Бейсенбі, 16 Желтоқсан 2021 16:52

Түркістан төрінде Қазыбек бидің ескерткіші ашылды

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесіне орай Түркістан қаласында қазақтың біртуар қайраткері, тарихи тұлға – Қазыбек би Келдібекұлының ескерткіші ашылды.

Ескерткіш «Қаз дауысты Қазыбек би» қорының демеушілігімен, Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылған. Еңселі ескерткіштің жалпы биіктігі – 8 метр, мыстан құйылған. Авторы – танымал мүсінші, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Бексейіт Күзембеков.

Түркістандағы Қазыбек би көшесіндегі «Қазыбек би» аллеясынан бой көтерген ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері, тарихшылар және бидің ұрпақтары келді. Салтанатты іс-шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Қазақ хандығының нығаюына елеулі үлес қосқан Қазыбек бидің тарихтағы орны ерекше екенін айтты.

– Біз бүгін қос бірдей айтулы күннің құрметіне бас қосып отырмыз. Оның алғашқысы – Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі. Бүгінгідей керегеміз кең, босағамыз бүтін заманда күн кешуіміз – Тәуелсіздік сыйлаған тыныштық пен тұрақтылықтың арқасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірімізді Түркістан облысы деп атап, оның орталығы ретінде тарихи Түркістанды белгілеуі – Тәуелсіздіктің жарқын жеңісі деп білемін. Сонымен қатар рухани шаһар төрінде Қазыбек би бабаамыздың еңселі ескерткіші бой көтеруде. Ұлы тұлға бейнесінің Түркі жұртының мәдени-рухани орталығында бой көтеруі – заңдылық. Оның алғашқы себебі – Қазыбек би Келдібекұлының Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленуі. Қазақ руханиятының жандануына өлшеусіз үлес қосқан Қазыбек би бейнесі өскелең ұрпақты ізгілікке бағыттайтын бағдары болады деп сенемін, – деді С.Қалқаманов.

Салтанатты жиында Қазақ елінің тұңғыш ғарышкері, «Халық қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалымқайыр Мұтанов және Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген құттықтау сөз сөйлеп, қазақтың ардақты биі туралы ой қозғап, Түркістан төріндегі игі істі жоғары бағалады. Игі іс-шарадан кейін даңқты баба рухына арналып ас берілді.

Сонымен бірге осы күні Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың мәжіліс залында «Қаз дауысты Қазыбек би: тұлға және тарих» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Конференцияда Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев қатысушыларды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құттықтау хатын оқып берді. Ескерткішті салуға үлес қосқан «Қаз дауысты Қазыбек би» қорының өкілдеріне естелік сыйлық пен алғыс хаттарды тапсырды. Сонымен бірге конференция барысында елімізге танымал профессорлар мен ғалымдар Қазыбек би Келдібекұлының тарихтағы орны, оның мемлекетті қалыптастырудағы еңбегі, тұлға мен Түркістан арасындағы байланыс туралы құнды деректерді қамтып, баяндама жасады. «Қаз дауысты Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Пернебай Досымбек Түркістан төріндегі оң өзгерістерге, тұлғаларды құрметтеу бағытындағы бастамаларға ризашылықтарын білдірді.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 487 рет