Сәрсенбі, 29 Мамыр 2024 10:25

Ақын Ханбибі Есенқарақызы шымкенттік жастармен кездесті

Бүгін Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті шаңырағында халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының «Сөзі сара, жолы дара Ханапа» атты рухани кеш өтті.

 

«Айтатыным, жазатыным – тек шыным, Елден, жұрттан жасыратын жоқ сырым» деп жырлаған ақынның кеші ақынның өмір жолынан қойылған бейнефильммен басталып, университеттің шығармашыл, өнерлі жастары қойылымдар көрсетіп, ақын жырлары жатқа оқылды. Өз кезегінде Ханбибі Есенқарақызы кеш ұйымдастырушылары мен оқырмандарына өзінің қиындығы мен қызығы мол еңбек жолын баяндады. Руханиятқа толы әңгімелерін айтып, келген қонақтарға жылы лебізін жеткізді.

Ханбибі Есенқарақызының мерейтой кешінде көрерменнің жаны жырмен әлдиленді. Ақынның өлеңдеріне жазылған «Алтынай», «Гүл көңіл», «Нурикамал», «Дос іздедім» сынды әндері жиынды айшықтай түсті. Жырға шөліркеген жандар бір сәт поэзия әлеміне саяхаттап қайтты.

Әр сөзі алдаспан рухтан, ағыл-тегіл жүректен шығатын батыр мінезді ақынның ойы тың, жаны әрнеге алаңдаулы.

Бүгінгі кездесу мен үшін ерекше. Өйткені осы оқу орнының дәлізінде табанымның талай ізі қалған. Арада осыншама жыл өткеннен кейін мені әлдилеп, аялап, кейінгі ұрпақпен кездесуге шақырғаны улкен бақыт. Бұл жер мен үшін «қара шаңырақ», – дейді ыстық ілтипатқа бөленген ақын.

Мархабат Байғұт ағамыз: «Ханбибі өлеңде кейіпкерлерін де, өзін де алдамайды» депті Ханапа жайында. Рас, «Жалған сөздің жарлығын, Жалп еткізіп, сөндірдім...» деп өлең жазған ақын қыздың жаны адалдыққа жақын, жағымпаздыққа қас. Кеште жастарға да адалдықты ту етіп, жасандылықсыз, еңбекпен мақсатқа жетуді өсиет етті.

Кеш әдемі сыр-сұхбатпен жалғасты. Жастар ақынға өнер жолы, өмір жолы жайлы сұрақтар қойып, әдебиет пен мәдениет жайында әңгіме өрбітті.

Поэзия мен прозаны қатар алып жүрген Ханбибі Есенқарақызы 14 көркем әдеби кітаптың авторы. Қарымды қаламгердің өлеңдері бүгінде орыс, украин, қырғыз, өзбек, якут тілдеріне аударылған. Оның «Алтынай», «Нүрикамал», «Қадиша», «Дос іздедім» «Махаббат-өмірлері» сынды өлеңдеріне ән жазылып, халық арасында кеңінен таралған.

Кеш иесі әсерлі өткен салтанатты іс-шара соңында жиналған көпшілікке алғысын білдіріп, көрсетілген құрметке ешқандай марапаттың тең келмесін жеткізді.

 

Оқылды 145 рет