Жексенбі, 28 Ақпан 2021 19:52

Түлкібас: Даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының мерейтойына орай сахналық қойылым өтті

Аудандық мәдениет үйінде карантиндік талаптарды ескере отырып қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой палуан, қалың жұртшылық арасында «күш атасы» атанып кеткен, қазақ халқының мақтанышы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Мұңайтпас Мұқан» атты сахналық новелланың премьерасы өтті.

Облысымызда алғашқы өткен шараға аудан әкімінің орынбасары мен зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысып, даңқты палуан бабамыздың өмірінен үзіндіні тамашалады. Тарихи кезеңнің атмосферасына енгендей әсер алды.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген. Жас кезінен алпауыт күшке ие болған жігіттің аты қазақ даласына тез тарала бастайды. Көп ұзамай оны Ленинград циркіне жұмысқа шақырады. Цирк сапында жүріп дүйім жұртқа әйгілі болып, әлемдегі әйгілі Париж, Нью-Йорк, Лондон, Токио секілді қалаларда өнер көрсетті.

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен аудандық мәдениет үйінің директоры А.Үсеноваға облысымыздың «ҮЗДІК ЖЫЛ ДИРЕКТОРЫ» дипломын табыстап, мәдени кеште өнер көрсеткен «Мақталы» театрының ұжымына алғысын білдірді. Мәдени шараны аудан тұрғындары әлеуметтік желі арқылы да тікелей эфирде тамашалап отырды. Ісшара барысында даңқтты палуан туралы кітаптар мен суреттер көрмесі ұйымдастырылды.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 732 рет