Рухани кешті аудан әкімі Бағлан Батыршаев ашып, өңірден түлеп шығып, Алаштың аманатын арқалап жүрген Ордабасы ауданының Құрметті азаматы, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталған, Моңғолияның «Шыңғысхан» медалінің иесі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, жерлес ақын, сазгер Әкім Ысқақтың әдеби кешіне құттықтау сөзін арнады.
Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, мейірімділікке баулитын ақынның шығармаларын аудан жұрты тұшына оқитындығын тілге тиек еткен аудан әкімі, кеш қонағы Әкім Ысқақтың деніне саулық, шығармашылық табыс тіледі.
Өз кезегінде туған өлкеге үлкен толғаныспен, сағынышпен келген жерлес ақын, аудан жұртына ыстық сәлем жолдап, аудан әкімінің рухани саладағы бастамаларына әрқашан қолдау білдіретіндігін жеткізді.
«Әкімнің ән әлемі» атты кездесу кешіне ҚР Президенттік оркестрінің әншілері әннен шашу шашса, мектеп оқушылары мен ақын оқырмандары өлеңдерін жатқа оқыды. Кеш соңы ақынмен сырласуға ұласып, жыр сүйер қауым ақынға сұрақ қойып, тағылымы мол жауап алды.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат