Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 13:15

Түркістандағы Күлтөбе қалашығында археологиялық қазба жұмыстары басталды

Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи - мәдени қорық-музейінің маңызды объектісі - Күлтөбе қалашығында археологиялық қазба жұмыстары басталды. Биыл тарихи орынды зерттеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарына ерікті жастар да атсалысады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ЖШС қолға алған жоба «ERG» корпоративтік қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асуда. Жоба үш жылға, яғни 2019-2021 жылдарға жоспарланған. 27 га аумақты алып жатқан қалашықтың қалпына келтіру жұмыстары әр жылға 9 гектардан бөліп қарастырылған. Түпнұсқалық кескінді қалпына келтіру үшін ежелгі Түркістан қалалық сәулет өнерінің маңызды архитектуралық үлгілері болып саналатын, ерекше қорғалатын нысандар анықталған. III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған әйелдердің зергерлік бұйымдары, ертедегі және орта ғасырдағы кремиканың түр-түрі, діни мазмұндағы ежелгі кітаптар (Құран кітабы болуы мүмкін) табылған. Жоба барысында табылған барлық құнды археологиялық олжа зерттеліп, каталогы жасалып, қалпына келтірілмек. Бұл табылған заттар Сармат-Каңғы дәуірінің бұрын табылған ежелгі цитаделімен қатар, II-XIX ғасырлар аралығында Күлтөбе тарихи-мәдени ландшафтының негізгі төрт кезеңін нақты ажыратуға мүмкіндік береді.

 2020 жылы археологиялық зерттеулерге сәйкес №2 учаскеде тиісті жұмыстар жүргізілмек. Айта кетейік, Күлтөбе қалашығында алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары 2010 жылы белгілі қазақстандық ғалым Ерболат Смағұловтың (1952-2019) бастамасымен жүргізіле бастаған. Кейін археологтар Күлтөбе – Ясы (Түркістан) қаласының ең ежелгі бөлігі екенін анықтаған.

 

Оқылды 683 рет