Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанда тұрып жатқан этностардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін құрметтеу, олардың мәдениетаралық үлгісін көрсету, қоғамда халықаралық келісімді және тұрақтылықты нығайту.
Масленица – қыспен қоштасып, көктемді қарсы алу мерекесі. Сондай-ақ, Масленицада өткізілген рәсімдер Көктемнің Қысты жеңуіне ықпал етеді деген сенім қалыптасқан. Дәстүр бойынша масленицада жақын адамдар бір-бірінен жыл бойына келтірілген қолайсыздық пен реніштері үшін кешірім сұрайды.
Орыс драма театрының ғимаратында өткен масленицада қаладағы 15-ке жуық өнер ұжымы, балалар ансамбльдері көрерменге мерекелік бағдарлама ұсынып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бұл күні түрлі сахналық көріністер, ұлттық билер, хор әндері шырқалып, балаларға жұмбақтар жасырылды, сыйлықтар таратылды. Славян әдебиетінің частушка жанры да орындалды.
- Бүгін - Көрісу күні. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Әз Наурыз елімізде 10 күн бойы атап өтіледі. Шымкентте де осы онкүндікте 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Әрине, барлық санитарлық талаптар сақталады. Сол сияқты славян халықтарының Масленицасы да - көктем мерекесі. Баршаңызды жыл басымен құттықтаймын, - деді Шымкент қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Манатбек.
Мерекелік шара барысында театр фойесінде шымкенттік қолөнершілер мен шеберлердің туындылары көпшілік назарына ұсынылып, көрме ұйымдастырылды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат