Бейсенбі, 14 Қараша 2019 15:44

Түркістан қаласындағы көптің көңілін күпті еткен нысан бұзылды

Көпшіліктің көңілін күпті еткен Түркістандағы «Шаңырақ» монументі бұзылды. Естеріңізге салсақ, әлеуметтік желіде жұрттың талқысына түскен бұл нысанды, әсіресе, «Фейсбук» белсенділері иісі қазақ қасиет тұтқан шаңырақтың төңкерілуін жаман ырымға балаған болатын. 

Иә, дастарқандағы наны мен үйге кіреберістегі аяқ киімді теріс қоюды оғаш көретін қазақ үшін шаңырақтың шалқайып жатуы салт-дәстүрге бейжай қарағандық емес. Осыны ойға алған қала әкімі Рашид Аюпов желідегі пікірлерді ескеріп, нәтижесінде тиісті сала мамандарына нысанды бұзу туралы тапсырма берді.

Бұл ретте«Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-дан 14 жұмысшы жұмылдырылып, аталмыш мекеме басшысының орынбасары Мұрат Орынбаев бұзу жұмыстарына арнайы 8 техника көмегімен екі апта ішінде толықтай аяқталады деп жоспарланып отырғандығын алға тарты. Қолда бар мәліметке сүйенсек, алдағы уақытта монумент орнына ұзындығы 37, ал ені 15 метрді құрайтын қарау мұнарасы (смотровая башня) бой көтермек. Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының ресми ақпары бойынша қаланы тамашалауға арналған жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде.

Айта кетейік, шаңырақ бейнеленген мүсін авторы — Насыр Рүстемов.  Құрылыс қарқыны бір жылға жуық уақытқа созылған нысанның лентасы 2009 жылы қиылған-ды. Он жыл бойы бұрынғы Есім хан алаңының символы болған монументтің биіктігі 27 метр болатын.  

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 948 рет