Бейсенбі, 11 Сәуір 2024 22:09

Түркістан: Шардара ауданында 200 орындық мәдениет үйі ашылды

Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты Жаушықұм ауылдық округінде мәдениет үйі пайдалануға берілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа мәдениет нысанына барып, жұмысымен танысты.

Өңір басшысына Шардара аймағынан табылған балбал тас пен жәдігерлер, Мәдениет үйінің үйірмелері мен кітапханасы таныстырылды. Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту үшін мемлекет тарапынан іргелі бағдарламалар қолға алынып отырғанын айтқан облыс әкімі Мәдениет үйін мазмұнды іс-шаралармен көмкеріп, руханият, мәдениет саласын дамытуды тапсырды.

Ғимараттың жобалық-сметалық құны – 443263 мың теңге. «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Ауданда «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Жаңа ғимарат ұлттық қор есебінен қаржыландырылған. Бас мердігер – «Өмірзақ» ЖШС. 0,5 гектар аумақты алып жатқан ғимарттың жалпы ауданы 1039,49 шаршы метрді құрайды. Халық игілігіне берілген Мәдениет үйінде би, домбыра, сурет үйірмесі жұмыс істейді. Онда арнайы мамандар қызмет етпек.

Одан соң өңір басшысы Дархан Сатыбалды Шардара қаласы, 4-шағынауданда жаңадан салынып жатқан 1200 орындық жайлы мектептің құрылысын бақылады. Нысанның конкурстық құны – 6 млрд. 57 млн. 223 мың теңге. Тапсырыс беруші мекеме – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.

Жалпы аумағы 3,74 гектарды құрайды. Мектеп құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Оған дейін де аяқталуы мүмкін.Қазіргі таңда ғимараттың жер бедерін тегістеу, нысан аумағын уақытша қоршау,іргетас шұңқырын қазу жұмыстары, іргетас бетондарын құю және іргетас шұңқырын көму жұмыстары толық аяқталып, 1 қабатттың колонналары 80% орындалды.

Бүгінде мектептің құрылыс жұмыстарына 70 жұмысшы мен онға жуық техника жұмылдырылған. Бас мердігер мекеме – «Integra Construction» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Құрылыс алаңына арнайы барған облыс әкімі мердігерлерге сақтық шараларын сақтауды, жұмыстарын сапалы, әрі уақытылы аяқтауын тапсырды.– Мектептің құрылысы өте сапалы әрі жоспарға сай салынуы тиіс. Балаларымыздың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Жалпы ауданда 33 мектеп бар. Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шардара қаласында да бір мектеп салынуда.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 178 рет