Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің ескерткіші екі метрлік гранит тұғырдың үстіне орнатылды.
Салтанатты іс-шараға қала тұрғындары мен Алматыдан келген бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Мұрат Әуезов пен Д.Қонаевтың немере інісі Дияр Қонаев, генерал Аман Шабдарбаев, қоғам кайраткері Сәбетбек Еркінбай, ғылым докторы Алуа Таңжарықова, Қонаевтың жеке дәрігері болған Ахат Әминұлы және жазушы, қоғам қайраткері Серғазы Есімбетов сынды елге танымал тұлғалар болды.
Алқалы жиында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова сөз сөйлеп, Д.Қонаевтың тұтас еліміздің, сонымен бірге Арыс қаласының дамуына қосқан үлесі зор екенін айтты.
«Біз бүгін ел игілігі үшін ерен еңбек еткен ерлердің есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында осындай салтанатты шарада бас қосып тұрмыз. Бұл біз үшін зор мәртебе», – деді Г.Құрманбекова.
Әлемдік деңгейдегі классик жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов та арыстықтардың қуанышына ортақтасты.
«Дінмұхамед Ахметұлы жалпы адамның құнын білетін жан еді. Біз Арысқа жеткенге дейін оның ұлы адам екенін еске түсіріп келдік. XX ғасырда қаншама қиындық көрген қазақ үшін, біздер үшін, біздің мемлекетіміз үшін осындай тұлғаның болуын Жаратқанның жомарттығы деуге болады. Ал енді Арыс қаласына 65 жыл деп айтылғанымен, оның көне тарихы тереңде жатыр. Қонаевтың Арысқа пана болғаны белгілі. Бүгінде оның мүсіні Арыс қаласында бой көтеруі ертеңгі болашағымыз, бүгінгі бүлдіршіндеріміз үшін зор үлгі, өнеге деп ойлаймын», – деді М.Әуезов.
Айта кетейік, ұлт мақтанышына айналған ұлы тұлғаның ажары айшықталған мүсінді Арыс қаласының тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинашев сыйға тартты. Мүсін екі метрлік граниттік тұғырдан тұрады, оның үстінде Д.Қонаевтың бюсті орнатылған. Тұғырға баратын жол тас төсенішпен өңделген. 10 орындық, 14 жарықшам, 2 прожектор орнатылып, айналасына шым отырғызылған. Сквердің жалпы ауданы 750 шаршы метрді құрайды.
«AQ-QARA.KZ-ақпарат»