Байқаудың мақсаты: ұлы ғұлама Әбу Нәсір әл-Фарабидің өмір жолы мен шығармашылығын дәріптеу, баба мұрасын насихаттау арқылы өскелең ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру.
Байқауды Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директоры Махашов Жанкелді Меңлібайұлы мен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директорының кеңесшісі, археолог-ғалым Алдабергенов Нұртаза Орынханұлы алғы сөзбен ашып, байқауды ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіре келе, үміткерлерге сәттілік тіледі.
«Ұлағаты мол ұлы ұстаз», «Ойлы болсаң, озып көр!», «Баба еңбегі – ұрпаққа мұра» атты үш кезеңнен тұратын бұл байқауға ауыл округтері бойынша 12 үміткер қатысты. Байқауға өлкетанушы, этнограф, Руханият Әбу Нәсір әл-Фараби музейінің негізін қалаушы Абдулла Жұмашев, Халық ақыны, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері Әселхан Қалыбекова, Отырар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айнагүл Рыскелді сарапшылық жасады.
Сарапшылардың шешімі бойынша байқауға белсене қатысып, өздерінің қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете білгені үшін Темір ауыл округінен келген Алдаберген Диас - І орын, Отырар ауыл округінен келген үміткер Жұмабек Әсел – ІІ орын, Көксарай ауыл округінен келген Салыхан Назерке - ІІІ орын және арнайы сыйлықтармен марапатталып, барлық қатысушыларға дипломдар мен алғыс хаттар тапсырылды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат