Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Мемлекеттік тілдің болашағын назардан тыс қалдырмаған ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі.»,- деп ерекше атап өтті. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен «Қазақстан халықтарының тілдер күні» 5-қыркүйек болып жарияланды. Бұл қазақ тілі әліппесінің атасы, қазақ лингвистикасының негізін салушы Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен тұспа-тұс келуі де тегін емес. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл»,- деп ұлағатты сөз қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының биыл туғанына 150 жыл толып отыр. Қасиеті терең, құнары мол қазақ тілін өз мәнінде қолданып, жат тілге тәуелді болмай болашақ жас ұрпаққа жеткізу азаматтық парызымыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Тіліміздің мәртебесі биік, абыройы асқақ болсын!»-дей келе ауданымыздағы қазақ тілінің дамуына атсалысып жүрген бір топ азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
Ұлты басқа жүрегі бір, түрі басқа тілегі бір, демекші Шәмші әндерін ғана емес халқымыздың небір тамаша әндерін нақышына келтіре шырқайтын, ұлты болгар Геннадий Стоматов әннен шашу шашып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр сәуір айында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында «қазақ тілін дамыту үшін шаралар қабылдау қажеттігін» атап өтіп, бірақ бұл процесс «өзге тілдер мен азаматтарды алалау мақсатында жүзеге асырылмауы тиіс» дегенін білесіздер. «Тарих және этникалық ерекшеліктер тұрғысынан алғанда Қазақстан көптілді мемлекет. Бұл біздің артықшылығымыз. Дегенмен мемлекеттік тіл қазақ тіл екенін есте тұтып, қазақ тілінің мәртебесін нығайту үшін шара қабылдау керек» - деді сол кезде Тоқаев.
Ол аталмышсессия барысында сондай-ақ, орыс тілінің де «ерекше орны» туралы айтқан болатын. «Мен өзім Біріккен Ұлттар Ұйымында істегенмін. Мемлекетте ұлттық бірлікті қолдау қаншалықты маңызды екенін білемін. Бұл әсіресе, көп этносты, көп ұлтты мемлекеттерге қатысты. Мемлекеттік тілде керемет сөйлейтін азаматтарымызға құрметпен қараймын және оларды қолдау керек деп санаймын. Тілге қатысты дискриминацияға [жол бермеу керек]. Конституциямыз бұл мәселеге анық жауап береді: мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бірақ Конституциямызда орыс тілі де лайықты орынға ие. Сол себепті осыдан бастайық» деді Тоқаев.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»