Сәрсенбі, 22 Мамыр 2024 13:15

Шымкент: «Ана тілі және отбасы – 2024» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы мен қалалық Білім басқармасының Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Ана тілі және отбасы – 2024» қалалық білім беру мекемелері арасында байқау өтті. 

Бұл байқау Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Дәстүрлі түрде өткізілетін шара биыл 6-шы рет өтті. Білім беру мекемелерінің, яғни мемлекеттік тілді жетік меңгерген барлық жастағы этнос өкілдерінен құралған топтар қатысатын шара, алдымен мектепішілік кейін қалалық деңгейде болған. 22-30 сәуір аралығында мектептерге барып, өнерлерін тамашалаған қазылар алқасы үздік деп таныған 11 мектептің өнерпаздарына финалдық кезеңге жолдама берген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылардың өнерін бағалау кезінде ата-аналардың белсенділігі мен өзге этнос балаларының қатысуы айрықша ескеріліпті. Байқауға бірі ата-әжесімен қатысса, енді бірі әке-анасымен, тағы бірі аға-әпкесінің қолдауымен сынға түсті. Байқау ережесіне сәйкес қатысушылар 5 кезең бойынша бас сынаған. Әрбір мекеме «Ерте, ерте, ертеде...» деп қазақ халқының ертегілерін айтып, арықарай өз туындылары сахналап, «Тыйым сөздер – тәрбие көзі» тақырыбында қазақ халқының ырымдары мен тыйым сөздерін айтты. Ал «Салт-дәстүр – асыл қазына» шартында қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы туралы тың ақпараттармен бөлісті. «Мақал-мәтелдер даналыққа бастайды» шартында мақал-мәтелдер, нақыл сөздерден, «Өнерліге өріс кең» кезеңінде қазақтың ұлттық өнері яғни ән, би, өлең оқу, т.б айтудан бақ сынады. Сахнада нағыз өнер майталмандарындай жоғары деңгейде көрініс қойған оқушылар мен ата-аналар көпшіліктің ықыласына бөленді. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты да осы болған.

Оқылды 382 рет