз өзгерді, облыс орталығы түлеп, жаңаша кейіпке еніп үлгерді. Тарихы тереңде жатқан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жүздеген нысан бой көтерді. Бес жылдық белестің қарсаңында, облыс басшылығының қолдауымен өңірімізде бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бір айғағы – «Түркістан облысына бес жыл – бес әдеби сапары» шарасы Қызылорда қаласында өтіп, Шымкент қаласында жалғасты. Рухани-мәдени шара аясында қаламгерлермен кездесу ұйымдастырылып, өңірден шыққан ақын-жазушылар облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлының бастамасымен іске асып жатқан «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына өз үлесін қосты.
Сондай-ақ, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту мақсатында сәуір-шілде айлары аралығына жоспарланған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында әр аудан, қаланың мәдени күндері өткізілді. Аталған мерекелік шара шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын арттырды. Бұдан бөлек, мерекенің мән-маңызын айшықтау мақсатында 16-18 маусым күндері «Алтын сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі өтті. Ал, 17 маусым күні Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясы композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндерімен өрнектелген «Менің Қазақстаным!» атты ән кешін ұсынды. Сондай-ақ, қазан айында дәстүрлі халықаралық «Voice of Turan – 2023» қазақ әндері байқауы ұйымдастырылғаны баршаға мәлім.
Мерекеге орай облыс орталығында жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды кеңінен дәріптейтін ұлттық ойындар, фестивалдер мен байқаулар, сондай-ақ қазақ әндері байқауы, гала-концерттер өткізілгенін айта кеткен жөн. Бұл орайда, 17 маусымда Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай «Балбырауын» күйшілер фестивалі өтті. Ал, «Жібек жолы» саябағында еңбек адамдары мен олардың отбасына және мүмкіндігі шексіз балалар үшін ойын-сауық кешендері жеңілдетілген бағада қызмет көрсетті.
Одан бөлек, Түркістан қаласында 16-18 маусым күндері «Алтын Сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі өткізілді. «САҚ» киностудиясының директоры Нуриддин Паттеевтің мәлімдеуінше, фестивальге отандық және шетелден 30 анимациялық фильм қатысқан. Олардың ішінде Қазақстанмен қатар, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан елдері бар.
«Фестиваль мақсаты – қазақ ұлттық анимациясын халықаралық деңгейге көтеру, анимациялық фильмдер арқылы ұрпақ тәрбиесіне ықпал ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Сонымен қатар, жас көрерменді отансүйгіштікке тәрбиелеп, қазақ фольклорының кейіпкерлерін насихаттауды мақсат тұттық. Бұл ретте, қазақ аниматорлары шетелдік мамандармен тәжірибе алмасады әрі шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік. Фестиваль барысында халықаралық дәрежедегі қазылар алқасы жолдама алған 30 анимациялық фильм ішінен үздіктерді анықтадық», – деді Нуриддин Исаұлы. Сондай-ақ фестиваль шеңберінде «Гран-при», «Үздік режиссура», «Үздік кейіпкер», «Үздік сценарий», «Үздік композитор», «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» сынды арнайы жүлделер тағайындалған. Облыстың 5 жылдығына арналған мәні терең мәдени, рухани іс-шаралар алдағы күндерде де жалғасады.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат