Биыл қазақ музыка өнерінде шоқтығы биік "Дос-Мұқасан" тобы 55 жылдығын атап өтуде. Осыған орай Шымкент қаласындағы "Наурыз парк" сауда орталығының кинозалында «Дос-Мұқасан» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Премьераға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, зиялы қауым өкілдері, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты.
–«Дос-Мұқасан» фильмін түсіруге «Богемская рапсодия» фильмі түрткі болды. Осындай туындыны Қазақстанда түсіру үлкен арманым еді. Ұжыммен бірігіп, осы жобаны қолға алдық. Түсірілім барысында "Дос-Мұқасан" тобындағы Досым Сүлеев және Мұрат Құсайынов ағаларымыз кеңесін беріп, қасымызда жүрді. Кино қазақтың рухын көтеріп, сол заманның атмосферасын сезіндіре алдық деп ойлаймын, - деді фильмнің бас продюсері Айгүл Байбек.
Аты аңызға айналған топ жайлы «Дос-Мұқасан» атты көркем фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық киноны қолдау орталығының тапсырысымен 2020 жылдың қысында басталған. Фильмнің шығуына 60-тан астам маман және 50 актер қатысқан. Айдын Сахаманның режиссерлігімен таспаланып шыққан жанр ұлттық өнерге сәйкестендіріп түсіріліпті. Онда талантты жастардың өнері мен өмірі, бауырмалдығы мен алғашқы махаббат оқиғасы бейнеленген. Сонымен қатар 60 жылдардағы киім мен шаш үлгісіне дейін ерекше мән беріп, ұқсастыра білген.
– «Дос-Мұқасан тек қана ансамбль емес, қазақ музыка өнерінің кеңес кезіндегі қазақ жастарының тарихы. Тек музыканттардың бірлестігі емес, халқымыздың сол кездегі ар-намысы деп баға берсе болады. Шынайы өмірді бейнелеген кино көрерменнің жүрегіне жол табады деп ойлаймын. Шымкенттіктердің атынан ұжымға алғыс айтқым келеді,- деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан фильмнің тұсаукесерінен соң.
Көрсетілім соңында көрермендер ду қол шапалақпен, фильмнің көңілдерінен шыққанын жеткізді.
Айта кетейік, түсірілім 3 жыл уақытқа созылған. Қазақстанның түрлі қаласында түсірілген бұл жобаға еліміздің белді театр әртістері іріктеліп алынған. «Дос-Мұқасан» фильмінің жабық көрсетілімі бұдан бұрын Астана, Алматы қаласында өткен болатын.