Түркі әлемінің тұлғасы Қожа Ахмет Ясауи тарихын қайта түгендеу, балалық шағынан бастап шәкірттеріне дейінгі толыққанды мәліметтерді топтастыру, тың деректер іздеу мақсатында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен қолға алынған «Ясауи ізімен» тарихи-деректі экспедиция Созақ өңіріне барды. Әулиелер мен түркі жұртына тамыр жайған тұлғалары бар, 500-ден аса тарихи, киелі, шежірелі орындар мен кесенелерге бай Созақ ауданы әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің тарихымен де тығыз байланысты.
«Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тарихы жайлы білгенімізден білеріміз әлі де көп. Ясауидің ізімен жүріп ата-анасы мен бабаларынан бастап тарихын зерделеп, шәкірттеріне дейінгі мәліметтерді тереңдей зерттеу, іздестіру - алдымызға қойған басты мақсатың бірі. Ясауи десе көк күмбезді кесенені ғана елестетіп қоймай оның шыққан тегін, тарихи тұлғалармен байланысын да білуі абзал. «Ясауи ізімен« тарихи-деректі жобасының да көздегені осы. Ясауи ілімі де қаншама елге таралған. Алдағы уақытта Ясауи жолымен жүре отырып, ауқымды дүниелерді топтастыруымыз тиіс»,- дейді «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Экспедиция мүшелері ең бірінші кезекте дала түріктеріне Ислам дінін ең алғаш таратушылардың бірі, Мұхаммед ( с.ғ.с.) Пайғамбарымыз бен Әзірет Әлінің тікелей ұрпағы болып келетін, елдің мәдени, рухани өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан Ысқақ баб кесенесіне барды. Ал, бүкіл Түркі дүниесіне әйгілі Қожа Ахмет Ясауи Ысқақ баптың кіндігінен тараған ұрпағы саналады.
Қожа Ахмет Ясауи тарихымен байланысты сырлы Созақ өңірінде жерленген тұлғаларға қатысты зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Алдағы уақытта тарихшы-шежіреші қариялар мен өлкетанушылардың мәліметтері және түрлі жазба деректер жинақталып, арнайы кітаптар мен деректі фильмдер даярланады. Сондай-ақ, Ясауидің ұстаздары мен Қазақстандағы және 20-ға жуық елге таралған шәкірттері жайлы зерттеу жұмыстары жалғасын табады.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат