Жұма, 24 Желтоқсан 2021 21:47

Семейде Аяз атаның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті

Семей қаласында Аяз атаның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақтық коммуникациялар қызметінде Абай атындағы театрдың және Ф.Достоевский атындағы «Дариға-ай» театрының өкілдерімен баспасөз мәслихаты өтті.

Актерлер үшін осы жылдағы ең қуанышты жаңалықтардың бірі - карантиндік шектеулердің жеңілдеуі болды. Енді театр залдарының 80%-ы көрерменге толады.

«Карантин кезінде көптеген интернет жобаларды қолға алдық. Алайда бұл бәрібір театрдай болмайды. Театр дегеніміз – актер пен көрерменнің қарым-қатынасы. Бізге келген әр адамды көреміз, естиміз, сеземіз. Спектакльдің өтуі көп жағдайда көрерменге байланысты. 2021 жылы ұжымымыз Көкшетауда өткен халықаралық фестивальға қатысып, Рачи Махатаевтың «Ертең соғыс болды» атты қойылымымен бас жүлдені жеңіп алды», - деді Ф.М.Достоевский атындағы театр актері Андрей Глушков.

Келесі жылы Абай атындағы театрда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы аясында «Қаракөз» спектаклі сахналанбақ.

Алматыдан режиссер шақыртылады. Сондай-ақ Жаңа жыл мерекесінен кейін Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған жаңа қойылымға қатысты жұмыстар басталады.

Баспасөз мәслихатында Аяз ата болып киінген Ф.М.Достоевский атындағы театр актері Федор Любецкий семейліктерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Ол 42 жыл бойы Жаңа жылдың бас кейіпкерінің рөлін сомдап келеді.

«Баршаңызға бейбіт өмір, шынайы махаббат тілеймін. Жаңа 2022 жылда армандарыңыз орындалсын. Ең бастысы – денсаулықтарыңыз мықты болсын. Аспанымыз әрдайым ашық болып, еліміз өркендей берсін!», - деп құттықтады Федор Любецкий.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 1428 рет