Жұма, 07 Қазан 2022 20:11

Түркістан: Қазыбек бидің 355 жылдығына арналған қалалық ғылыми практикалық конференция өтті

Тіліміздің құңдылығы мен байлығын көрсетіп, ғасырлар бойы жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан Қаз дауысты Қазыбек бидің 355 жылдығына арналған «Қаз дауысты Қазыбек бидің қазақ қоғамындағы орны мен рөлі» тақырыбында Адами әлеуетті дамыту бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің әдіскері Тоғжан Кенжебаеваның ұйымдастыруымен және қалалық «Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Досыбеков Пернетай мырзаның, ~14 Қазыбек би жалпы орта мектебінің директолы Сүлейменова Жақсыкүл апайдың қатысуымен қалалық ғылыми практикалық конференция өз деңгейінде, жоғары дәрежеде болып өтті. Конференцияны мектеп-лицей директоры Өсербаева Гүлбану Шәріпбекқызы ашып берді.

Өткен ғасырларда өшпес із қалдырған Қазыбек би туралы оқыған жері, алған білімі туралы нақты деректер жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін әз-Тәуке Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Табиғатынан зерек, алғыр бала білімді ортада кемелденген. Естігенін, көргенін зердесіне тоқып, шешендік қабілеті де ерте ашылған.

Сол арқылы айналасындағыларды еріксіз елең еткізіп: «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз»,-деп жастайынан ел ісіне араласады!

Олай болса, бүгінгі ғылыми практикалық конференцияға қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен әр мектептің бейіндік ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Ғылыми практикалық конференция барысында қара қылды қақ жарып, әділ билік айтқан билердің игі істері, бойындағы қасиеттері жылдар бойымен ғасырларға айналып, құңды мұраға ұласқан би-шешендердің ішінде Қаз дауысты Қазыбек бидің өмірі мен шешендік өнеріне, нақыл сөздеріне байланысты №4мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байжұман Гүлжан «Көсем сөздің қас шебері –Қаз дауысты Қазыбек би» тақырыбында, №14 жалпы орта мектеп мұғалімі Жұмабек Қанат «Қазыбек бидің нақыл сөздері» тақырыбында, №28 мектеп-лицейінен Әмәлият Арқалық «Қазыбек би және қазіргі қазақ қоғамы» тақырыбында баяндамалар оқылды.

Дана бидің шешендігін бойларына сіңіріп, ұғынып жүрген шәкірттеріміз Қазыбек бидің шешендік сөздерінен көркем сөз оқыды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары «Қазыбек бидің ханға келуі» тақырыбында сахналық көрініс көрсетті.

Құндылықтарымызды қастерлей отырып тереңдету, оған сүйіспеншілікті қалыптастыру - отаншылдық пен патриотизмді оятады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржанбаева Жұлдыз апай «Ұлттық құндылық бабалар мұрасында» тақырыбында коучинг өтті.

«Қаз дауысты Қазыбек бидің қазақ қоғамындағы орны мен рөлі» тақырыбындағы мұғалімдер арасында қалалық ғылыми практикалық конференцияны қорытындылау «Адами әлеуетті дамыту бөлімінің» қазақ тілі мен әдебиет пәні әдіскері Кенжебаева Тоғжанға берілді. Сонымен қатар, қалалық «Қазыбек би» қоғамдық қорының алғыс хаттарымен конференцияға қатысушы мұғалімдерді марапаттады.

Даналығы мен зеректігі биік ұлы тұлғаның 355 жылдық мерейтойы өз деңгейінде, жоғары дәрежеде өтті.

Оқылды 314 рет