Дүйсенбі, 06 Қараша 2023 19:22

Түркістан: облыс әкімі «Voice of Turan - 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалінің қонақтарымен кездесті

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Voice of Turan - 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалінің қонақтарымен кездесті. Жиынға байқауға төрелік ететін қазылар алқасы мен өнер майталмандары және ән додасында бақ сынайтын 15 шетелдік әнші қатысты.

– Түркі әлемінің рухани орталығына айналған қасиетті Түркістан қаласында қазақ өнерінде қолтаңбасы бар өздеріңіздей тұлғаларды, әлемнің әр қиырынан келген талантты жастарды көргеніме шын қуаныштымын. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Түркістан ерекше қарқынмен дамып келеді. Ежелден Түркі елдері үшін рухани орталық, тарихи астана ретінде әспеттелетін шаһардың жаңа тынысы ашылып, оң өзгерістер болып жатыр. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Мемлекет басшысының бастамасымен қаламызға ерекше мәртебе беріліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып отыр. Түркістан Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы болып жарияланды. Бұл бастамалар өңірдің мәдени-рухани, туристік әлеуетінің артуына оң серпін беретін қадам деп білемін. Қазіргі таңда Түркістанда мәдениет пен өнерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Руханиятты дамытуға арналған тың жобалар іске асуда. Өнер саласында Түркістанның өз брендін қалыптастыруды тапсырдым. Халықаралық өнер жобалары Түркістанды таныта түседі. «Voice of Turan» қазақ әндерін орындаушылар байқауы аз ғана уақытта жоғары деңгейдегі танымал жобалардың қатарына енді. Ән додасына әлемнің әр қиырынан келген әншілер арқылы халқымыздың әндері әлемдік сахналарда шырқалатыны анық. Осы байқаудың ықпалымен қазақ тілінің, руханиятының мәртебесі биіктейді деп сенемін! – деген облыс әкімі кездесу барысында мәдениетті дамыту бағытындағы ұсыныстарды тыңдап, бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде композитор, Қазақстан Республикасының Мемлекетік сыйлығының лауреаты Төлеген Мұхамеджанов Түркістанда мәдени бағытта ауқымды жобалар тұрақты түрде өтіп жатқанын атап өтті. Өнер қайраткері Нұрғиса Дәуешов пен ақын Қалқаман Сарин де өнер, мәдениет саласындағы жұмыстарды жандандыру бағытындағы ойларын ортаға салды. Өнерге қолдау көрсеткен өңір басшысына алғыстарын жеткізді.Шетелдік әншілер Түркістан қаласының көрікті екеніне тоқталып, байқау арқылы Қазақстан туралы, мәдениеті туралы мол мағлұмат алғандарын айтты.

Түркістан облысында республикалық, халықаралық деңгейдегі симпозиумдар, өнер фестивалдарын жүйелі түрде өткізуді жоспарланған. Таяуда ғана облыс әкімінің тапсырмасымен «Конгресс холл» кешеніне 100 штат беріліп, жаңа, жас өнер мамандары жұмысқа қабылданып жатыр. Мұның барлығы өңірдің тарихи маңыздылығын арттыра отырып, мәдени өміріндегі жаңа белестерге жол ашады. Соның бірі – «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы. Қазақ әндерін және қазақ тілін әлемдік деңгейде насихаттауды мақсат еткен фестиваль бүгінде халықтық мерекеге айналып үлгерді.

Сондай-ақ, осы күні Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен жоғарыда айтылып өткен «Voice of Turan – 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалі өтті. Фестивальдің салтанатты ашылуына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі халықаралық деңгейдегі өнер додасының өңір руханиятын дамытуға ықпалы зор деп есептеймін. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Сол қысқа уақытта тарихи шаһар дамудың жаңа белесіне көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға ерекше мәртебе беру тапсырмасын берді. Осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Біз осыған лайық жұмыс істеп, мәдениет саласын да көтеруіміз керек. Өткен аптада Түркі елдері ұйымының шешімімен Түркістан қаласы Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы болып танылды. Бұл – біз үшін Түркістанның тарихын, руханиятын одан әрі танытуға, туристер арқылы әлемге насихаттауға тамаша мүмкіндік. Туризммен бірге мәдениет саласы дамуы тиіс. Осы бағытта жұмыс жүруде. «Конгресс-холл» ұжымына 100 штат бөлініп, еліміздің түкпір-түкпірінен мықты өнерпаздар қабылданды. Олар Түркістан мәдениетін, өнерін көтеруге еңбек етеді. «Voice of Turan – 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалін дәстүрлі түрде өткізуге күш саламыз.Жыл сайын аясы кеңейе береді деген сенімдемін. Қазақ әні әлемдік сахналарда шырқала берсін! – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістанда биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған ән байқауына Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Әзербайжан, Польша, Беларусь, Молдова, Грузия, Бурятия, Куба, Болгария, Португалия, Испания елдерінен 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар, халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен үміткерлер қатысып жатыр. Байқау шартына сәйкес бірінші күні қазақ өнерінің шеберлерімен бірге дуэт орындады. Еуропа мен Азия әншілері халқымыздың әндерін тамылжыта шырқады. Ал екінші күні өз таңдауындағы қазақ әнін шырқап, бақтарын сынады.

Жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров. Жүйріктерді Төлеген Мұхамеджанов, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Нұржамал Үсенбаева, Алтынай Жорабаева, Мадина Сәдуақасова, Ардақ Балажанова, Қалқаман Сарин, Нұрғиса Дәуешов, Мархаба Сәби сынды шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар мен продюсерлер бар кәсіби қазылар алқасы анықтайды. Кеш қонақтары – Қазыбек Құрайыш, Гүлнұр Оразымбетова, «МелоМЕН» тобы, Айзада Әлімбек, «TURAN BOYS» тобы, Аяжан Нұрмаханбетова. Жеңімпаздарға Гран-при, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтарын берді.

Айта кетейік, Түркістан облысының 5 жылдығына және Республика күніне арналған фестиваль мақсаты – төл музыканы, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Ән арқылы әлемге халқымыздың музыка мәдениетінің сан алуандылығын паш ету. Ұлы Дала елінде туындаған шығармаларда айқын сақталған музыкалық ерекшеліктерді көрсету. Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды насихаттау.

Биыл Түркістан облысының құрылғанына тура 5 жыл толып отыр. Президент жарлығымен 2018 жылдың 19 маусымында жаңадан Түркістан облысы құрылған болатын. Бұл тарихи шешім өңірге жаңа серпін берді және жан-жақты даму мүмкіндіктеріне жол ашты.

Осынау аз ғана уақыт ішінде өңір өзгерістерді басынан кешіріп, облыс орталығы түлеп, жаңаша кейіпке еніп үлгерді. Тарихы тереңде жатқан шаһардың жаңа дәуірі басталып, жүздеген нысан бой көтерді. Бес жылдық белестің қарсаңында, облыс басшылығының қолдауымен өңірімізде бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бір айғағы - «Түркістан облысына бес жыл – бес әдеби сапары» шарасы Қызылорда қаласында өтіп, Шымкент қаласында жалғасты. Рухани-мәдени шара аясында қаламгерлермен кездесу ұйымдастырылып, өңірден шыққан ақын-жазушылар облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлының бастамасымен іске асып жатқан «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына өз үлесін қосты.

Сондай-ақ, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту мақсатында сәуір-шілде айлары аралығына жоспарланған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында әр аудан, қаланың мәдени күндері өтті. Аталған мерекелік шара бүгінде шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын арттырды. Бұдан бөлек, мерекенің мән-маңызын айшықтау мақсатында 16-18 маусым күндері «Алтын сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі өтті. Ал, 17 маусым күні Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясы композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндерімен өрнектелген «Менің Қазақстаным!» атты ән кешін ұсынды. Сондай-ақ бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған дәстүрлі халықаралық «Voice of Turan - 2023» қазақ әндері байқауы ұйымдастырылды.

Облыс орталығында жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды кеңінен дәріптейтін ұлттық ойындар, фестивалдер мен байқаулар, сондай-ақ қазақ әндері байқауы, гала-концерттер өткізілді. Бұл орайда, 17 маусымда Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай өткізілген «Балбырауын» күйшілер фестивалін атап өтуге болады. Сонымен бірге, тамыз айында «Арыс жағасында» ретрофестивалі мен «Ұлы дала дәстүрі» этнофестивалі, қыркүйек айында «Түркістан дауысы - 2023» республикалық эстрада әншілерінің байқауы, «Ән, жырым саған, Түркістан» атты Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының концерті т.б. кең ауқымды мерекелік іс-шаралар өткенін айта кетейік.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 208 рет