Байқауды облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і ұйымдастырды. Аталған байқауға облыстың аудан, қалаларынан 12-16 және 17-25 жас аралығындағы өнерлі этнос өкілдері қатысып, жанды дауыста бақ сынады. Жастарды патриоттыққа үндеген байқауды «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың негізгі мақсаты - Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын жүзеге асыруға, талантты жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету, өнердің мәдени имиджін көтеруге атсалысу сондай-ақ, этнос өкілдеріне қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін насихаттауға бағытталған.
Өнерлі жастар сайысына мәдениет саласының үздігі Асылхан Темірхан, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов, «Ақжайық» музыкалық өнер мектебінің директоры Сырым Айсынов және Конгресс Холл көпсалалы кешені іс-шара ұйымдастыру бөлімінің маманы Венера Исламғалиева қазылық етті.
Байқау нәтижесінде 12-16 жас аралығындағы сайыста Кентау қаласынан қатысқан Диана Жалалова бірінші орынға лайық деп танылды. Сонымен қатар Валерия Гадецкая (Сайрам ауданы) жүлделі ІІ орынды, Ахунжан Усман (Түркістан қаласы) ІІІ орынды иеленсе, арнайы жүлде жетісайлық Элина Букаеваға бұйырды. Ал 17-25 жас аралығындағы сайыста кентаулық Севара Ахмиддинова І орын иегері атанды. Сондай-ақ Мухридин Шарафов (Созақ ауданы) жүлделі ІІ орынды, Юлдуз Бектемирова (Сауран ауданы) ІІІ орынды еншіледі. Бұл сайыста арнайы жүлде сарыағаштық Далер Ташметовке берілді. Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр.
Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына айрықша мән береді. Мұны оның халыққа арнаған Жолдауларынан да байқауға болады. Яғни, өзінің баяндамаларының барлығында әрқашан да елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығын айрықша атап өтіп отырады. Сондықтан, елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!
Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады.
Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады.
Қиыр Шығыс, Күнгей Кавказ, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ арнасынан және өзге де елдерден жаппай жер аударулардың арқасында елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп, өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақтары қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Қазақстанның кең-байтақ жерін игеру, тың және тыңайған жерлерге түрен салуға қатысты ұрандатқан жылдары мыңдаған жастар Қазақстанда өз жаңа Отандарын тапты. Қандай мақсатта болмасын, елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет.Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбіреулер Қазақстан Республикасын құру мүмкін емес деген болжамдар айтып жатты. Олардың мұндай «диагноз» қоюына республиканың көп ұлтты болуы себеп болса керек. Тіпті, елімізге қатысты «көп ұзамай ұлтаралық жанжалдар туындайды» деген болжамдар да айтылды. Әлбетте, мұндай негізсіз, дәйегі жоқ болжамдардың барлығы барша халықтың еліміздің ертеңіне, ұлтымыздың болашағына, күдікпен қарауға себеп болды. Тәуелсіздік алған жылдары талай жұрттың елімізді тастап көшкені соның дәлелі.
Алайда, соның өзінде елімізде қалған сан түрлі этнос өкілдері жетерлік еді. Сондықтан, осынау аумалы-төкпелі кезеңде еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасты, конфессияаралық жағдайды тезірек қолға алу қажет болды. Жағдайды тез бағдарлап үлгерген Мемлекет билігінің ұзақ жылдарға арналған, стратегиялық саясатының арқасында көздеген мақсатымызға жете білдік. Осы жылдар ішінде ел бірлігі бұзылған емес. Еліміздің бұл бағыттағы ұстанымы алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз.
Осы орайда атап айта кетер жайт, еліміздің этносаясатын күшейту, ел бірлігін нығайту бағытындағы елеулі қадам 2008 жылы жасалды деуге болады. Осы жылы қабылданған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы көп мәселелердің шешілуіне түрткі болды. Аталмыш маңызды құжатта еліміздегі барлық этнос өкілдерін біріктірудің маңызды негізгі мақсаттары мен ұлттық бірлікке жету міндеті қойылған. Тұтастай алғанда, этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімге қатысты мемлекеттік саясатты жүргізудің нәтижесінде бұл салада саяси-құқықтық үлгі қалыптасты. Бұл үлгіде жергілікті халықтар, яғни, қазақтар мәдени-тарихи өркениетті өзек ретінде көрініп, мемлекет құраушы негізгі ұлт ретінде танылған.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат